Театр әлемі қыз-қыз қайнап жатпаса, оның несі өнер? Әр күн сайын ізденіске із салған ұжымдардың аяқ алысын бақылау да өз алдына қызық. Осы орайда еліміздегі жетекші өнер ордаларының бірі «Астана опера» театрына хабарласқан едік. Театр директоры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров ұжымның жаңа жылға арналған жоспары, «Астана операның» мәдени орта қалыптастырудағы рөлі мен келешектегі қойылымдары, алдағы гастрольдік сапарлары және тағы да басқа жаңалықтары туралы айтып берді.
– Ғалым Алғиұлы, театрдың өз өкілі ретінде ұлттық театр өнерінің бүгінгі жай-күйіне, әсіресе, еліміздің рухани дамуын көтеру тұрғысындағы ахуалына қандай баға бересіз?
– Жалпы, еліміздің өнері барлық мәдениет мекемелеріне бай әрі сан алуан шығармашылық алаң құра отырып, рухани дамуды көтеруге оң ықпал етуде деп ойлаймын. Бүгінде өзінің қызықты ұзақ жылғы тарихы бар көне театрлар – Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры, М.Әуезов және М.Горький атындағы драма театрлары табысты қызмет етіп келеді. Филармониялар, хореографиялық училищелер мен академиялар да жемісті жұмыс істеуде. Еліміз жалпы әлемдік ауқымда көштен кейін тұрған жоқ. Көптеген театрларға арналып жаңа ғимараттар салынып, ұжымдар белсенді шығармашылық өмір сүруде. Мәселен, «Астана опера» – салыстырмалы түрде жас театр болғанымен, әлемдік мәдени қауымдастықта әлдеқашан сұранысқа ие, сондай-ақ ол бүгінде еліміздің музыкалық-сахна өнерінің басты ордасына айналды. Ол елімізде болып жатқан жаһандық оң өзгерістер көрінетін өзіндік бір айна тәрізді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің еліміздегі мәдениет пен өнерді дамыту бойынша стратегиясын жүзеге асыру театрымыздың барлық маңызды жобалары қатарында.
– Жаңа жылдағы жоспарларыңыз қандай?
– 2024 жылы театрымыз шетелдегі гастрольдік турлар аясында тамаша қойылымдарды ұсынады. Балет труппасын Словения астанасы Люблянаға Халықаралық фестивальде өнер көрсетуге шақырды. Онда ұжым А.Хачатурянның аңызға айналған «Спартак» балетін орындайды. Ал опера труппасының әртістері Ресейдің Үлкен театрында өнер көрсетеді. Сонымен қатар биыл біз П.Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балеті мен С.Мұхамеджановтың «Айсұлу», Дж.Вердидің «Риголетто» операларының премьераларын көрсетуді жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, көптеген симфониялық және концерттік бағдарламалар дайындалу үстінде. Осылайша, театр әртістерінің кәсіби өсу қажеттілігін, сондай-ақ көрермендердің қызығушылығын ескере отырып, театр репертуары бұл жылы опера және хореографиялық өнердің неғұрлым танымал ұлттық және әлемдік туындыларынан құрылуына баса мән беріп отыр.
– «Астана опера» театры өз қызметінде не нәрсеге басымдық береді және алдына қандай мақсаттар қояды?
– Мен үшін театр өнер туындыларын ұсынатын орын ғана емес, сонымен қатар қоғамдық сананы қалыптастыратын алаң. «Астана опера» мәдени дамуға үлесін қосуда. Сондықтан біздің мақсаттарымыздың бірі – ұлттық классиканы дәріптеу, мәдени мұраны жаңа дыбыстау мен жеткізу түрлерімен байыта отырып, оны заманауи пайымдамада интерпретациялау. Бұдан бөлек, әлемдік мәдени қауымдастықтың интегралдық бөлігі болуға ұмтылып жатырмыз, ол жерде А.Жұбанов, Л.Хамидидің «Абай», Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» опералары сынды өзіміздің ұлттық классикамызды таныстыра аламыз. Сонымен қатар тағы бір мақсатымыз – дарындардың жаңа буынын тәрбиелеу, сол себепті біз жас әртістермен белсенді түрде бірлесіп әрекет етудеміз. Театр базасында Astana Opera Халықаралық опера академиясын құрып, оның тыңдаушыларына білім алуға және өз-өздерін жетілдіруге, біздің труппамен бірге сахнаға шығуға мүмкіндік бердік. «Астана опера» театрымен әріптестік жас әртістерге кәсіби өсу үшін ғана емес, сондай-ақ әлемдік ауқымда кеңінен танылу үшін де жол ашады. Академистердің алғашқы шығарылымы өте жақсы нәтиже көрсетті. Жастар көптеген беделді байқаулардан жеңіспен оралды. Оларды қазір шетелдік театрлар қойылымдарына қатысуға үздіксіз шақырып жатыр. Демек біздің таңдаған бағытымыз дұрыс болғаны. Әртістердің келешек буынының тағдырын ойлай отырып, біз сценографиядағы театр дәстүрлерін кімдердің қабылдап алатыны туралы да ұмытқанымыз жоқ. Сондықтан елімізде бірінші болып балаларға арналған театрлық қолөнер студияларын құрдық. Олар театрымыздағы балалар хор және балет студияларымен қатар жемісті жұмыс істеуде.
– «Астана опера» театрындағы қандай оқиға немесе жоба сізге ерекше қымбат?
– Қиын сұрақ, себебі біз әрбір жаңа жобаны бастағанда оған жанымызды, эмоциямызды саламыз. Барлығы ең жоғары деңгейде өтсе екен деп тырысамыз. Себебі өнерде ұсақ-түйек деген жоқ. Опералық және балеттік қойылымдар тәрізді неғұрлым ауқымды жобалар бар. Сонымен бірге театрымызда Piccolo театры жобасы аясында ұсынылған комедиялық опера секілді шағын көлемді жобалар да көрерменін үздіксіз қуантып келеді. Мұның барлығы да біз үшін өте маңызды. Өйткені осындай шығармашылық оқиғалардан біздің барлық жұмысымыз құрылады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»