Тұс киіз ілінген аядай бөлме төрінде домбыра тұратын. Үнсіздікке оранған жұмбақ бұйым біздерге ертегі ішіндегі көңілсіз кейіпкердей елес беретін. Қиянда адасқан жолаушыдай мұңлы, кең дүниенің кетігін іздеп аласұрған жастай күңіренгіш. Сөзі аз, сезімі көп.
Бақсақ, домбыра туралы жыр-аңыз мол екен, молдығы масаты жердей екен. Домбыра «ет жүрексіз еріннің сөзін айтпайтынын» дәйектесек, домбыра хақында туған жырлар да салмақты, сарабдал.
«Домбыраға қол соқпа,
Шымырлатып бір-бірлеп.
Жүрегім, соқпа, кел тоқта,
Жас келер көзге жүр-жүрлеп».
Хакім домбыра дыбысынан туған күйді шебер бейнелейді. Жүр-жүрлеген жас пен шымырлаған дене суреті құдіретті аспаптың кемел үнін жеткілікті бедерлесе керек. Ал дауылпаз Ілияс пафостың пырағына мініп құйындата жырлайды:
«Тарт күйіңді, домбыра!
Төгіл, төгіл тәтті күй,
Тау суындай сылдыра,
Желпін, желпін жел соқтыр!»
Домбыра туралы керуен-керуен аңыздар легі біріне-бірі ұқсамайды. Соның бірі шығыстық қисса-дастан «Мұңлық-Зарлықпен» үндес аңыз.
Сонымен, ерте, ерте, ертеде қылышынан қан тамған қаhарлы ханның жалғыз бойжеткен қызы кедей жігітке ғашық болып, көңіл қосып жүреді екен. Мұны білген хан жігітті дарға астырады. Жігіт қаза тапқан соң қыз мезгіліне жетпей, бір ұл, бір қыз табады. Көп көзінен, ел сөзінен сескенген хан жаман атқа қалмаудың амалын іздеп, қос сәбидің көзін жоюды астыртын мыстан кемпірге тапсырады. Мыстан кемпір өмірге жаңа келген сәбилерді көз көрмес, құлақ естімес жерге апарып, биік өскен жап-жасыл ағаштың басына қызды – шығысқа, ұлды – батысқа қаратып іліп кетеді. Нәрестелердің көз жасы тамған ағаш бұтақтары суалып, қуара бастайды. Қос жүрек соғуын тоқтатқанда, бәйтерек те өсуін доғарады. Ел ішіндегі өсек сөз, өтірік өкпеге шыдамаған патшаның қызы егізін іздеп жолға шығады. Бармаған жері, баспаған тауы қалмайды. Күлкісіз күндер, ұйқысыз түндер, жылаумен жылдар өтеді. Қатты шаршап діңкесі қатқан қыз әбден қуарып, қабығы түсіп, шіруге айналған биік ағаштың түбіне келіп қисаяды. Ұйықтап кеткен соң, оны бір сүйкімді саз, сиқырлы әуен оятады. Құлақ түріп тыңдаса ән салып тұрған қасындағы биік ағаш екен. Қыз күндіз қос сәбиін іздеп, түнде осы «әнші» ағаштың түбіне келіп, неше түрлі әуез естіп, көңіл жұбатып, тынығып жүреді. Бір күні айналаға көз салмақ болған қыз ағаштың басына шығамын деп оны құлатып алады. Бірақ көп ұзамай самал соғып, «әнші» ағаш қайта зарлай жөнеледі. Қыз оның құпиясын білмек болып тексереді. Ағаш жуан түбінен басына дейін қуыс екен. Жіңішке басының екі жағында бұтақтан бұтаққа керіліп қалған ішектерді көреді. Бұл – қыздың екі баласынан қалған жұрнақ еді. Егізінің өлімінен хабары жоқ қыз ағаш неге ән салатынынын түсінеді де, өзі де қуыс ағаш жасап алып, манағы ішекті соған тағады. Шертіп көрсе, үн жүрегіне жағып, жанына жайлы естіледі. Қыз байғұс бостау тартылған ішекке үні мұңды шығатындықтан, «ұлым – Мұңлық» деп, ал ащы, тым зарлы шығатындықтан, қатты тартылған ішекке «қызым – Зарлық» деп ат қойып, күндіз-түні қолынан тастамай, күй шығарып, ел кезіп, егізін іздеп кеткен екен... Міне, осы ағаштан жасалған шерлі аспапқа ел кейін домбыра деп атау берсе керек.
Шын сөз – дөп сөз. Халық арасында домбыра туралы лепес шықса қазақтың Қадырының өлеңі оқылмай кетпес. Сүзгі жұрттың сынынан өткен шымыр жыр арғы-бергі мол жайдан хабар береді.
«Екі ішектің бірін қатты,
бірін сәл-пәл кем бұра.
Нағыз қазақ – қазақ емес,
Нағыз қазақ – домбыра!
Білгің келсе біздің жайды,
содан сұра тек қана:
Одан асқан жоқ шежіре,
одан асқан жоқ дана».
Қазақ пен домбыраның қапысыз тоғысар жолы көп. Оның алғашқысы – қоңырлық, ортасы – шерлі әуез, соңы – болмыс.
Ертеде шын домбыраның бағасы екі үйір жылқыға парапар еді дейді көнекөздер. Шын домбыра дегеніңіздің шешендігі қол тигізбей-ақ самалдай желпіп жібергеннің өзінде-ақ сұңқылдап тұрады-мыс. Иә, нағыз жұмбақ дүние – домбыра ғой. Білетіндер солай дейді.