Дүниеде бар жаратылыс мүлдем жоғалып кетпей, тірі пендемісің, жан-жануар, құрт-құмырсқа болсаң болды, уақытың келгенде өліп барып қайта тірілетініңе шүкіршілік.
Бір заманда мен де пенде болып жаратылғанмын. Қауым болып қауымдасып тірлік ететінбіз... Білетінім – тас дәуірі артта қалып, «айналайын темірден алғашқы құрал-сайман сайлап, біз аңнан емес, аң атаулы бізден қашып-пысып жүретін заман болатын.
Ол дәуірге де шүкіршілік. Бұйырған жасты жасап, арман-мақсат қойып өмір сүретіндей кезең болмаса да, жарық дүние сыйлаған Жаратушыға риза кейіппен дәм-тұз біткен күні жазмышқа мойын ұсынғанбыз.
Енді, міне, Алла жар болып, «кезегім келіп», тағы да жарық дүниеге келуімнің орайы келіпті... Пенде емеспін бе, жаратылатыным анық, не де болса деп Жаратушыға алдағы ғұмырда «өйте көріңіз, бүйте көріңіз» деп жалбарынып бақтым.
Сондағым, алдымен ғұмыр жасты ұзарта көріңізші дедім. Содан соң, тамақ атаулыны талғамай-ақ бұйыртыңыз, құрт-құмырсқа, шөп-шаламға дейінгілер менің үлесімде болса дедім. Тағы да жаурап қалтырамайын, негізі – жауым жоққа жуық болып, аш көздердің қанша қармағына ілінсем де оларға нәпақа болудан сақтаса деп тіледім. Жүре де білсем, қажет болғанда қауіп-қатерден құтылып кетердей қанат бұйырса, артық етпес деп тәубеге келдім...
Жалбарынғанымды жаратушы қабыл алып... пәлекеттікі, қарға болып жаратыла қалмасым бар ма?! Кінә өзімнен! Алдымен адам ете гөр демеген өзім... Адам болмағаныма өкінгенмен, ал өтініш-тілегімді қабыл еткен жаратушыға айтарым жоқ... Тағам талғамаймын. Мұндағылар: «Қарға айтыпты – боқ жаман емес, жоқ жаман» дейтін көрінеді. Тәубе, жейтінім алдымда, жемей кергитінім онан да көп... Мұндағылардың: «Қарға қаңқылдап кетті, күн суытып қар түсетін шығар» дейтіні бекер емес... Көбіне қалғып-мүлгіп тал-теректе отырамын. Керек кезде төменге түсіп талтаңдап жүріп кеп те беремін. Қауіп-қатер аз, етім «арам қатқыр» дәрежесінде болғандықтан, ана әдірем қатқыр мысық болмаса, мені еріккендер де ермек ете қоймайды. Ойхой, қанат бітіргені қандай ғажап!.. Қауіп-қатерді қапы қалдырады... Бағытым Балқан тау болса да бара аламын... Ең ғажабы, ғұмырымның ұзақтығы... Үш жүз жылдай жасайды екенмін!..
Ал айналама көз салсам... Пенде, яғни адам етіп жаратпағанына тәубе! Кей-кей тірлігіне өрем жете бермес, ал олардың құлқын үшін таң азаннан кеш батқанға дейінгі тепең-тепең тірлігін көріп түңілемін. «Қарға қарғаның көзін шұқымайды». Ал пендең біздің кезіміздегі адамдардай емес, тірлік үшін бірін-бірі өлтіруден тайынбайды. Көбі аш-құрсақ, тағам үшін атыс-шабыс, қылмыс... Қит еткен қылмыс үшін қамалып темір торда отырасың... Табиғатты бітірген. Тау-тасты қопарып, өзен-көлді лайлап, түтінмен тұмшаланып алған... Ері қайсы, әйелі қайсы біліп болмайсың. Бір-екі баламен бітеліп, күн өткен сайын тұқымы құрып құрдымға кетіп жатқан елді мекен... Қайсыбірін айтайын, осындай-осындай оспадарлығына бола аз күнде топан су қаптап тіршілік атаулы тып-типыл болатын көрінеді... Өз басым ондай бола қалғанда, айналайын қанатымның арқасында қалықтап ұшып жан сақтар алып шыңның төбесінен табылармын.
Айтарым, мына замандағы адамның көргенін пенде басына бермесін... Адам етпей, қарға етіп жаратқан жаратушыма құлдық!..
Берік САДЫР