Мәжіліс депутаты, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Максим Рожин Алматы облысына жұмыс сапары барысында Жамбыл ауданында орналасқан «Алтын қадам» өндіріс ошағының тігіншілерімен жүздесті. Олар Әділетті Қазақстанды құру ісіндегі әйелдер рөлін талқылады.
Қазіргі таңда тігін фабрикасында 100-ден аса адам жұмыспен қамтылған. Тігін цехы негізінен мемлекеттік және шетелдік тапсырысты орындайды. Бүгінде ресейлік теміржол қызметкерлеріне арнайы киімдер тігіп жатыр. Қызметкерлердің орташа еңбекақысы 150-200 мың теңгені құрайды. Ондағы жұмысшылардың 95 пайызы нәзік жандар.
Кездесуде халық қалаулысы Максим Рожин гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, қыз-келіншектердің құқығын қорғау және отбасылық құндылықтарды нығайту мәселесі әрқашан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарында екенін атап айтты.
«Президент ана мен баланы қорғау, отбасы тәрбиесі мен отбасылық құндылықтар мәселесіне ерекше көңіл бөліп келе жатыр. Айналып келгенде, мемлекеттің де басты тірегі бақытты, тату-тәтті отбасы. Сондықтан отбасындағы ізгілік, адамгершілік, сыйластық қарым-қатынасты берік сақтау маңызды. Мұның құндылығын сіздерден артық ешкім білмейді. Қазақтың қыздары отбасын да, Отанын да тең тербеп отыр», деді мәжілісмен.
Кездесу барысында фабрика өкілдері өздерінің жұмыстары жайында айтып, шикізатқа байланысты өзекті мәселелер барын алға тартты, толғандырған сұрақтарын қойды.
«Қазіргі заманғы нарықтық сауда жүйесінің міндеті – сөрелерде отандық өнімдердің тұрақты түрде қолдау тауып, сатылымда болуы өте маңызды. Отандық кәсіпорындар мемлекет тарапынан қолдау тауып та келеді. Бірақ біз шығаратын өнімдердің шикізаты Қазақстанда жоқ. Сондықтан басқа елден алдыртамыз. Ал сол тауарлардың 30 пайыз салығын біз кеден бекеттеріне төлеуге мәжбүрміз», дейді фабрика өкілі Әмина Қанашаева.
Тараптар өңірдегі өзекті мәселелерді және оларды заң жүзінде шешу жолдарын талқылады. Мәселенің анық-қанығына жеткен мәжілісмен бұл мәселені өз бақылауына алатынын жеткізді.
Жұмысшылар өңірде мұндай тігін фабрикалар кейінгі уақытта қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, мемлекеттік сатып алулар заңы аясында шетелдік емес, отандық өнімнің неғұрлым көбірек сатылу тетіктері қарастырылса деген тілектерін білдірді.
Алматы облысы