• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Қаңтар, 2024

Кәсіподақ қадірі

156 рет
көрсетілді

Бір замандары кәсіподақ қоғамдық ұйымдардың ішіндегі қадірі бар бұқарашыл ұйым еді. Шамалары жеткенше әділетсіздікке ара түсетін. Арқа сүйейтін жоғары, төмен азуы алты қарыс мықты басшылары да болатын. Қара күйені жағып, қанша жерден бұрқылдатып күл шашпақ та болған қарау басшылардың өзі ығатын. Қарсы келген жазықсыздың сазайын беріп, құрдымға құлау үшін, қыңыр жетекшілер, ол ұйымның келісімін алмай бұйрық шығара алмайтын. Келісімін ала алмаса, бармақ тістеп қалатын.

Бұл кеңестік қана емес, әлемде бар ұйым еді. Талайдың тірсегін дірілдететінін көріп те, біліп те жүрміз. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыранда бүгін болмаса ертең аяққа оралып жүре ме деген күдік кеуледі ме, әлде жекешелендірудің же­лігімен дүниесін қарпып қалу ке­рек болды ма, іргесін шайқады. Жұрт­тың жарнасына жиналған ши­па­жайлар, небір ғимараттар қолы жет­­кеннің, сол тұста тұтқасын ұста­ған­­дардың қанжығасында кетті. Жұрт­­қа жұқана да тимеді. Ол кездегі он­дай қараулық халықты естен тандыр­ды. Адал еңбек айдалаға кетті де, ту-талақай болды.

Бүгінде есебін тауып қағып түскендер, көк тиын төлегені бар, басқасы бар көп мүлікке иелік етіп отыр. Өзімдікі дейді. Именбейді, кеуделейді. Тыңнан істесе, не дау бар. Қазір шеттегі қаржыны елге әкелу жүрдек жүріп жатыр. Халықтың өмір бойғы маңдай теріне келген байлықты көлеңкемен бөктеріп кеткендерді де таразылау керек шығар. Сонда адал тірлікпен келген дүние мен көлденеңдеп иелік етудің ара-жігі айқындалар еді.

Жалпы, кәсіподақ бұқарашыл ұйым еді ғой. Сол бұқараның төлемі­мен төрге шығатын. Басшылары көз­дерін жұма бермей, қарайласатын. Көбінде әділдікке жүгінетін. Енді ол жоққа тән. Бақырайтып қойып ба­рым­талап алды. Көптеген мекемеде жойылды, жойды. Құлаққа тыныш­тық керек.

Баяғы көнбіс, айлық алатын мек­­теп мұғалімдері, дәрігерлер, өзге де азды-көпті мекемеде ұйым бар. Бас басына билік құрады, түс­кен қаржыны тиесілілер пайызбен бөліседі. Жарна төлеушілерге ұшқындатып берген, шипажайға жіберген болады. Олар шарапатты Мемлекет басшысынан көріп отырмыз дейді. Көбейген айлықтан жарна төлеп жатқандарын алға тартып, кәсіподақ біреулердің нәсіп одағы болып бара жатқан жоқ па деген күдік ойды да айтып қалады. Мүддемізді тайталасып жүріп қорғаса, қадірі артар еді, беделі көтерілер еді дейді.

Шынында, кейінгі жылдары бұқарашыл ұйымның үні естіле қой­майды. Сайлаулар өтіп жатыр. Жүздеген мың мүшесі бар ұйым қалқада қалып қоя беретіні несі деген сұрақ естіледі. Өзін өзі ұсынған­дардың қатарынан да көзге шалынбады. Әкімдер сайлауы өте бастады. Қолдай жөнелетін жарна төлеушілер бар. Бірақ серпіліс білінбейді.

Иә, бұқарашыл ұйым басшылары «Қолдағыңды қорғап бақ», деп Абай дана айтпақшы, сен тимесең, мен де тимейін деп қалтарысты күйттемей, таспа тілгендей етіп ертеңгі бағыт-бағдарын, жұрт сөзін әділдік жолымен жеткізіп, халықтың тілек-талабын именбей алға тартып, абыройын асырса, қадірі артары анық.

 

Сүлеймен МӘМЕТ