Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алдым, аспирантурасында, докторантурасында ғылым іздедім, ассистент, оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, оқу ісі жөніндегі проректор қызметтерін атқардым. Бүгінде университет жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтында директормын. Саналы ғұмырымның жарты ғасыры университет аудиториясында өтті. Мен үшін университеттің өзі де, аудиториясы да, оқытушы-профессорлары мен қызметкерлері де ардақты, аурасы ізгі, білімі мен ғылымы аяулы. Менің университетім – өмірімнің осындай қасиетті қазынасы.
Қазақстан тәуелсіз жаңа мемлекет ретінде қалыптасып, түрлі бел-белестерден өтті, мемлекеттік басқарудың барлық саласы бойынша жетістіктерге жетті. Осы жетістіктердің баянды, игілікті болуына Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті зор еңбек сіңірді. ҚазҰУ ұлттық жоғары білім мен университеттік ғылымның жаңа жүйесін қалыптастырып, дамытуда, заман талабына сай инновациялық өнім өндіруде, халық шаруашылығы үшін жоғары білімді, жоғары білікті мамандар даярлауда, Қазақстанның интеллектауалдық әлеуетінің қарыштап өсуі, елдің ынтымағы мен бірлігінің нығаюы жолында ерен еңбегімен дараланды.
1993 жылдан 2000 жылға дейін филология факультетінің деканы болып еңбек еттім. Тәуелсіз Қазақстанның жоғары білім беру жүйесіндегі өзгерістерге сай университетте филологиялық білім беру ісінің нормативтік құжаттарын жасауға тура келді. Бұл айтуға оңай, ал іс жүзінде ұжымның бірлескен шығармашылық еңбегін, күш-жігері мен ақыл-ой қуатын талап еткен үлкен міндет еді. Факультет ұжымы бұл міндетті талапқа сай орындады.
2001-2008 жылдары университеттің оқу және әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры болып жұмыс істедім. Оқу ісінің сапасын арттыруға, университеттің білім беру қызметі саласында Сапа менеджменті жүйесін жасау мен өндіріске енгізуге зор көңіл бөлдік. Жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім беру деңгейлері бойынша мемлекеттік үлгідегі диплом жобасы жасалды. Ол тиісті мемлекеттік атқару жүйесінде белгілі тәртіпте бекітілді.
2009 жылдан бері қарай Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор қызметін атқарып келемін. Осы уақыт ішінде Абай ғылыми-зерттеу институты толық қалыптасып, өз дамуының жаңа кезеңдеріне қадам басты. Институттың ғылыми-ақпараттық ресурстары қалыптасты. Абай институтының вебсайты ашылып, онда Абайдың шығармалары, өмірі мен шығармашылығы туралы жазылған еңбектер жинақталды. Институт қызметіндегі елеулі жетістіктерді насихаттау ісі кең өріс алды. Үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) жұмыс істейтін сайтта тәулігіне екі мыңға жуық ақпараттық ресурс оқылатын болды.
Жарты ғасырымды есігін ашып, аудиториясына кіріп, өзім білім алып, білім өндіруге, жастарға білім беруге арнаған университетіме, білім берген ұстаздарыма, қатар қызмет еткен замандастарыма, кейінгі ізденімпаз жастарға шексіз құрметімді білдіремін.
Жанғара ДӘДЕБАЕВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор