Қазіргі жастар Ақан серінің «Шырмауығын» қалай қабылдар екен? «Ахау, дүние жалған, бітер ме арман? Сұм тағдыр шырмауықтай, шырмап алған» дейді қайырмасында. Әрине, Ақан өмірінен, қазақ тарихынан хабардар түйсігі ояу жас бірден қабылдап түйсінуі әбден кәдік. Бойына мұндай қасиеттер жұқпаған қазақтың сөзі селт еткізбесе де, әуені баурамай қоймауы керек. Ән соқталы, терең тынысты, батар күннің сәулесіндей салмақты ой мен сезімге құрылған. Бір емес, бірер тыңдау, ол да аз-ау, өмір бақи тыңдап өтер туынды. Сондықтан адамдар қайда асығып бара жатқандарын да пайымдамай, уақыттың алдына түсіп алып зымырап жүрген мына заманада Ақан, Біржан әндері әр тұстан естіліп тұрса артық емес. Мыңның арасынан бірен-саранының құлағы шалып жатса, ол да олжа.
«Шырмауық» – серінің басындағы тағдыр-тақсіреті ғана емес, сол кездегі ұлт мойнына түскен қылбұрау. Шырмауық деген атында тұр. Қазақ даласында қасында не болса соған оратылып, шырмап, буындырып бас салатын өсімдік. Шөптесін болса да, бір оралған нәрсені шырмауынан жұлып алу қиынға соғады. Күштегенде бырт-бырт етіп зорға үзіліп, жұлынады. Ал қалың өскен жеріне кезіксе, әлгі затты біраз тер төгіп, орауынан босатуға тура келеді. «Шырмауықты» тыңдатарда қаланың қазіргі иіс алмастарына әуелі осыны ұғындырып алмаса, ән далаға кетті дей бер. Демек серіні осылай шырмап, буындыруға айналдырған бұғау ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында ұлттың да өне бойында тұрғанын білеміз. Олай дейтініміз, жазушы Толымбек Әбдірайым «Ақан сері бұл әнді шығарғанда 58 жаста болатын» деп жазыпты. Серінің туған жылынан қайырып есептегенде уақыт арасы 1900 жылдың басына барады.
Ал ән өнерінің білгірі Илья Жақанов: «Кезінде бұл ән ойлы толғау боп айтылған. Оны Ақан серінің серіктері – қалың Қарауылдың бес бұлбұлы – Сұлтанмұрат, Бәтжан, Нұралы, Темірбек, олардан жас Үкілі Ыбырай, Біржан елінде Жетебайдың Оспаны, Бәкеннің Хамиті жан тебіренте толғады. Бұлардың көзі кеткен соң ән бірте-бірте көмескі тартып, сирек айтылып жүрді. Ал ел ішінде бұл әнге аңсау басыла қоймады. Иесінен, орындаушыларынан айырылған есіл ән бағзы бір көкіректерде көшкен елдің жұртында қалған қоламтадай елеусіз ғана жата берген», дейді.
Ән өнерінің ақсақалына айналған бұл кісі сөзінің осы соңғы сөйлемдерінің жаны бар. Себебі осынау алып туындының бірінші шумағының мәтіні үйлесіңкіремейтіндей болады да тұрады. Ескі әншілер «шырмауық шығарында бас тартады» десе, кейінгі орындаушылар «шырмауық шығарында боз тартады» деп айтып жүр. Бұл тұсын шырмауықтың қалай өсетініне тәжірибе жасап білген артық емес. Ал енді осы алғашқы шумақтағы үшінші және төртінші жолдар ән мазмұнына орайласа қоймайды.
«Шырмауық шығарында боз тартады,
Біздің ел ерте жайлап, кеш қайтады.
Ел қайтқан жайлауынан құла дүздей,
Көңілімді ұқпай қойды қалқам-дағы» дейді-мыс.
«Ел қайтқан жайлауынан құла дүздей» құлазығанына әкеле жатқанын аңдау қиын емес бастапқы екі жол. Әрі қарай «көңілімді ұқпай қойды қалқам-дағы» болып шыға келгені күмән тудырады. Бұдан кейінгі шумақтарда қалқатайға қатысты бірде-бір сөз жоқ және ұйқас та бұлай «әлсіремегенін» ескерсек, өлеңнің сөз жүйесі кейіннен «бұзылғаны» өзінен өзі белгілі. Әннің екінші, үшінші шумақтарына үңілген жан бірінші ауызына (шумағына) бірден күмәнданады.
«Үйректің атқызбайды қасқалдағы,
Шебердің былқылдайды бас бармағы.
Бұл күнде ағаң болдым төр алдында,
Бір кезде Ақан едім аспандағы.
Дүние қызыл-жасыл кімді алдадың,
Сен берген ризықтан құр қалмадым.
Дəуренді мендей сүрген кім бар екен,
Сонда да қызығыңа бір қанбадым» деп шырқаған ақын басында шырмауықтай буған тағдыр тақсіретін айта келе, «көңілімді ұқпай қойды қалқам-дағы» деп құлдырата салуы мүмкін бе деген сұрақ жылт етеді.
«Шырмауық – отарлық өлшем. Қыр қызғалдағын желпіген самалдай бұла дәуреннің бұл күнде бастан ауып, кешегі қызықтың «хан базары тарқаған жәрмеңкедей» сүреңсіз кейпін көрсететін дерегі де төмендегі бір ауыз қайырмада тұр: «...Ахау, дүние жалған, бітер ме арман? Сұм тағдыр шырмауықтай шырмап алған».
Бүкіл боз жусан болмыстың өмір сабағын шырмауықша шырмап алған орыс отарлығының зардабын бұдан артық шырқырап айту мүмкін де емес. Егер өмірді сахна, ал өнерпазды бас кейіпкер десек, бұл ән – XIX ғасырдың соңғы шымылдығын түсірген Ақанның бақұлдасу әні. Бұл әнмен бірге желдей ескен сал-серілікпен қатар дала дауысының шалқыған еркіндігі де енді келмеске кетті. «Шырмауық» – шықпаған жан мен ащы өксіктің запыран зары. «Шырмауық» – Ақан арқылы айтылған алаштың ақырғы шері.
Ендеше, екінші «Елім-айдай» болған осындай әнді «Көңілімді ұқпай қойды қалқам-дағы» деп қай антұрғанның ауызы барып айтады екен... Бұл айналып келгенде ән атаулыны еш түсінбейтініміз, қала берді аяулы Ақанның аруағын қорлау емес пе? Айтыңызшы, шырмауыққа маталмаған ақыл-есіміз бен азат рухымыз қалды ма өзі?..» депті бір жазбасында ақын, әнші Ықылас Ожай. Біздің ой да осы маңды төңіректейді. Сіздіңше қалай, мүлде басқаша болуы да мүмкін ғой?