• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Айбын 18 Қаңтар, 2024

Генерал тағылымы

142 рет
көрсетілді

Әскери өмірдің айнасына айналған айбынды тұлға Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына биыл 100 жыл. Ел тарихында есімі алтын әріппен қашалған қайрат­кер тәуелсіз Отанымыздың тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы, ел тыныштығын күзетіп сапта тұрған сан мың сарбаздың үлгі тұтар тұлғасы.

Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде есік ашқан «Халық жүрегін­дегі қаһарман» деп аталған көрмені тама­шалап, Сағадат әлеміне саяхаттап қайт­тық. Жастардың жігерін жанып, ру­хын көтеретін мазмұнды іс-шараны тағылым ордасы Қарулы күштердің әс­кери-тарихи музейімен бірлесе ұйым­дастырған.

Көшпелі көрмеге Халық қаһарма­нының тіршілігінде тұтынған жеке заттары, еш жерде жарияланбаған фото­су­реттері мен құжаттары, батырдың өміріне қатысты бірегей жәдігерлер қойылған. Мұндағы 100-ден аса экспонаттың әрбірі генералдың өмір белестерінен хабар береді. Әсіресе оның 1943 жылы әскер сапындағы сарбаз сәтінде таспаланған суреті, майдандағы ерлігі үшін 1945 жылы Кеңес Одағының батыры медалін алып тұрған кезін бей­не­лейтін естелік сурет бірден назар аудар­­тады. Батырдың туған жері, өскен орта­сы туралы кең ауқымды мәлі­мет­тер­ді, ол туралы жазыл­ған кітаптар мен ма­қа­­ла­лар тізбегін де көрме төрінен табасыз.

Көрменің ашылу салтанатына Саға­дат Қожахметұлымен қызметтес бол­ған ардагерлер, «Жас сарбаз» әске­ри-патриоттық сыныбының тәрбие­ленушілері және әскери қызметкерлер қатысты. Батыр рухына арналған пат­риоттық әндер шырқалып, жас сарбаз­дар жырдан шашу шашты. Армия генералынан тағылым алған әскери сала ардагерлері оның адами болмысы мен қайраткерлік қыры хақында естеліктерімен бөлісті.

«Өнегесі елге мұра, ұрпаққа ұран болған Халық қаһарманы Сағадат Нұр­мағамбетовтің есімі әскери сала ма­ман­дарының аузында аңыздай айтылуы тегін емес. Ол кісінің батылдығы, қайсарлығы, еліне деген сүйіспеншілігі – жастарымызға жарқын үлгі. Аталған көрмеден өскелең ұрпақ шабыт алып, Отан қорғаудың мән-маңызы, елге қызмет етудің өнегесі туралы ой қа­лып­тастырса дейміз. Көрмеге қатысқан жас сарбаздардың көзінен осындай ұшқын көрдік», дейді Мемлекеттік орталық музей директоры Рашида Харипова.

Көшпелі көрме орталық музейде он күнге жалғасып, артынша ел ай­мақ­тарын араламақ. Мемлекеттік әске­ри-тарихи музейдің қызметкері Дәу­лет Қадыров тұлғаның ғасырлық тойы­на орай еліміздің әр өңірінде осын­дай айшықты жобалар салтанат құра­тынын, үлкен қалаларда өтетін негізгі іс-шаралардың бәріне мұндағы маңызды жәдігерлер апарылатынын жеткізді.

«Бүгінгі іс-шара Сағадат Қожахмет­ұлының ерен еңбегін үлгі ете отырып, ұрпаққа әскери-патриоттық тәр­бие беруге, сондай-ақ, ел Қарулы күш­терінің имиджін арттыруға, музей ісін насихаттауға және одан әрі дамытуға бағытталып отыр», дейді ол.

 

АЛМАТЫ