Шымкент қаласында отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөнінде арнайы акция ұйымдастырылып, бұл іс-шара 16 күнге жалғасты. Мегаполисте есірткімен күреске де ерекше назар қойылып отыр. Осы атқарылған шаруалардың нәтижелеріне кеңінен тоқталған қалалық полиция департаментінің басшысы, генерал-майор Думан Таев елімізде отбасылық зорлық-зомбылық, балаларға қатысты қылмыстарға жазаның күшейтілгенін тағы бір еске салып өтті.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында да бұл мәселелерге ерекше тоқталды. Жалпы, отбасындағы зорлық-зомбылық, балаларға қатысты қылмыстардан туындайтын өзекті мәселелерді Мемлекет басшысы біраз уақыттан бері көтеріп келеді. Бұл қылмыстарға байланысты жауапкершілік те қатайды. Полиция өткен жылдың 1 шілдесінен бастап шағымның негізінде емес, қылмыстың анықталуы бойынша істі тіркейді», деді департамент басшысы.
Шаһардың бас полицейінің айтуынша, бүгінде ведомствоаралық өзара іс-қимылды жақсарту мақсатында бірыңғай тұжырымдама жобасы әзірленіп жатыр. Думан Таев полицияның 102 телефон нөміріне келіп түсетін шақыртулардың басым бөлігі отбасылық жанжалдар екенін де жасырмады. Бүгінге дейін қалада отбасында, тұрмыста жасаған құқық бұзушылықтар бойынша 1 904 адам Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабымен жауапкершілікке тартылған. Өткен жылы қорғау нұсқамасымен 5 469 адам есепке алынса, оны бұзған 196 адамға әкімшілік жаза тағайындалған. Сот қаулысымен отбасында ойран салған 308 адамға ерекше талаптар қойылды. Жыл басынан «маскүнем» есебінде тұрған 100 адам мәжбүрлі түрде емдейтін арнайы мекемеге орналастырылды.
Департамент басшысы Үкіметтің нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес былтыр 11 ай ішінде Шымкентте есірткіні анықтау фактілері 40 пайызға жоғарылағанын жеткізді. Полиция қызметкерлері есірткі заттарын аса ірі көлемде сақтаудың 12 дерегін, сонымен қатар есірткі дайындайтын 4 зертхананы анықтаған. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде заңсыз айналымнан жалпы салмағы 137 келі 651,6 гр есірткі тәркіленді.
«Синтетикалық есірткі қоғам үшін өте қауіпті. Осы орайда есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы 10 келі 527,1 гр синтетикалық есірткі тәркілеп, оның таралу жолын кесті. Сонымен бірге интернет желісінде нашақорлық препараттарды жарнамалаған 57 сайт «Кибернадзор» жүйесі арқылы бұғатталды. Балалар мен жасөспірімдерді нашақорлық шырмауынан сақтау мақсатында мегаполисте 300-ден астам насихаттық іс-шара өтті», дейді ПД басшысы.
Полиция генерал-майоры психотропты заттарды қолдану әсіресе қаланың түнгі клубтары мен мейрамханаларында жиі кездесетінін жасырмады. Осыған байланысты тәртіп сақшылары арнайы рейдтер ұйымдастырған. Соның бірінде «Паладиум» атты түнгі клубта өзімен бірге «меф» синтетикалық есірткі затын алып жүрген 2 күдікті құрықталды. Бір айта кетерлігі, полиция департаментінің тәулік бойы жұмыс атқаратын ойын-сауық орталықтары мен мейрамханалардың түнгі жұмыс уақытын өзгерту туралы ұсынысы қала әкімі Ғ.Сыздықбековтің төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссиясының отырысында толық қолдау тапқан.
Сондай-ақ қаланың бас полицейі мегаполисте қаржы пирамидаларына кіріп кеткен адамдардың көбейіп жатқанына алаңдаушылық білдіріп, бұл мәселенің себебі ретінде әлеуметтік жағдай мен жұмыссыздықты атап өтті. Бұл бойынша шаһарда полиция тарапынан алдын алу шаралары қолға алынған. Бұл шаралар интернет желісі немесе халықпен тікелей кездесу арқылы да жүзеге асып келеді.
Өз кезегінде негізгі реформалар жөнінде әңгімелеген департамент басшысы 2021 жылдан бастап қылмыстық істер үш буынды тәртіпте тергелетінін айтты. Бұл жүйе – прокуратура, тергеуші және сот. Тергеуші шығарған шешіммен прокурор келісуі немесе келіспеуі мүмкін. Ал тергеуші мен прокурорға байланысты шағымды сот қарайды. «Кейде прокуратура тергеушіге қысым көрсетеді деген әңгімелер естіліп қалып жатады. Бірақ мұндай жағдай полиция департаментінде болған жоқ», деген генерал-майор тергеуші процессуалдық жеке тұлға болғандықтан, оның жұмысына прокуратура қысым көрсете алмайтынын, тек қадағалауға құқылы екенін атап өтті.
Департамент басшысының мәлімдеуінше, құқық қорғау органдарына жасалып жатқан реформалардың түпкі мәні – Жаңа, Әділетті Қазақстан құру, қоғам алдында полиция қызметкерінің беделін көтеру. «Халықтың ескі санасында қалып қойған жазалаушы полицей бейнесі адамдарға көмектесуші әділетті, адал тәртіп сақшысы мәртебесіне ауысуға тиіс. Бүгінде патрульдік, учаскелік, ювеналдық полиция қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету жағынан ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Соның бір айғағы – қаладағы 32 учаскелік тірек пункті қызметтік автокөліктер, компьютер, басқа да техникалық керек-жарақтармен толықты. Департаменттегі жедел басқару орталығын қаланың «көзі» деп атауға болады. Алайда 2004 жылы салынған ғимарат ескі болғандықтан, биыл оны жаңалау жоспарланып отыр. Сондай-ақ Президент бастамасымен елімізде қолға алынған цифрландыру бағдарламасы аясында 102 жүйесі мен жедел жағдай орталығы да заман талабына сай жаңғыртылады», дейді Думан Таев.
Қазіргі уақытта интернет алаяқтық жиілеп кеткені рас. Әккілер ғаламторды пайдаланып, алаяқтықтың түрлі әдісін қолданып жатады. Қылмыстың осы әрекеттерімен күресу мақсатында департаментте «Киберпол» жедел-тергеу тобы жұмыс атқарып келеді. Интернет алаяқтардың жолын кесетін бұл арнаулы қызмет арнайы құралдармен толық жабдықталған. Дей тұрғанмен күн сайын дамып отырған ІТ технологияның мүмкіндігін еркін меңгерген алаяқтар адам ойына келмейтін қитұрқы әрекеттерді пайдаланғысы келеді. Бірақ департаменттің білікті мамандары олар құрған тұзақты да әшкерелеп жүр. Осы ретте генерал былтыр интернет алаяқтардың 9 қылмыстық тобы құрықталғанын, 26 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын атап өтті. Ал оның қабылдауында болған тұрғындардың 80 пайызы осы интернет алаяқтардың құрбаны болғандар екен. «Неге халық алаяқтардың оңай олжасына айналып отыр?» деген сауалға департамент басшысы: «Қаржылық сауаттың төмендігі мен жылдам табыс тапсам деген дәме», деп жауап берді.
Президент сөзінен мысал келтірген Думан Таев «Полиция қатарында жұмыс істеу үшін білім мен біліктіліктің болуы жеткіліксіз, тәрбие мен темірдей тәртіп те өте қажет», дегенді алға тартты. «Елімізде қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіпті сақтау үшін қызмет атқарып жүрген полиция қызметкерлерінің жұмысы оңай емес. Олардың күнделікті жұмыс күні қауіп-қатерге толы екенін халық біледі. Қай кезде болсын жанған оттың ішіне кіретін де, суға кеткендерді құтқаратын да, өзін-өзі өлімге қиып, көпқабатты үйден секірмекші болғандарды аман алып қалатын да полиция қызметкерлері. Кез келген оқиғаның басына бірінші болып полиция жетеді. Оны қарапайым жұрт әлеуметтік желілерден, жаңалықтардан көріп жүр. Қоғамдағы түрлі сыни пікірге қарамастан полиция қызметкері өз міндетін мінсіз атқара береді. Полицияның беделі қоғамда төмен деуге болмайды. Өйткені халық олардың жұмысының қиындығын жақсы біледі. Өздеріңізге белгілі кейінгі жылдары полиция «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында қызмет етудің сервистік моделіне көшті. Яғни ішкі істер органында полиция беделін көтерудің бірден-бір факторы – жұртқа жақын болу», деді Думан Таев.
ШЫМКЕНТ