Елімізде мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалтуға арналған қанатқақты жоба іске қосылды. Енді мүмкіндігі төмен баласы бар ата-аналар оңалту орталықтарына бармай-ақ мамандардың көмегімен өзі де оңалту шараларын істей алады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы және «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры еліміздің 4 өңірінде «Үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды QH оңалту» жобасын іске қосу туралы меморандумға қол қойды.
Бұл жоба жүйке жүйесінің аурулары мен тірек-қимыл аппаратының бұзылулары бар балалар санының динамикалық өсуі тұрғысынан өзекті болып отыр. Жоба мүгедектігі бар балалардың өмір сүру сапасын жақсартуға, сондай-ақ олардың оңалту әлеуетін арттыруға бағытталған.
«Қанатқақты жоба әзірге Абай, Қызылорда, Павлодар облыстары мен Шымкент қаласы қатарлы 4 өңірді қамтиды. Оны жергілікті Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығының филиалдары жүргізеді. Жобаның 1-кезеңі шеңберінде 4 филиалда оңалтудың техникалық құралдарын (ОТҚ) іріктеу үшін бөлімшелер ашылды. Онда құралдарды пайдалану, сондай-ақ мүгедектігі бар балалар мен олардың заңды өкілдері үшін қауіпсіздік техникасы бойынша оқыту жүргізіледі», делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.
Екінші кезеңде филиалдардың көпсалалы командалары мүгедектігі бар балалардың функционалдық жай-күйі бақылайды, сондай-ақ медициналық-әлеуметтік көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдер негізінде оңалтудың техникалық құралдарын ұсынады. Оқытудан кейін ұсынылған ОТҚ әр баланың жағдайына байланысты белгіленген курс кезеңінде үйде оңалту жүргізу үшін балаларға өтеусіз жалға беріледі. Жобаны іске асыру мүгедектігі бар балалардың қоғам өміріне еркін араласуына мүмкіндік береді және оларға кедергісіз орта қалыптастырады.