• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Еңбек 15 Қаңтар, 2024

Наубайхана несібесі

973 рет
көрсетілді

Күнделікті тұтынатын тамақтардың қатарында нанның рөлі жоғары. Нансыз қазаққа ас батпайды. Сондықтан оны кәсіп ретінде пайдаланған кез келген адамның өндірісінің ілгерілемеуі мүмкін емес. Бұл ретте жетісулық кәсіпкерлердің қарекетіне көңіл сүйінеді. Шағын наубайханасымен бүтін ауылды нанмен қамтамасыз етіп, мемлекеттің жәрдемінсіз-ақ табысқа кенеліп отырғандар бар. Ал кейбірі ауданнан ары асып, көрші мемлекеттің де сұранысына ие болған.

Әуелгі әңгімені Сарқан ауданынан бастасақ. Алмалы ауылының келіні, бірліктік Әсем Қалабаева өз кәсібінің нәтижесінде табысқа жеткен. Наубайхана жетекшісі Әсем Қалабаеваның негізгі мамандығы – сүт өнімдерінің технологі. Негіз­гі кәсібіне жұмыссыз кезінен кіріс­кен ол алдымен үйде отырып нан пісіре бастайды. Кейіннен тапсырыс көбейіп, наубайхана ашуды мақсат етеді. Бүгінде наубайхана нан өнімдерімен тек Сарқан ауда­нының ғана емес, көршілес Ақсу ауданының тұрғындарын да қамтып отыр. Ашылғанына 3 жыл болған шағын наубайханада 7 адам жұмыс істейді. 1 көлік жүргізуші және 6 нау­байханашы бар. 6 адам кезекпен нан пісіреді.

«Кәсібімді ең алғаш 2 қап ұнмен бастадым. Бір қап ұннан шамамен 130 бөлке шығады. Сарқан ауда­нынан бөлек Ақсу ауданының Қара­кемер, Қызылту, Қызылтаң, Сағабүйен, Қарашілік ауылдарын да нан түрлерімен қамтамасыз етіп отырмыз. Бізде нанның 5 түрі, тоқаш, жұқа нан, хотдог, лаком­ка сияқты түрлері де дайындалады. Наубайхана орналасқан үйді жалға алдық. Нан түрлерін әзір­лейтін Нұржамал Даутова, Раушан Қасымбекова, Светлана Кизилова, Татьяна Михайлова, Марлан Марат, Максим Сывович өз ісінің шебер­леріне айналды. Жаздың аптабы мен қыстың қытымыр суығына қарамай ыстық нанды тұтынушыларға жеткізетін Ерденбек Ілиясов есімді жүргізушіміз де өз ісіне берілген», дейді Ә.Қалыбаева.

Әсем бұл кәсіпке кездейсоқ келген жоқ. Ең алғаш тандыр нан пісіріп сатты. Қырғыздың тандыр нанын пісіріп, Сарқан мен Жансүгірдегі тұтынушыларға жеткізіп жүрді. Сол кезде үлкен наубайхана ашуды мақсат тұтты. Бірде нан таратудан қалтасында 16 мың қалған. Жалғызбасты ана 16 мыңға үйдегі 3 баласына тамақ немесе ұн аламын ба деген таңдау үстінде болғанын еске алды. Сол күні 16 мыңға 2 қап ұн алып, тәуекел деп кәсібін бастап кетті. Қазір тәулігіне 1 500 бөлке нан пісіреді. Содан ісі ілгері жылжыды. Осы кәсіптің нәтижесінде үйлі де болды, нан түрлерін таситын «Тойота Превия» автокөлігін де сатып алды. Өнім сапасы ұнға байланысты. Сол себепті оны арнайы Өскемен қаласынан алдырады. Тұтынушылардың талғамынан шығу мақсатында өнімнің санына емес, сапасына баса мән береді. Қасындағы Нұржамал мен Раушан әпкелері – кеңестік кезеңде осы салада еңбек еткен тәжірибелері мол жандар. Өзінің анасы сияқты ақыл-кеңестерін айтып, білмегенін үй­ретіп отырады. Наубайхананың көмегімен өзімен бірге 7 отбасының нәпақасын айырып отыр. Сондықтан Әсем Қалабаеваның бағындырар биігі, алатын асуы әлі де көбейе бермек.

Ал жаркенттік нанның жайы бөлек. Әсіресе пешке піскен тоқашы жоғары сұранысқа ие. Қай кезде де сырттан келген мейман еліне қайтарда тандыр нанын қоржынына толтыра алып кететінін байқап та жүрміз. Бүгінде тек Жаркент қала­сының өзінде халыққа арнап нан пісі­ретін 20-дан аса наубайхана жұ­мыс істеп тұр.

Көкталдық Ербосын Жолтықов – Жаркент өңіріндегі өз өндірісін өрге жүздірген табысты кәсіпкерлердің бірі. Ол бүгінде неміс технология­сымен жұмыс істейтін түрік пеш­тері орнатылған наубайханада тәулік сайын 2 тоннадан астам ұннан 20-ға жуық нан өні­мін пісіреді. Жаркент қаласымен қа­тар көршілес Ұйғыр, Кербұлақ аудан­дарының тұрғындарын ас атасымен қамтамасыз етіп отыр.

Кейінгі жылдары «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық халық­аралық орталығы» арқылы отан­дық өнімдерін Қытай нарығына да шығарып жүр. «Жолтықов» жеке кәсіпорны өндірген сапалы нан өнімдеріне тұтынушылар сұра­ны­сы жыл өткен сайын артқан. Бұған кә­сіпорында еңбек ететін 22 ең­бек­кердің өз жұмысына ерекше жауап­кершілікпен қарап, өндірген өнім­дерінің сапасын жоғарылататын технологияларды жетік меңгеруі негіз болған.

«Біздің наубайхана жұмысшы­лары екі кезекпен күн-түн демей еңбек етіп, тұтынушыға әр таңда пештен жаңа шыққан нан өнім­де­рін ұсынып келеді. Жұмыс барысында мамандарымыз барлық тех­нологиялық талапты сақтай оты­­рып, өнім сапасын түсіретін, тұ­ты­нушы талаптарына қайшы асығыс қарекеттерге жол бермейді. Кә­сіпорын іске кіріскен алғашқы күннен бері бізбен бірге жұмыс істеп жүрген мамандарымыздың біліктілігі тұтынушылар алдындағы беделіміздің жоғарылап, біздің өнімдерге сұраныстың артуына көп ықпал етіп отыр», дейді кәсіпорын басшысы.

«Жолтықов» жеке кәсіп­оры­ны­ның наубайханасы 2007 жылдан бері халыққа нан өнімдерін пісіріп сата бастады. Өткен ғасырдың тоқ­саныншы жылдарының соңында ауылдасы Аблиз Суфияновпен бірі­гіп, жеке кәсіпкерлікті қолға алған Ербосын сол кезеңнің сұранысына қарай алдымен өз ауылы Көкталда, көршілес Кербұлақ ауданының Шоқан ауылына диірмен салып, жергілікті халықты ұнмен қамта­ма­сыз еткен. Уақыт өте келе, елі­міздің солтүстік аймағында астық өсіру үрдісі жоғарылап, базарда ұн көбейген тұста Ербосын енді өнімді өңдеп саудалаудың кезеңі туындағанын түсінген. Көк­тал­дағы диірменнің жанынан алды­мен шағын наубайхана салып, алғашқыда жергілікті халық күнделікті тұтынатын кәдімгі бөлке, тоқаш нан пісіріп сатуды қолға алған. Жанына інісі Қазыбек пен қарындасы Әселді, жоғары білімді технолог мамандығын меңгерген қызы Мәдинаны алып, наубайхана өнімдерінің түрлерін көбейткен. Қазір «Жолтықов» наубайханасында пісірілетін әртүрлі нанмен қатар мерекелік дастарқанға арналған тәтті тоқаштар, диеталық нан түрлері өте көп. Түймедақ, ши­ра­тылған батондар, қалыптық бидай наны, сайка, қарабидай, кебек нандарына сұраныс жоғары.

Кәсіпкер мемлекеттік бағдарлама бойынша 40 млн теңге несие алып, төрт түрік пеші мен қамыр илейтін, дайын өнімді целлофан пакетпен орап тігетін қондырғылар сатып алған. Жан-жаққа дайын нан өнім­дерін тасымалдап, дүкендерге тарататын арнайы автокөліктердің санын көбейткен. Кәсіпорын жұмы­сы екі ауысыммен тәулік бойы нан өнімдерін дайындайды.

«Түрлі дәмдеуіш қосылып, иі қанып, дайын күлшеленген қамырды арнайы қондырғыда белгілі уақытта тындырып, содан кейін ғана пешке пісіруге қоямыз. Пештен пісіп шыққан нанды арнаулы орында суытып, кептіргеннен кейін ғана автокөліктерге тиеп, дүкен сөре­леріне жөнелтеміз. Өз ісін жетік мең­герген мамандардың жауап­кер­шілігі мен шеберліктерінде мін жоқ. Олардың арасында кәсіпорында ұзақ жыл еңбек еткен білікті мамандар Мөлдір Болатбекова, Нұргүл Қалиева, дайын нанды сауда орындарына тарататын жүргізушілер Нұрболат Бердібаев, Қуандық Орманбеков, Тайыр Исламов сынды еңбеккерлердің есімін аса құрметпен атағым келеді. Біздің мақсат – халық­қа сапалы ұн өнімдерін ұсынып, ел алғысын арқалау», дейді кәсіпкер.

Кәсіпорын жетекшісі Ербосын Жолтықов кәсіпорын жанынан кондитерлік цех жасақтап, сапалы өнімдерін көршілес Құлжа, Үрімжі қалаларына дейін таратуды жос­парлап отыр. Болашақта жеміс-жидегі мол аймақта табиғи сусын шығару ісін қолға алмақ. Отандық өндірісті өрістетуге атсалысып жүрген Ербосын Жолтықовтың да ісіне береке тілейміз.

 

Жетісу облысы