Әдетте қаңтарда қыс қаһарына мініп, саршұнақ аяз тұрғындардың дегбірін қашыратын. Бұл – әрине, қысы қатал, жазы жылы болатын қоңыржай климаттық белдеуде орналасқан аймаққа тән құбылыс. Алайда биыл желтоқсанның кейінгі апталары мен қаңтардың бас кезінде оңтүстік былай тұрсын, солтүстік өңірлер күрт жылынғанын түсіне алмай, абдырап қалдық. Кейбір аймақтарда жауын жауғаны тіпті таңсық, тосын жағдай болды.
Ауа райы неліктен құбылып тұр?
«Қазгидромет» РМК-ның мәліметінше, қаңтар айында елдегі ауа райын көбінесе Атлантикалық циклондар және онымен байланысты атмосфералық фронттар айқындайды екен. Демек күннің бір мезгілде суытып, күтпеген жерден күрт жылынуы тегіннен-тегін емес. Мамандар мұндай өзгерістің салдарынан еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын жиілеп, солтүстік өңірлерде қар молынан түседі деседі. Ол ол ма, елдің бірнеше аймағында бұрқасын, көктайғақ мазаны алса, желдің ұйытқуы секундына 15-28 метрге дейін жетуі мүмкін. «Қаздидромет» РМК осыған дейін 3 қаңтардан бастап еліміздің солтүстік-батысында, солтүстігінде, орталығында және шығысында суық ауа массаларының ағынымен ауа температурасының қысқамерзімді төмендейтінін болжаған. Ал қаңтардың бірінші онкүндігінің екінші жартысында елдің солтүстігінде аяз басылып, түнде -5-тен -15 градусқа, күндіз -3-тен -8 градусқа дейін суық болды.
Қаңтардың бірінші онкүндігінің соңы, екінші онкүндігінің басында антициклонның күшеюімен түнде температура қайта -18-25 градусқа дейін төмендейді. Яғни бұл болжам дәл қазіргі сәтпен тұспа-тұс келіп тұр. Ал еліміздің батыс өңірлерінде қаңтар айының басында ауа температурасы түнде +3+5-тен 0,-10 градусқа дейін, күндіз шамамен -3+7-ден 0,-5-ке дейін төмендеген. Айдың екінші жартысында түнде -10-18-ге дейін, күндіз -3-10 градусқа дейін суытқан. Бұл аймақта бірінші онкүндіктің соңында ғана күн жылына бастайды деген болжам жасалыпты. Республиканың оңтүстік жартысында ауа температурасы түнде -5+5-тен -3-15 градусқа дейін, күндіз +5+10-нан -8+3 градусқа дейін құбылатыны болжанған-ды.
Консультативтік болжамға сәйкес қаңтардың екінші және үшінші онкүндіктерінде республиканың басым бөлігінде ауа райы жиі өзгереді деседі. Аязды күндермен қатар циклон және атмосфералық фронттар жиілеп қар жауады, бұрқасын күтіледі. Мұнымен шектелсе, мейлі дейсің. Алайда «Қазгидромет» мамандары еліміздің көптеген аймағында күннің күрт жылынатынын да алдын ала хабарлады. Ауа температурасы еліміздің солтүстік жартысы мен шығысында түнде -3-13-ке дейін төмендесе, күндіз -5+5 градусқа дейін жылынуы мүмкін. Ал оңтүстік жартысында және батысында түнде -5+5-ке дейін, күндіз +5+15 градусқа дейін жоғарылайды. Кейін солтүстік-батыс антициклондардың әсерінен күн қайта суытуы мүмкін. Бұл күндері ауа температурасы төмендеп, солтүстікте, шығыста және оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында түнде -22-30, ал күндіз -12-20 градусқа дейін төмендейді деп күтіледі. Ал еліміздің оңтүстік жартысында және батысында түнде -13-23, күндіз -3-13 градусқа дейін суытуы ықтимал. Жалпы алғанда қаңтар айында ел аумағында температуралық фон климаттық нормадан 1-2 градус жоғары болады деп күтіліпті. Осы аралықта жауын-шашын мөлшері елдің басым бөлігінде жылдағыдай қалыпты түссе, солтүстік-батыс жартысында, оңтүстік пен оңтүстік-шығыстың таулы өлкелерінде, тау бөктеріндегі аудандарда нормадан көп жаууы әбден мүмкін екен.
Шаруаға жайлы жыл болса екен
Ел аймақтарын күзгі бақылау нәтижесінде топырақтың қанағаттанарлық деңгейде ылғалдануы байқалыпты. Бұл егісте жаздық дақылдар өнімдірек болады дегенді аңғартады. Өкініштісі, бұл қатарда Батыс Қазақстан, Павлодар, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстары жоқ. Өйткені аталған аймақтарда күзде топырақтың ылғал қоры жеткіліксіз болған. Бүгінде елдің барлық аумағында уақыт сәтімен жауын-шашын қоры белгілі бір деңгейде жиналып жатқаны белгілі. Әсіресе елдің солтүстік жартысында жауын-шашын нормадан көбірек, тіпті кейбір өлкелерде жылдағыдан екі есе көп мөлшерде түскен. Ал оңтүстікте, оңтүстік-шығыста және оңтүстік-батыста керісінше, атмосфералық үдерістердің салдарынан жауын-шашын әдеттегіден азырақ түсіпті. Салдарынан елдің оңтүстігі мен шығысындағы көптеген аймақта қар көп жатпайды. Қалың қар таулы және тау бөктеріндегі аймақтарда байқалған. Бұл бір жағынан қысқы дақылдарға да белгілі бір деңгейде қауіп төндіреді екен. Бұл қалай десеңіздер, айталық. Мысалы, ауа температурасы -15 градустан да төменірек деңгейді көрсетіп әрі осы шақта жерде қар жатпаса, дақылдар қатып қалуы бек мүмкін.
Оңтүстік өлкелерде қыс айларында жауын-шашын көп түссе, топырақ ылғал қорын толықтыруға мүмкіндік береді. Бұл – әрине, оң фактор. Бірақ өсімдік шаруашылығында қазіргі емес, нақ вегетациялық кезеңдегі ауа райы маңызды рөл атқаратынын қаперден шығармаған жөн. «Қазгидромет» РМК-ның мамандары вегетациялық кезеңге арналған консультативтік ауа райы болжамы наурыз айының ортасында шығатынын хабарлады. Ал осы наурызға дейінгі аралықта елдің көптеген өңірінде жауын-шашын мөлшерден көбірек түсуі болжанғанын жоғарыда айттық. «Қазгидромет» РМК-ның тағы бір ресми мәліметіне жүгінсек, биыл қыста 2001-2002 жылдың қыс айларындағы сценарий қайталануы мүмкін. Яғни қыс жылырақ болып, жауын-шашын мөлшері нормаға жақын және одан да көбірек түсуі ықтимал.
Қазір ғалымдармен қоса халықаралық ұйымдар «аптап ыстық келе жатыр» деп дабыл қағумен шектелмей, шама-шарқынша жаһандық жылынудың себеп-салдарын бірлесіп еңсеруді ұсынады. Сын-қатерге қайыспай, керісінше қолайсыз ауа райына бой үйретіп, бейімделуге шақырады. Құрғақшылық пен су тапшылығының алдын алуда жаңа технологияларға иек артудың өзектілігін ескертеді. Халықаралық ұйымдардың бастамасымен климаттық өзгерістерді зерттеп жүрген белді ғалымдар жыл сайын бас қосып, тиімді шешімдер ұсынады. Сол шешімдердің бірқатары – ел үкіметінің назарында. Әрине, жоқтан бар жасау мүмкін емес. Бірақ барды үнемдеуге болады. Ойды түйіндесек, биыл қыс айларындағы қолайсыз ауа райы араға бірнеше жыл салып қайталанып тұратын өзгерістердің бірі ғана деп сенейік. Қала берді «Қазгидромет» мамандарының болжамына сай жауын-шашын көп түссе, нұр үстіне нұр. Осының есесіне әр өңірдің басшылығы су үнемдеуге бағытталған ауқымды жоба-жоспарын алаңсыз тиянақтап қалар.