Жайқалған жасыл желек – Алматының сәні. Күні кеше экология жанашырлары Алатау ауданында ағаш алқабының аяусыз оталғанын айтып, желі арқылы жұртшылықтың жанайқайын жеткізген еді. Көп ұзамай жағдайға түсінік берген қала билігі заңсыз әрекетке барғандар қылмыстық іске тартылғанын мәлімдеді.
Алматы әкімдігі «Qazaq Stroy Almaty» компаниясы тұрғын үй кешенін салу үшін ағаштардың бір бөлігін кесуге қолданыстағы заңнамаға сәйкес рұқсат алғанын атап өтті. Алайда ағаш кесу кезінде құрылыс компаниясы тағы 170-тен астам ағаш пен 40 шақты бұтаны заңсыз отап, жалпы алғанда 216 жасыл желекті жойып жіберген.
«Осыған байланысты Экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасы мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы және табиғатты қорғау полициясының қызметкерлерімен бірлесіп, келтірілген залалды есептейтін жасыл желектерді тексеру актісін толтырды. Анықталған факті бойынша Алматы қаласы Алатау ауданының полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 340-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады», деп хабарлады әкімдік.
Өз кезегінде аталған құрылыс компаниясы 2023 жылғы маусымнан бастап «Мемлекеттік қызметтер» порталы арқылы (Elicense.kz) Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасына тұрғын үй кешені құрылысының аумағындағы ағаштарды кесуге рұқсат алу үшін 6 рет өтінім бергенін айтады. Дегенмен барлық өтінімге ұсынылған материалдарда жасыл желектер туралы ақпараттың мазмұны бар сараптама қорытындысының болмауы себебінен ағаштарды кесуге рұқсат берілмеген.
Десе де құрылыс жүргізуші компания өткен жылдың желтоқсан айында тиісті сараптама қорытындысын қайта ұсынып, мамандардың оң шешімін алған. «Ағаштарды кесуге рұқсат беру мемлекеттік қызмет болып табылады. Сондықтан қажетті құжаттар ұсынылған жағдайда ағаштарды кесуге рұқсат беруден бас тарту мүмкін емес», деп мәлімдеді Алматы әкімдігі.
Экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасы кесуге рұқсат берілген 2 797 ағаштың өтемі ретінде 27 970 жасыл желек отырғызылатынын айтты. Басқарма сонымен қатар 100 дана көлеміндегі жасыл желекті басқа жерге отырғызу жөніндегі жұмыстарға келісім берген. Басқармадағылар бұл жұмыстардың жасыл желектерді күтіп ұстау және қорғау ережелерінің барлық талабына сай жүзеге асатынына сендірді.
Ал өз кезегінде Санжар Боқаев бастаған қоғам белсенділері Алматы әкімдігі аталған жағдайға байланысты әрекетсіздік танытып, құрылыс компаниясының мүддесі үшін жасыл желекті жоюға жол берді деп сынға алып отыр.
АЛМАТЫ