Астанада Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұловпен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қорғаныс ведомствосының басшысы бірлестік президентіне федерация мамандарының кәсіби кеңесі мен Алматыдағы Орталық спорт клубының футбол алаңын қайта қалпына келтіруге жәрдемдескені үшін алғысын білдірді. Атқарылған жұмыстардан кейін спорт нысаны халықаралық деңгейдегі матчтық кездесулерді өткізуге мүмкіндік беретін ФИФА мен УЕФА стандарттарына толық сәйкес келеді.
Кездесуде ОСК футбол инфрақұрылымын одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Әскери қызметшілердің балалары мен жетім балаларға арналған футбол академиясын ұйымдастыру, әскерге шақырылуға жататын 18-27 жас аралығындағы жастар арасында футболды танымал ету туралы әңгіме болды. Тараптар отандық армия спортын дамытуға өзара қызығушылық танытты.