Елімізде 1 қаңтардан бастап мобильді төлемдер мен аударымдар тексерілетін болды. Бұған қатысты қоғамда аздаған түсініспеушілік орын алып жатқаны байқалады. Әсіресе, әлеуметтік желілерде сатушылардың қолма-қол ақша талап еткені туралы әлі айтылып жүр. Алайда мамандар мұның заңсыз екенін айтады.
Жаңа жылдан бастап Салық кодексіне өзгерістер енгізіліп, кәсіпкерлерге бизнесті адал жүргізу және салықтан жалтармау талабы күшейтілді. Әрине, заң – халық пен кәсіпкердің құқығын таразыға тең тартқаны қуантарлық жайт. Ширек ғасыр жілікті сүліктей сорып келген монополиямен майдандасып жатқан әділетті Қазақстанның негізгі ұстанымдарының бірі де осы әділ бәсекелесік орнатып, салық төлеу мәдениетін қалыптастыру болса керек-ті. Дейтұрғанмен кез келген жаңа бастама көпшіліктің көкейіне қонып, оның оң ықпалын сезінгенге дейін арада мұндайды өз мақсатына пайдаланып кететін пысықайлардың болатыны да жасырын емес. Көрген көзде, естіген құлақта жазық жоқ, кейбір дүкендерге барсаң, қолма-қол ақша сұрап қылқылдайтындар да ұшырасады. Бірақ мұны көбіміз заңсыздық екенін білмегендіктен талап етпейміз. Бұл ретте мемлекет тарапынан қадағалау қырағы болуға тиіс. Өйткені Мемлекеттік кірістер комитетінің мамандары бұл талаптың заңсыз екенін айтады.
Кейінгі жылдарда елімізде төлем жасау үшін банктердің мобильді қосымшаларын көбірек пайдаланып келдік. 2023 жылы 11 айда қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 86%-ға дейін жетіпті. Тіпті «алты жасар Алпамыстар» да мобильді төлем жасайды екен. Өйткені ата-аналардың 41,4%-ы балаларына банк картасын рәсімдеп бергені байқалады.
«Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңының нормаларында әртүрлі төлем әдістері – банк картасы, QR төлемі немесе қолма-қол ақша қарастырылған. Сондықтан онлайн не карта төлемдерді қабылдаудан бас тартқандар жазаланатыны айтылған. Оларға бірінші ескерту жасалады, ал қайталап заң бұзғаны үшін 147 680 теңге (40 АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады.
«Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту фактілері туралы мемлекеттік кірістер органдарына хабарлау қажет. Сондай-ақ eOtinish арқылы растайтын құжаттарды жүктей отырып немесе Wipon Cashback тегін қосымшасы арқылы арыздануға болады. Тауарларды сатқанда немесе қызмет көрсеткенде кәсіпкерлер сатып алушыға түбіртек беруге міндетті. Оны беруден бас тартса, әкімшілік жауапқа тартылады. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары декларация тапсыруға тиіс, сондықтан кәсіпкерлік қызметтен алынған кірістерді дұрыс көрсету өте маңызды», делінген Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінде.
Қазір тек төлемдер ғана емес, қайырымдылық акцияларына, ағайын-туыс арасындағы алыс-беріс, коммуналдық төлем және театрлардың билеті, оқу ақысы, салық немесе айыппұл төлемдерді екінші деңгейлі банктің қосымшасы арқылы төлейміз. Сөйтіп, цифрланған әлемнің игілігін сезініп, қағаз ақшаны ұмыта бастаған едік. Алайда мобильді аударымға салық салынады деген хабар тарағалы кәсіпкерлер онлайн қызмет түрінен бас тартып, қолма-қол ақша талап ету бұрынғыдан да бетер көбейді.
Ал Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі Айнұр Сартаеваның айтысына қарағанда, бұл экономиканың көлеңкелі тұстарына сәуле түсіру болып отыр.
– Мобильді аударымды тексеру заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталады. Кәсіпкерлер арасында сатылған тауар немесе қызмет үшін төлемді мобильді аударым арқылы алады. Алайда аударымды кассалық аппарат, POS-терминал және QR-кодты қолданбай жүргізеді. Тиісінше, чек берілмей, тұтынушының құқығын бұзады, – деді ол.
Зерттеушілердің дерегінше, елімізде көлеңкелі экономиканың көлемі 30 пайызға жеткен. Халық пен салықты айналып өткен бұл қаражатпен еліміздің бүкіл әлеуметтік мәселесін оңалтуға жетеді дейді мамандар.
– Салық органдары барлық мобильді аударымды тексермейді. Тек әртүрлі тұлғадан үш ай қатарынан ай сайын 100 немесе одан да көп мобильді аударым жасап, кәсіпкерлік қызметтің белгісі байқалса ғана тексереді. Жеке тұлғалар бұрынғыдай өзінің жеке мақсаты үшін туысына, досына, ата-анасына, баласына және басқа да өмірлік жағдайға байланысты мобильді аударым қолдана береді. Бұған шектеу жоқ, – деді Айнұр Сартаева.
Халықаралық валюта қоры әлем елдеріндегі көлеңкелі экономиканың үлесін зерттеп, соңғы рет 2018 жылы рейтингін жариялады. Сол бойынша 159 елдің ішінде Қазақстан 45-орында тұр. Сөйтіп көлеңкелі экономиканың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 38,8 пайызға тең екені көрсетілді. Рейтингте көш бастаған Боливия, Зимбабве, Нигерия, Гватемала секілді елдердегі бейресми экономика үлесі 55-65 пайыз болған. Сарапшылар Африка елдерінің кедейленуінің басты себебі көлеңкелі экономиканың көлемі өсуінен екенін айтады.
Экономистердің айтуынша, елімізде халықтың азық-түлікті несиеге алып, кедейлік көрсеткішінің өсуіне көлеңкелі экономиканың әсері бар. Мәселен, Dalainside деректеріне қарағанда, 2022 жылы Қытай кедені Қазақстан 16,3 млрд доллардың өнімін алғанын мәлімдесе, біздің кеденшілер тауарды 11 млрд доллар деп көрсеткен. Арада 5,3 млрд доллар айырмашылық басырға да байқалып тұр. Демек, осынша көлемде тауар шекарадан баж салығының көлеңкесінен өтіп кеткен. Бұған олигархтардың елден ұрлап-жырлап шығарған офшордағы 167 млрд долларды қосыңыз.
– Салық міндетін адал орындау кәсіпкер үшін тиімді. Бүгінде салық режімінің тәртібі жеңілдеді, салық мөлшері қызмет түріне байланысты 1-4 пайызды құрайды. Бұл ретте мобильді аударымдарды тексеру адал салық төлеушілерге әсер етпейді, – дейді Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі.
Мобильді төлемдердің әлеуметке әсерін білу мақсатында бірнеше шағын маркеттердің иелерімен және сатып алушылармен сөйлесіп көрдік. Әзірше кәсіпкерлердің де заңның ұңғыл-шұңғылын енді түсініп жатқаны байқалады. Алайда олардың да айтар уәжі жоқ емес. Әсіресе, қымбатшылық, коммуналдық төлем түрлерінің және инфляцияның өсуі, сауда орындарындағы жалдау құнының қымбаттауы бизнеске салмақ түсіріп отырғанын айтады.
– Жаңа жылдан бастап мобильді төлемдер қабылдауды тоқтаттық. Бұл – бізге бұрын тиімді болып келді, өйткені мұнда салық төленбейтін. Қазір қолма-қол ақшамен және екінші деңгейлі банктердің қосымшасындағы QR арқылы төлем жүргізіледі. Мұның екеуі де салықты айналып өте алмайды. Бұл – әрине, дұрыс нәрсе. Алайда Үкімет шағын бизнесмендердің де жағдайын ескеруге тиіс. Коммуналдық төлемдер мен жалға алынған орындарға байланысты жеңілдіктер қажет. Әйтпесе, мұның есебінен баға шарықтауы мүмкін, – дейді «Самал» шағын дүкенінің иесі Алмагүл ханым.
Ал шағын дүкендерге келген тұтынушылардың да біразын сөзге тартып, сауалдама жүргізіп көрдік. Тұтынушылардың көбі QR арқылы төлем жүргізетінін және бұл қиындық туғызбайтынын айтады. Әйткенмен кейбір зейнет жасындағы үлкен кісілер банкоматқа кезекке тұрып ақша шешіп алып, сауда жүргізетінін алға тартады.
Қорыта айтқанда, мобильді аударымдар – қорқынышты нәрсе емес. Керісінше, кәсіпкерлердің салықтан жалтармауына, көлеңкелі экономиканың жолын кесуге тиімді болмақ. Ал адамдар арасындағы бұрынғыдай алыс-беріс сол күйінде қала береді. Тек 3 айда 99-дан асырмасаңыз болғаны.