Былтыр бокстан Өзбекстан чемпионаты өтті. Жас дарындар жарқырап көрініп, сыралғы боксшылардың өзін ығыстырған ішкі біріншілік туралы Өзбекстан ұлттық құрамасының бас бапкері сұхбат берді, деп мәлімдейді Egemen.kz.
Көрші елдің бокс құрамасын 1,5 жылдан бері баптап келе жатқан Толқын Қылышев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында өзбек боксының келешегі туралы сөз қозғайды. Әр салмақтағы финалдық жекпе-жектерге жеке тоқталған бапкердің 86 кило тартатын боксшылар туралы айтқаны қызық. Осы салмақтың финалдық айқасы туралы бас бапкер сұхбатында былай дейді.
«86 килода өнер көрсеткен Шохжахон Абдуллаев пен Самандар Жалолов арасындағы жекпе-жек бірінші раундтан кейін аяқталды. Шохжахон – жастар арасында әлем чемпионы, Азия чемпионы. Бірақ бұл жолы Самандардың сағын сындырмас үшін жеңісті оған «сыйладық». Оған себеп те көп. Біріншіден, Самандор – Баходир Жалоловтың туған інісі. Жас бала. Қазірдің өзінде бойы – 193 см. Ол болашақта 92 килоға ауысады. Екіншіден, екеуін де бір бапкер жаттықтырады. Әйтпесе, Шохжахонның Самандорға шамасы жетіп тұр».
Қазақ мұндайда «мата даңқымен бөз өтеді» деген. Ағасы әлем, Олимпиада чемпионы екен деп көпе-көрнеу жығып беріп, «жеңісті сыйлап жіберу» спортшының бойына саудагерлікті сіңіруі де ғажап емес.
«Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген журналист Алмас Манаптың Өзбекстан ұлттық құрамасының бас бапкерінен алған сұхбатын төмендегі сілтемеден оқисыз. «Толқын Қылышев, бокстан Өзбекстан құрамасының бас бапкері: Бізге қазақ боксының мықты болғаны керек»