Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын лайықты интеграцияланған агротехнологиялық хаб ретінде қайта құруды тапсырды. Қазіргі уақытта Орталықтың құрылымын қайта ұйымдастыру бойынша еншілес ұйымдардың өкілдері ұсыныстар әзірлеп жатыр. Бірінші болып еліміздің үш аграрлық жоғары оқу орнының ректорлары тыңдалды. Олар – Оралдағы Жәңгір хан атындағы БҚАТУ, Астанадағы С.Сейфуллин атындағы ҚАТЗУ және Алматыдағы ҚазҰАУ ректорлары.
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университеті бүгінде өндіріске ғылыми жетістіктерді енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп отыр. ЖОО ректоры Асқар Нәметовтің айтуынша, ғылыми әзірлемелерді тәжірибеге енгізу үшін жағдай жасалған. Барлық ғылыми қызмет бизнеспен ынтымақтастыққа бағытталған.
«Біз жануарларды генотиптеу бойынша қызмет көрсетеміз, 60 асыл тұқымды шаруашылықпен толық ғылыми жағынан көмектесуге шарттар жасастық, 6,5 мыңнан астам генотиптеу үлгілері жүргізілді. Шаруа қожалықтары базасында қазақтың ақбас тұқымды ірі қара малының 4 зауыттық желісі, Бішкөл құс фабрикасы базасында үйректердің 1 кросс және 2 зауыттық желісі құрылды, «Әлем» ШҚ-да Көшім жылқы тұқымының Жәнібек түрі құрылды. Жануарлардың жараларын емдеуге және жұқпалы ауруларға қарсы фитокомпоненттерге негізделген екі антисептикалық препарат жасалды», деді Асқар Нәметов.
БҚАТУ ғылыми жаңалықтарының қатарында шаруашылықтарда еріген қар суы және жаңбыр суларын сақтау үшін модульдік контурлар жасау бар. Бұл қондырғылар 7 ай ішінде 100 бас жануарларды сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сақтау сыйымдылығын сол бағамен тағы 50 басқа арттыру мүмкіндігі бар.
БҚАТУ ғалымдары өндіріс нарығында сұранысқа ие емес, шамамен 75%-ын өртеп құтылатын қой жүнін пайдалану туралы шешім тапты. Технология жылыжайларда гидропоникалық жүйеде пайдалану үшін жүнді төртбұрыш төсеніштер ретінде қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Өнімдер әдеттегі базальт төсеніштерден екі есе арзан. Технология зерттеудің соңғы кезеңінен өтіп жатыр.
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті ғылыми әзірлемелері негізінде ЖОО-ның қатысуымен 5 инновациялық компания құрды.
«Ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері бойынша өндірісте жалпы сомасы 2,9 млрд теңгеге 6 ғылыми жоба қолданылды. Сондай-ақ университет 2023-2025 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурсында 4 млрд теңге сомасына органикалық өндірістің жаңа технологияларын дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу тақырыбындағы мегажобаны жеңіп алды», деді ҚАТЗУ ректоры Қанат Тіреуов.
Сонымен қатар ЖОО-да рейтингі жоғары ғылыми журналдардағы жарияланымдар динамикасы өсуде. Q1 рейтингі бойынша (беделді шетелдік журналдар кіретін ең жоғары квартиль) басылымдар саны 2022 жылы 50-ден 2023 жылы 72-ге дейін, Q2 бойынша 2022 жылы 43-тен 2023 жылы 66-ға дейін өсті.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде аграрлық менеджмент бойынша Вайенштефан-Триздорф университетімен (Германия), IT-технологияларды пайдалана отырып, су ресурстарын басқару бойынша Варшава жаратылыстану ғылымдары университетімен, Малайзиядағы Паханг университетімен биотехнология бойынша, Шығыс Финляндия жоғары оқу орнымен азық-түлік қауіпсіздігі бойынша қос дипломдық бағдарламалар жұмыс істейді.
Серік Жұманғарин жоғары оқу орындары қызметінің тиімділігін арттыру және аграрлық сала үшін кадрлар даярлау жөнінде ұсыныстар жасауды тапсырды.