• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан 11 Қаңтар, 2024

«Хат қоржын»

92 рет
көрсетілді

Рухани байлық – жан азығы

Қазіргі уақытта адам баласы материалдық жағынан еш қиындық көріп отырған жоқ десем, артық айтқандық емес. Бірақ, өкінішке қарай, рухани құндылықтар тұрғысынан дәл солай дей алмасақ керек. Өйткені бүгінде кісілік, бедел тек материалдық құндылықтармен өлшенетін болды. Мәселен, кімнің қалтасында ақша көп болса, содан асқан пенде жоқ. Әлеуметтік желіге суретін салса, астына мыңдаған лайк басылып, комментарийлер жазылады. Жарық дүниенің қожайыны нақ сол секілді.

Алайда бұл өмірдің бақыт кілті тек байлықта ғана емес дер едім. Адам баласы қанша жерден бай болсын, атағынан ат үркетін, жан дүниесі қаңырап бос тұрса, тынышсыз күй кешетіні күмәнсіз. Әлбетте, әр адам өз өмірін қандай жолмен алып өтетінін өзі біледі, бірақ біржақты кетуге болмайтынын түйсігімен сезінуге тиіс. Тек қана байлық пен мансапты мақсат тұтқандар рухани жағынан аш қалатыны сөзсіз. Ал рухани аш адам – кембағал адам.

Өз басым рухани байлықтың бір саласы дін дер едім. Себебі ол адами қасиеттерді бойтұмар ете отырып, адамның мінезін жұмсартады, қатайып қалған жүрегін жылытады, өмірінің әр сәтіне шүкіршілік қылып, қанағатшылдық сезім қалыптастырады. Сондай-ақ адамдармен жақсы қарым-қатынаста болуға, үлкенге – ізет, кішіге – құрмет көрсетуге, ата-анасына қызмет етуге, әрбір тірі жанның хақысын жемеуге, жұмысын адал атқаруға үндейді.

Осы орайда ардақты Пайғамбарымыздың хадисін еске түсірейік: «Адам баласының екі сай толы малы болса да үшіншісін қалап тұрады. Адам баласының қарнын топырақтан басқа еш нәрсе толтыра алмайды». Бұдан шығатын қорытынды біреу-ақ: көзіңнің тірісінде мансап пен байлыққа құныға берме. Ол опа бермейді. Қанағатшыл бол, яғни барға қанағат ете біл. Өзіңді мүмкіндігінше рухани тұрғыдан байыт. Хакім Абай да өз өлеңдерінің бірінде: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас. Рас сөз ешуақытта жалған болмас. Көп кітап келді Алладан, оның төрті Алланы танытуға сөз айырмас», дейді.

Ал сөзімнің тоқетерін айтар болсам, жан дүниемізді материалдық байлықпен қатар, рухани азықпен де толтырып отыруға ұмтылайық. Төрт құбыламыз тең болғанға не жетсін!

Әнуар КӨШЕРБАЙ

 

Атырау облысы

 

 

Бәсекелі маманның бәсі

Жаһандық өзгерістер, алмағайып әлем және әлеуметтік-мәдени трансформация дәуірінде білім беру ордаларының рөлі аса маңызды. Бұл тұрғыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті біліммен инновацияның үздіксіз көзі ретінде ерекшеленеді.

Жаңа міндеттер әлемінде университеттің «Педагогика және білім беру менеджменті» кафедрасы болашақ мұғалімдерді дәстүрлі құндылықтарды инновациялық әдістермен ұштастыра отырып заман талабына сай дайындап, сонымен қатар батыл шығармашылық шешімдер қабылдауға шабыттандыратын кеңістікпен қамтамасыз етеді. Осы орайда бірегей бағдарлама – «Инклюзивті білім беруді медициналық-педагогикалық сүйемелдеу» ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистратура оқу бағдарламасын айта кеткен жөн. Бұл бағдарлама магистранттарды инклюзивті білім беруде медициналық және психологиялық-педагогикалық қолдап отыру үдерісін заңнамалық-құқықтық нормалар мен халықаралық тәжірибе негізінде жүргізуге үйретеді. Сондай-ақ педагогикалық үдерісті жүйке жүйесі ауруларымен ауыратын, көру, есту, зияткерлік қабілеттері төмендеген, қимыл-қозғалысы бұзылған балаларға ыңғайлап ұйымдастыруға баулиды.

Кафедра тек теорияға ғана емес, практикаға да ерекше көңіл бөледі. Дөңгелек үстелдер, шеберлік сабақтары мен оқу жобалары, ғылыми конференциялар, сайыстар – студенттік өмірдің ажырамас бөлігі. Бағдарлама магистранттарға халықаралық ортада шыңдалуға, дүние жүзіндегі әріптестерімен тәжірибе алмасуға және жаһандық серіктестік орнатуға мүмкіндік жасап отыр. Ал кафедрасының мақсаты – белсенді азаматтық ұстанымы бар, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін азаматтарды тәрбиелеу.

Перизат ЖАНҰЗАҚОВА,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистранты

 

АЛМАТЫ

 

 

Курста көп нәрсе үйрендік

Өткен жылы қазанда И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжі базасында «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы ұйымдастырған «Орта білімнен кейінгі білім беру педагогтерінің кәсіби құзыреттілігін дамыту бағдарламасы» курсына қатыстық.

Бағдарлама педагогтің тұлғалық және кәсіби ерекшеліктеріне, педагогикалық іс-әрекет үшін таңдайтын тәжірибелері мен әдістеріне, ең бастысы, кәсіби және адами ұстанымына бағытталған. Ал мақсаты – техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары педагогтерінің кәсіби құзыреттілігін жетілдіру, оқыту қызметі мен техникалық және кәсіптік білім жүйесін жаңғыртудың негізгі бағыттары бойынша инновациялық білім беру технологияларын енгізу, білім беру бөлімдері мамандарының тəжірибелік дағдыларын қалыптастыру жəне дамыту.

Бағдарламаның негізгі міндеттеріне келсек, оқу бағдарламасын әзірлеуде педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруды, білім алушыларды оқытуда педагогикалық технологияларды қолдану дағдыларын дамытуды, педагог кадрларды даярлауды жүргізетін мамандық бойынша білім мен оқыту дағдыларын, сондай-ақ кәсіпорындар/ұйымдар базасында бейін бойынша білім мен практикалық дағдыларды жетілдіруді көздейді.

Өзіме келсем, курс барысында басқа дағдылармен қатар, білім алушылардың нәтижеге жетуі үшін сабақ барысында қолданылатын құрастырушы құралдар мен әдіс-тәсілдерді үйрендім. Атап айтқанда, Learning Apps, Word oll, Padlet, Quizlet және тағы басқалары. Алдағы уақытта оқып-үйренгендерімнің бәрін жұмыс барысында пайдаланатын боламын. Тәлімгеріміз Роза Абайдуллаевадан алар тәжірибем де аз емес.

Мәншүк ТӨЛБАЕВА,

Смағұл Ысқақов атындағы Құрылыс және бизнес колледжінің өндірістік оқыту шебері

 

ҚЫЗЫЛОРДА