• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Экология 16 Қаңтар, 2024

Маңғыстау облысында мыңға жуық аққудың өлексесі табылды

164 рет
көрсетілді

Маңғыстау облысында қырылған аққулардың саны мыңға жақындап қалды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, өңірде 988 аққудың өлексесі табылған. Оның ішінде 20 шақтысы Қарақия өңіріндегі теңіз жағасынан байқалды. Бұл туралы аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының басшысы Ғаббас Досатов мәлімдеді.

Қарақия ауданының әкімдігі бұл ақпаратты растады. Аудан әкімінің орынбасары Асан Чукин тұрғындардың теңіз жағасына шығуына уақытша шектеу енгізілгенін айтты.

- Табылған қырылған аққудың барлық өлексесі жойылды. Арнайы комиссия құрылып, бекітілген іс-шаралар жоспарына сай жұмыс істейді. Қазір құстарды іздеу мақсатында жағалаудағы аумақтар тексеріліп жатыр. Адамдарға теңіз жағасына шығуға уақытша шектеулер енгізілді. Полиция қызметкерлері жағалаудағы аумақтарды патрульдеп, үй жануарлары ауруының алдын алу мақсатында тұрғындарға теңіз жағалауына уақытша бармау керек екенін ескертті, - деді Асан Чукин.

Оның айтуынша, Қарақия ауданында 2672 бас құс тіркелген. Құстарды вакциналау 2023 жылдың қыркүйегінде басталды. Бүгінде 80%-ына вакцина егілген. Алаңдаудың қажеті жоқ, бірақ қауіпсіздік шараларын сақтау маңызды.

2023 жылдың 27 желтоқсанында Маңғыстаудағы Қаракөл көлінің жағасынан 30 аққудың өлексесі табылған. Бұл туралы Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы хабарлады. Кейін Ақтау маңында 600 аққу қырылғаны белгілі болды.