Біздің автонарығымыз да, автоәуесқойларымыз да Қытай автокөліктеріне бірден ықылас таныта қоймады, тіпті географиялық жақындығымыз да сұранысты арттыруға әсер ете алмады. 2020-2021 жылдары ішкі нарықта көлік тапшылығы байқалды. LADA, Renault, Nissan сияқты бағасы қолжетімді көлік түрлері азайып кетті. Санкцияның салқыны тиген Ресейдегі зауыттар оларды шығаруды ішінара тоқтатты. Бұрын Ресейде құрастырылып келген Батыс көліктерін жеткізетін логистикалық тізбектер бұзылды.
Бұл фактор Қытай автокөліктерінің біздің нарықтағы жолын жеңілдетті. Өткен жыл Қытайдың автомобиль өнеркәсібі тарихындағы тағы бір маңызды кезеңге айналды. Технологиялық және баға артықшылықтарының арқасында қытайлық автомобиль компаниялары дәстүрлі шетелдік автомобиль компанияларына қарағанда дамыды. Сарапшылар бұл құбылысты жаһандық автокөлік индустриясы картасына жедел жаңалық әкелген фактор деп бағалап отыр. 2023 жылдың қаңтары мен қазаны арасында елімізге Қытайдан 45 мың жеңіл көлік жеткізілді. Былтыр қытайлық автоөндірушілер тарапынан премиалды брендтер елге келіп, нарықтағы сұраныстың орны біршама толықты. Ішкі нарықтағы импорт көліктердің көш басында Қытай мен АҚШ, ал олардың жалпы құны бойынша Жапония көш бастап тұр.
2023 жылдың алғашқы жарты жылдығында импорт басқа елдерден де көбейді:
Германиядан – 2023 жылдың алғашқы жарты жылдығында 116,2 млн долларға дейін; Кореядан – 21,9 млн доллардан 104,9 млн долларға дейін; Ұлыбританиядан 1,2 млн доллардан 28,4 млн долларға дейін; Түркиядан – 3,7 млн доллардан 21,9 млн долларға дейін; Индонезиядан – 1,9 млн доллардан 18,1 млн долларға дейін; Канададан – 4,7 млн доллардан 19,5 млн долларға дейін импорт көлік жетті.2023 жылдың толық есебі әлі жарияланған жоқ. Ал алғашқы жарты жылдығында импорттың жалпы көлемі 1 млрд 184,8 млн долларды құрады. Бір жыл бұрын 375,5 млн доллар болған.
Freedom Finance Global компаниясының отандық автокөлік нарығын зерттеу нәтижесінде Қытай автоөнеркәсібінің Қазақстандағы ықпалы артатыны, елдегі көлік өндірісі өз тұтынушылары үшін бәсекеге түсуге мәжбүр болатыны айтылған. Сондай-ақ осы зерттеуде Қытай автоөнеркәсібінің қазіргі күйі 2010 жылдардағы корейлік жағдайға ұқсас екенін де айтылып өтіпті.
Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
«2023 жылды Қазақстандағы Қытай автомобиль өнеркәсібін дамытудың бастапқы нүктесі деп санауға болатынын ескерген жөн. Қытай көліктері жергілікті сатып алушының көңілінен шығу үшін бес жыл жеткілікті болады», делінген зерттеуде.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша былтыр Қытай біздің нарыққа жеңіл көліктердің негізгі жеткізушілерінің біріне айналды.
2023 жылдың алғашқы екі айында Қытайдан 4 959 автокөлік әкелінді (бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 есеге жуық көп). Ал Қазақстан автомобиль бизнесі қауымдастығының мамырдағы мәліметі бойынша ТОП-10 сатылымға Қытай автомобиль өнеркәсібінің төрт өкілі кірді: Chery (4-орын), Haval (5-орын), Чанган (6-орын) және Exeed (8-орын).
Қытайдан тараған ақпарат көздерінде ішкі нарықта электромобильдерге, «гибридтерге» және сутегі отын ұяшығына арналған көліктерге сұраныс жоғары екені айтылады. Тек 2023 жылдың бірінші тоқсанының өзінде бұл көліктердің 1,58 миллионы сатылды (бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 26,2%-ға көп).
Сарапшылар болса, «біздің электркөліктерге көшу жоспарымыз өткен жылы Қытай автокөліктерінің елге келуімен басталды, бұл құбылысты 2023 жыл жылдамдатып жіберді», деген болжамды жиірек айта бастады.
2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында әлемде жаңа энергетикалық көліктер (NEV) сатылымы 9,75 миллион данамен тоқтапты. Осы көлемнің 6,28 миллионы немесе 64 пайыздан астамы Қытайдың үлесінде екен. Бұл мәліметті Синьхуа агенттігі Дүниежүзілік жаңа энергетикалық көлік конгресінде ұсынылған деректерге сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Әлемдік автонарықтың тынысын зерттеп отырған шолуларда қытай көліктерінің экспанциясы тек біздің елде емес, әлемдік деңгейде жүріп жатқаны айтылады. Әлемдік автоөнеркәсіп нарығындағы компаниялардың 80 пайызы іштен жану қозғалтқышы бар автокөліктерден кезең-кезеңмен бас тартып, электр көліктеріне көшіп жатыр. 2023 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қытай көлік экспорты жағынан Жапонияны артта қалдырып, әлемдегі ең ірі автомобиль экспорттаушысы атанды. 2023 жылдың қорытынды деректері әлі жарияланбағанымен, әлемдік басылымдар Қытайдың Жапониядан асып түсетінін болжап отыр.
Өткен жылы қытайлық автоөндірушілер тарапынан премиалды брендтер бойынша бірқатар баламалы марка нарықтағы сұраныстың орнын толықтырғанын сарапшылардың бәрі айтып жатыр.
Freedom Finance Global сарапшысы Аңсар Әбуевтің айтуынша, қазір көлік тапшылығы жоқ. Бірақ ішкі нарық біразға дейін Қытай мен Ресей автокөліктерінің қысымында қалуы мүмкін. Себебі ЕО немесе Батыс елдерінен жеткізілетін импорт көлік бізге Ресей арқылы жетті. Енді ол тізбек бұзылды. Бұзылған бұл орын қытайдың импорт көліктері арқылы толығып жатыр. Қытайдан жеткен көліктердің бағасы РФ немесе Батыс елдері өнімдерімен салыстырғанда төмен әрі қолжетімді. Біздің автокөлік құрастырушылар да қол қусырып қарап отырған жоқ. Өткен жылдың соңында кейбір көлік түрлері ең төменгі пайызбен 5 жылға несиеге беріле бастады.
Қазақстандық автобизнес қауымдастығының деректерінде 2019 жылы – 1 304, 2020 жылы – 2 066, 2021 жылы – 4 019, 2022 жылы – 12,5 мың көлік, ал 2023 жылдың алғашқы жартыжылдығында 16 333 автокөлік елге жеткізілгені, сатылымдағы көлік түрлерінің де көбейгені айтылған. 2022 жылы қытайдың 8 бренді сатылса, 2023 жылы олардың қатары Geely, Chery, Changan, Exeed, Haval, JAC, Jetour, FAW, Hongqi тәрізді түрлерімен толығып, біздің нарықтық дәліз арқылы ЕО елдеріне бет алған. 2023 жылдың алғашқы жарты жылдығында Қорғас арқылы Қытайдан 92 мың көлік Азия елдеріне экспортталған.
«2023 жыл әлемдік автоиндустрия картасына өзгерістер алып келді. Алғашқы жартыжылдығында Қытай көлік экспорты жағынан Жапонияны басып озып, әлемдегі ең ірі автомобиль экспорттаушысы атанды» деген пікірді аузы дуалы сәуегей сарапшылардың бәрі айтып жатыр.
ҚХР-дың 2023-2024 жылдардағы жыл сайынғы экономикалық конференциясында автомобиль экспорты 5 миллионнан асып, жаңа тарихи рекорд орнатқаны, экспорттың 2024 жылы шамамен 5,5 млн автомобильге дейін ұлғаятыны айтылды. Қытай мен Ресей автоөндірушілерінің қазақ нарығындағы бәсекесінің қызып кетуіне нақ осы фактор әсер етуі әбден мүмкін. Ресей үйренген аймақтағы үлесінен айырылғысы келмесе, Қытай біз арқылы Еуропа нарығына жол салғысы келеді.
Көлік саласының сарапшысы Артур Мискарян осыған дейінгі кездесулерде ішкі нарық қытайлық автокөліктермен толыға бастағанын, қазірдің өзінде ірі брендтерді өзімізде құрастыруға байланысты ресми келісімшарттар да жасалып жатқанын айтқан болатын. Сарапшының айтуынша, әлемдік нарықтағы Қытай техникасы үлесінің артуы – қашып құтыла алмайтын қалыпты құбылыс. Алдағы уақытта біз оның ішкі нарықтағы ықпалына дайын болуымыз керек. Себебі осыған дейін ішкі нарықтағы шетелдік көліктердің басым көпшілігі Ресейде жиналатын, БАЖ салығымен, алғашқы тіркеу салығы үстеме болып қосылғандықтан, бағасы да қымбаттау-тын.
Көлік бағасы қытай көліктері есебінен арзандай ма?
Freedom Finance Global сарапшысы Аңсар Әбуевтің айтуынша, 2023 жылды Қазақстанның автомобиль нарығының қазіргі тарихында бетбұрыс кезең деп атауға болады. Оның себебі еліміздегі көлік санының күрт өсуінде ғана емес, сондай-ақ отандастарымыздың жаңа өзгерістерге бұрынғыдан да ашық болуына байланысты болып отыр.
«Автокөлік нарығы бұл – тұрақты пікірлер, стереотиптер, консерватизм және прагматизм туралы жиі айтылатын орын. Алайда Қазақстан үшін сұранысы төмен инженерлік шешімдермен жабдықталған қытайлық автомобильдердің белсенді түрде өсуі жергілікті сатып алушының парадигмасының өзгергенін көрсетті. Қазір біз ірі ойыншылардың жаңа үрдістерге бейімделіп, трендтен қалмай жатқанын көріп отырмыз. Былтырғы жыл өсудің жалғасуында айтарлықтай үлкен із қалдырды және 2024 жылы оның бізді қайда апаратынына куә боламыз», дейді Аңсар Абуев.
Электромобильдердің ең көп саны Қазақстанның ең ірі қаласы – Алматыда тіркелген. 1 қазандағы жағдай бойынша олардың саны 3 600-ға жуық немесе елдегі электрмобильдердің жалпы санының 59%-ын құрады.
Статистикалық деректерге сәйкес 2022 жылға дейін Қазақстанда электр автомобильдеріне деген ешқандай сұраныс іс жүзінде болған жоқ, яғни 1 қаңтарда бүкіл ел бойынша мұндай автомобильдердің саны 491 ғана болды. 2022 жылдың басында Алматыда 43 электрокар болды, бұл олардың Қазақстандағы жалпы санының шамамен 8,8%-ын құрады.
Freedom Finance Global компаниясы жүргізген салалық зерттеудің қорытындысы бойынша Қазақстанның автокөлік нарығының қазіргі тарихындағы ең маңызды кезеңдердің бірі деп аталды. Бастапқы және қайталама автомобиль нарықтарын талдау кезінде ашық дереккөздерден алынған деректер, кәсіби қатысушылар мен сарапшылардың пікірлері, сондай-ақ автокөлік сатып алу туралы шешім қабылдайтын ел азаматтарының автокөлік иелері мен жүргізушілерінің сауалнамасының нәтижелері ескерілді. Былтырғы жылы еліміздегі жеңіл автомобильдер санының өсуі 2013-2022 жылдардағы кезең – 10 жылдағы көрсеткіштерден асып түсті,
«Hyundai мен Chevrolet жеке бренд ретінде көшбасшылық позицияларын сақтап қалады, бірақ қытайлық автомобильдердің жалпы сатылымы 2024 жылы нарықта басым болады. Екінші жағынан, қытайлық автомобильдердің қосалқы бөлшектерінің тапшылығы кем дегенде тағы бір жарым-екі жыл бойы сақталады деп болжануда. Болашақта елдегі электркарлардың өсу қарқыны қызмет көрсету желілерінің дамуына және осы автомобильдерді елге импорттау шығындарына байланысты. Сондай-ақ жеке сатушыларда да, дилерлерде де қытайлық электркарлардың модельдері кеңейеді деп күтіп отырмыз. Қазір отандық сарапшылардың қытайдан келген электркарлардың модельдерінің қосалқы бөлшектері тапшылығын қалай шешеміз деген мәселеге алаңдайтын естіп жүрмін. Тек 2022 жылы Қытай үкіметі электркөліктер экожүйесін дамыту үшін 24 млрд доллар инвестиция салды, тіпті әрбір қосалқы бөлшегі мемлекет есебінен субсидияланды. Демек бұл мәселе мемлекеттік деңгейде шешімін тапқан», дейді сарапшы.
Қазақстандағы автокөлік сарапшысы Алексей Алексеевтің айтуынша, биыл бірнеше жаңа автобрендтері пайда болып, Қытайдан электрлі көліктердің ресми сатылымы басталады. Оның айтуынша, қытайлық автомобильдер бірқатар параметрі бойынша басқа шетелдік брендтерден іс жүзінде кем емес, электронды жабдықтың деңгейі де дұрыс. Chevrolet, Kia, Hyundai және Toyotaға да сұраныс өз деңгейін сақтап қалады. Себебі 2023 жылы LADA мен Renault сатылымы логистикалық тізбектердің үзіліп қалуы салдарынан төмендеп кетті. Сарапшының айтуынша, көлік бағасы қазір болжамға бағынбай тұр. Кейінгі бірер жылда баға орта есеппен 10 пайызға қымбаттады. «Көлік нарығының беталысын экономикалық жағдай анықтайды. Жоғары сұраныс бағаның өсуін тудыруы мүмкін, бірақ тапшылықтың уақыты өтті. Әрбір көліктің соңғы үлгісінің бағасы алдыңғыларымен салыстырғанда қымбат болып, бағаға әсер етеді. Қытай долларға тәуелді емес, сондықтан өз ережесімен баға қоя алады. Бұл онсыз да тұралап тұрған елдегі машина жасау саласын тежейтіні рас. Бізде бағаға әсер ету мүмкіндігі жоқ», деді сарапшы.
Сарапшылардың басым көпшілігі қытайлықтар көлікті негізі 5 жылға ғана, яғни 200 мың шақырым жүруге есептеп шығарғанын айтып жатыр. Алматы мен Астананың орталық көшелерінде кемі 20 жылдық көлікпен жүйткіп жүрген, 5 жылдық көлікті «салоннан жаңа шыққан су жаңа» деп бағалайтын замандастарымыздың көңілінде «5 жылдан кейін оларды көлік санатына жатқыза аламыз ба, 5 жылдан кейінгі тағдырына кім кепілдік береді?» деген алаң бар. Себебі әр бес жыл сайын көлігін ауыстырып мінуге екінің бірінің қалтасы көтермейді. Ал әзірге ішкі көлік нарығы Қытайға қарап құбылып тұр.
АЛМАТЫ