1911 жылы 16 наурызда қазақ жерінде, ұлт зиялыларының өз күшімен ашқан тұңғыш басылымы – «Қазақстан» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Сол жылдың басында Троицк қаласында шыққан «Айқап» журналынан кейін іле-шала көрінген «Қазақстан» алғашқы нөмірінен-ақ ұлттың жоғын жоқтады.
Ел атауымен аттас басылым
«Қазақстан» газетінің шығуы сол кездегі алты миллион қазақ жұртының ғана емес, күллі Ресей түркілерінің өмірінде үлкен оқиға болды. «Хажытарханда «Қазақстан» есімімен қазақ тілінде жаңа газет шыға бастады. Бірінші нөмірі идаремізге келді. Қазақтар үшін зор дәрежелі мақала-хабарларға толы екен. Жаратқан Иеміз жар болып, қазақ арасында көп болып таралып, қазақ бауырларымыз мұны бек жаратып оқып, дәуам етіп алып баруын Алладан сұраймыз», деп жазды сол кездегі Астрахан қаласында татар тілінде шығып тұрған «Идель» («Еділ») газеті.
Қазақ баспасөзі тарихын зерттеушілер қазақ тілінде шыққан алғашқы газеттердің қатарына Ташкент пен Омбы қалаларынан шыққан «Түркістан уәлаятының газеті» (1870-1882) мен «Дала уәлаятының газетін» (1888-1894) қосады. Бірақ ол газеттердің құрылтайшылары Түркістан және Дала генерал-губернаторлары болатын. Оның үстіне аталған басылымдар дербес басылым емес, «Туркестанские ведомости» және «Акмолинские областные ведомоства» атты орыс тілді газеттердің аудармасы ретінде шықты. Бұл газеттерді патша үкіметі өз билігін қазақ арасына тарату үшін арнайы шығарғаны, яғни үкіметтік, отаршыл мақсаттағы басылымдар болғаны айтпаса да түсінікті.
Бұдан кейін қазақ зиялыларының өздері қолға алған Троицкідегі «Қазақ газеті» (1907) мен Петербургтегі «Серке» газетінің (1907) бірер нөмірі ғана шығып, жабылып қалғаны мәлім. Ал «Қазақстан» газеті 2,5 жылдай уақыт барынша жүйелі шығып тұрған мерзімді басылым ретінде толық қалыптасқан алғашқы қазақ газеті еді.
«Қазақстан» газеті туралы ұзақ жылдар бойы толымды зерттеу болған жоқ. Оның себебі – басылымның басы-қасында жүрген жандардың кеңес билігіне «жат элемент» ретінде танылып, репрессияға ұшырауы еді.
Кезінде зерттеуші Мұстафа Ысмағұлов «Қазақстан» газетін, оның шығарушыларының бірі Ғұмар Қарашты халыққа кең насихаттамақ болған әрекеті зая кетіпті. Ғалым кеңестік идеологияның кедергісінен өту үшін «Қазақстанды» таза большевиктік басылым етіп көрсетіп, әсіресе газеттің 1912 жылғы 24 сәуірде шыққан нөмірінде басылған «Ленада болған оқиға» атты мақаласын қайта-қайта алға тартқан. Тіпті Ғұмар Қараш пен Елеусін Бұйриннің Астрахан мен Бакуге сапарын сол жақтағы астыртын большевиктер ұйымымен келісу үшін барғандай жорамал жасаған. Мұның бәрі «Қазақстан» газеті туралы қандай да бір ақпаратты халыққа әйтеуір бір жеткізу мақсатынан туса керек. Бірақ цензураның қырағы көзі «Қазақстанның» ең әуелі ұлттық-ағартушылық бағытта шыққанын, қазақ ұлтын отарлық езгіден құтқарып, өнері мен білімі асқан жұртты қуып жету болғанын анық аңғарыпты. Заманынан озып туған мұндай прогрессивті басылым туралы, шығарушы азаматтардың өз халқын надандық ұйқысынан оятпақ болған жанайқайы жөнінде кеңестің «кемелденген коммунизміне» бет алған жалпақ жұрт білмегені дұрыс десе керек.
Дегенмен аталған газетке «қазақтың демократиялық баспасөзі» деп алғаш баға берген «Қазақ баспасөзі тарихының очеркі» деген зерттеу жазған Хайыржан Бекқожин ағамыз болатын.
Әрине, «Қазақстан» газеті туралы, оның басы-қасында болған Елеусін Бұйрин, Ғұмар Қараштар жөнінде тарихшы Исатай Кенжәлиев, ғалым-журналистер Тілекқабыл Боранғалиұлы, Мақсат Тәжімұрат, Қылышбай Сүндетұлы, т.б. кейін көлемді еңбектер жазды.
Тігінді қалай табылды?
«Қазақстан» газетінің толық тігіндісін Ресей архивтерінен тауып, көшірмесін 2012 жылы елімізге әкелген азамат – сол кезде Орал қаласындағы «Жайық Пресс» медиахолдингін басқарып отырған Жантас Сафуллин еді.
«2013 жылы Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің шыға бастағанына 95 жылдығын атап өтпекші болғанбыз. Сол кезде өңірде шыққан ұлттық басылымдар тарихына зер салдық. «Орал өңірі» газетінің 50 жылдық мерекелік нөмірінде (1968 жылы 17 қараша) жарияланған Тамимдар Сафиевтің мақаласы ерекше назар аудартты. Мақалада газеттің тарихына қатысты көптеген құнды дерек келтіріледі, соның ішінде бұған дейін «Хабар» және «Қазақ дұрыстығы» аталып, екі тілде шыққан газет орнына бір ғана қазақ тілінде газет шығару мәселесі талқыланғандығы, көпшіліктің ұйғарымымен газет атауы «Дұрыстық жолы» болып өзгертілгенде, оның редакция алқасына Ғұмар Қараш, Мұстафа Көкебаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Халел Есенбаев және мақала авторы Тамимдар Сафиев кіргендігі айтылған. Газет саласында редакция алқасы – ең негізгі орган болып есептелетіндіктен, алқа мүшелерінің бұрын қайда, кім болып қызмет еткендігін айқындау басты мәселе болды. Алқада мүше болған бесеудің үшеуі, яғни Ғұмар Қараш, Мұстафа Көкебаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев анық 1911-1913 жылдары «Қазақстан» атауымен шыққан газетті шығарушылар екен. Сондықтан істі «Қазақстан» газетінен бастауды жөн көрдік», деп еске алады Жантас Нәбиоллаұлы.
Бірақ «Қазақстан» газетінің тігіндісін, көшірмесін Орал тұрмақ, Алматы мен Астанадан табу оңай емес екен. Бір қарасаңыз, ақылға сыймастай-ақ жағдай: елімізде жарық көрген тұңғыш қазақ басылымының, «Қазақстан» атауын ең алғаш ресми қолданып, айналымға түсірген газеттің насихаты жер жарып-ақ тұрса керек-ті. Алайда осы газеттің түпнұсқасы демей-ақ қояйық, көшірмесінің өзін елімізден табу мүмкін емес екен. Алматыдағы Кітап палатасынан газеттің төрт нөмірінің фотокөшірмесі ғана табылған.
Қазақта «Іздеген табады» деген тәмсіл бар. Шынында да, жас та болса үлкен іске бас болған Жантас Сафуллин Санкт-Петербург пен Мәскеу шаһарларымен хабарласып жүріп, «Қазақстан» газетінің түрлі мұрағатта сақталған 16 нөмірінің сапалы көшірмесіне қол жеткізді. Ақысын төлеп, Оралға, өзінің алғаш жарық көрген отанына алдырды. Газет мәтінін араб жазуынан қазіргі әліпбиге аударып, шығарушылар туралы мәлімет қосып, «Қазақстан» 1911-1913» атты 400 беттік жеке жинақ етіп шығарды. Тіпті Ғұмар Қараштың туған немересі, сол кездері Мәскеу қаласында тұрған Нәдия Бұрханқызы Қарашевамен кездесіп, көптеген құнды құжатқа қол жеткізді.
«Қазақстан» қандай газет?
Газеттің алғашқы екі саны Астрахан қаласындағы Апресянц және Окур деген баспаханадан шықты. Кейінгі 14 саны Орал қаласында басылды.
Зерттеушілер газет шығар алдында Бөкей зиялыларының Шәңгерей Бөкеевтің үйінде бас қосып, ақылдасқанын айтады. Бұл жиында Бақытжан Қаратаев, Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин, Сейітқали Меңдешев, т.б. болған. Басылымның тіркеу машақатын заңгер Бақытжан Қаратаев өз мойнына алса, ресми редакторлық міндет орыстілді мұғалім Елеусін Бұйраұлына жүктелді.
Газеттің алғашқы алты саны алты беттен, қалған 10-ы сегіз бет болып шыққан екен. Барлығы 116 бет газеттің негізгі бөлігі араб әрпімен қазақша шыққан. Әр нөмірде орысша қосымша мақалалары, аудармалары да бар. Татар тіліндегі шағын мақалалар да кездеседі.
Әрине, қазақ тілінде жаңа басылымның шығуы патша үкіметін едәуір тіксіндіріп тастағаны байқалады. Арнайы орындар газеттің шығуына рұқсат бергенімен, оны шығарушы азаматтарды ерекше бақылауға алған. Ресей Федерациясының мемлекеттік архивінде Елеусін Бұйриннің, Шәңгерей Бөкеевтің жандармерия тарапынан қатаң қадағалауға алынғаны, газеттің әр нөмірі толық оқылып, орыс тіліне аударылып, сараптамадан өтетіні жөнінде құжаттар сақталған.
Газеттің алғашқы нөмірі 1911 жылдың 16 наурызында, №2 саны 27 мамырда шыққан. Ал келесі нөмір 15 қараша күні Орал қаласында қайтадан №1 санымен басылған. Мұның себебі, бұрын Астраханда тіркелген газет Орал қаласына көшіп келген соң қайтадан тіркелуге мәжбүр болған.
«Қазақстан» газетін атқа мінгізіп, адам ету қайғысында» әсіресе Елеусін Бұйрин мен Ғұмар Қараштың көп қиындық көргені байқалады. 1911 жылы мамыр айында елден шыққан екеу Баку қаласына сапар шегіп, әзербайжан магнаты Зейнел-Ғабиден Тағиевке жолығады. «Ақ ниетіміз құрметіне Алла тізгінімізді оңғарып, барған қажымыз қош алды. «Қазақстанға» мың сом жәрдем берді. Аталық шафағатынан ағып шыққан сөздерін айтты. Барлық қазақ атағына 3 жәлид тәфсірлі Құран Шәриф һадиа қылды. Амандасып, айырылар жерде «Қазақ баласына менен сәлем – дәулет менікі емес, милләттікі» деген сөзін айтып, көзіне жас алды. Жай-күйімізді түсіндіру барысында мәшһүр Ғали-Мардан Бек Топшыбасовтың жәрдемі тиді», деп жазады кейін Ғұмар Қараш.
Аз уақыт, үзіп-үзіп шықса да, «Қазақстан» газеті қазақ даласының түкпір-түкпіріне тараған. «Әулие қазақтың саф өз тіліндегі гәзетіміз деп іші бауыры елжіреп, Орал облысының бүтін басшы адамдары, Семей, Жетісу, Сырдария, Ақмола және басқа облыстарындағы нағыз қазақ жақсыларымыз жер-жерден көтермелеп жатыр», деп жазды бір мақаласында Елеусін Бұйрин.
Қалай болғанда да, қазақ зиялылары өздері қолға алып, 2,5 жылдай уақыт барынша жүйелі шығып тұрған, мерзімді басылым ретінде толық қалыптасқан, өз баспаханасы болған алғашқы ұлт газеті «Қазақстан» еді.
Газет атауы «Қазақстан» болуы – басылымды шығарушылардың қазақ халқын дербес ел, ерікті мемлекет ретінде қалыптастыруды мақсат тұтқанын көрсетеді. Патшалы Ресейдің отарлық езгісінде «қазақ» атауы айтылмай, «киргиз, киргиз-кайсак» деп бұрмаланған ұлттың озық ойлы азаматтары осыдан жүз жыл бұрын «Қазақстан» деген атауды тарих сахнасына алғаш рет ресми жария етті.
Ғылым мен өнерге үндеген
«Қазақстан» газеті еліміздің бір ғана батыс өңірінің мәселелерімен шектелмей, күллі қазақ жұртының түйткілді түйіндерін тап басып танып, тұтас қазаққа ортақ жайттарды көтерді. Редакцияға хат жазған авторлардың әр өңірден болуы, басылымды қаржылай қолдаған демеушілердің де әр қиырдан шығуы «Қазақстан» газетінің сол кездегі қазақ жұртының ортақ басылымы болғанын көрсетеді.
Газеттің әр бетіндегі мақалаларынан Ғұмар Қараштың озық ойлы кемеңгерлігі, шебер қисынды шешендігі, Елеусін Бұйриннің жанкештілігі, қарапайымдылығы, адалдығы, Бақытжан Қаратаевтың көсемдігі газет жұмысының пәрменділігін арттырып, Ресей Думасымен, үкіметтік орындармен тығыз қарым-қатынаста болуы, қазақ мүддесінің үкіметтік дәрежеде шешілуі үшін жасаған нақты қадамдары анық байқалады.
«Қазақстан» газеті патшалы Ресейдің қазақтарды отырықшы ету саясатын қолдады» деген бір пікір бар екенін білеміз. Рас, «Қазақстан» газетін шығарушылар көшпелі тұрмысты тастап, отырықшы болуға, ауыл-қала салуға, серіктестік құруға шақырған. Бірақ оның себебі «Оразақай» деп қол қойған Ғұмар Қараштың «Тіршілік таласы» мақаласынан анық көрінеді: «...Кең сахарада жайын өскен біздің қазақ баласының басына да тіршілік таласының заманы келіп жетті. Қазақ ішінен от арбалар салынып, жолдар ашылған соң, күнбатыста тар жерде отырған елдер бөгеп тұрған кедергісі алынған судай болып, қазақ сахарасына жайыла бастады... Егер ұйқымыздан бас көтермей, бұрынғыша жата берсек – шексіз тез заманда дүния жүзінен көшпекпіз. ...Қалғымыз келсе, адам баласын басқа жан иесінен, бір адамды бір адамнан артық еткен ғылым-өнер үйреніп, өзімізден ілгері кеткен халықтармен қатарласуға талап ету тиіс. Ата-бабадан келе жатқан жалқаулықты тастап, «тәуекел ердің жолдасы» деп, ғылым-өнер жолына түсіп, бүтін жұрт үлес алып жатқан дүниядан бізге де үлесімізді алу керек». Дәл осы аңдатпа-насихат газеттің 1912 жылғы 31 мамырдағы санындағы «Әркім өз жүрісінен құл болады» деген мақалада тіпті қатты айтылады: «...Құл болып, малша сатылып жүргендер ...тап осы күнде де бар. Тек бұрынғыдай бірінің бірі шоқпармен ...басына салып қалмайды. Бұ күнде бірін бірі мақтаменен бауыздайды. Қайтіп жанының шығып кеткенін білмей қалады. Мұның мағынасы сол, бұ күнде адам баласы бірінен бірі көріне тартып алмайды. ...Өнер менен ғылым жұмсап, барлығын ...жаулап алады. ...Өнерсіз надан адам, надан халық құл болады». Мақалада қазақ ішіне келген Иванның аңқау қазақты қалай алдап, қақпанына түсіретіні, қарызға батыратыны, ең соңында жерін алып, қазақты құлша жұмсайтыны анық айтылған. Автор (Ғабдолла Көпжасаров): «Жаным, мынау қатар отырған халыққа қарасаңызшы! Осылар ұйықтап жатса, біз де ұйықтай берелік. ...Жоқ, енді олар қару-жарағын түзеп жатса, яғни ғылым-өнер үйреніп жатса, біз ұйықтап жатуға келісі келер ме?!. Олар ертеңгі күн бар қаруын бізге жұмсайды ғой! Құр қол оларға біз не бітіреміз? ...Осы біздің сорымыз, ертең барып солардың аузына түсеміз. Біз малды машақаттанып, сол өнерлі халықтар үшін жинап отырмыз...» деп зар илейді. Тағы бір мақалада «үкімет біздің жерімізді алмай қоймайды, сондықтан жақсы жерлерге тезірек орналасып алу керек», деген идея айтады. Әрине, біз арада жүз жыл өткенде сол арыстарымыздың кеңесі өте көрегендік, дұрыс нұсқау болғанын байқаймыз.
Басылым қалай жабылған?
Зерттеушілер арасында «Қазақстан» газеті қаржы тапшылығынан тоқтап, шықпай қалды» деген пікір қалыптасқан. Алайда тігіндіні ақтарып, саралап отырып, газет жұмысының іркілуіне сыртқы күштердің әсері басым болған-ау деген ой келе береді. Себебі редакция Орал қаласына көшіп келген алғашқы кезеңде шығарушылардың қаржы тапшылығын көргені газет мақалаларынан анық байқалғанымен, бірте-бірте бәрі жүйеге түскені көрінеді. Тіпті аптасына бір шыға бастаған. №11 санда (24 сәуір, 1912 жыл) Жетісу облысынан Мамановтар мен Тұрысбековтерден қаржылай көмек келгені айтылса, №12 санда (31 мамыр, 1912 жыл) редакция «Мұхтарам оқушыларымызға» деп хабарландыру беріп, алдағы нөмірлерге жазылуды ескертеді. Осы нөмірде жарияланған «Маман» атты өлеңнің жалғасы келесі санда басылады делінген. Яғни шығарушылардың қарызға батып, газет шығаруды кілт тоқтату ниеті болмағандай. Алайда біздің қолымызға тиген газеттің келесі саны 1913 жылғы 27 қаңтарда шығыпты. Бұл екі аралықта не болды, газет шықпай қалды ма, әлде цензурадан өтпей тәркіленді ме, айып тартты ма, мұны болашақта зерттеушілер анықтар деген үміттеміз.
«Қазақстан» газетін шола қарағанда, редакцияның дүниежүзінде болып жатқан оқиғалармен оқырманын дер кезінде таныстырып отырғаны, соның ішінде түбі бір Түркі мемлекетінің төңірегіндегі соғыстарға жіті назар аударғаны, Түркияға бүйрегі бұрғаны анық байқалады. Сонымен бірге редакцияның ұлты бөлек орыстармен, казактармен, татарлармен жақсы қарым-қатынаста болғаны, өзге ұлт ішінен де ниеттес-пікірлес адамдарды өзіне тартқаны көрінеді. Газетте тұңғыш қазақ тіліндегі жарнамалар басылғаны, өз баспаханасы арқылы қосымша табыс тауып, түрлі өнім шығарғаны, соның ішінде «Ызың» атты өлеңдер жинағын шығаруы да қазақ тарихындағы бұрын баламасы болмаған жаңалықтар еді. Бұлардың бәрі болашақта жеке-жеке зерттеулерге өзек болады деп ойлаймыз.
Ақаңа ақ жол тілеген
Газеттің соңғы нөмірінде (16 ақпан, 1913 жыл) Орынбордан нағыз қазақ тілінде «Қазақ» атты газет шыққандығы, оның бас жазушысы – «Қырық мысалды» жазған атақты ақынымыз Ахмет Байтұрсынұлы, қаржылай қолдаушысы Мұстафа Оразаев деген азаматтар екендігі қазақ, орыс тілдерінде хабарланған.
«Биылғы ақпанның екісінде қазақ тіліндегі екінші газет – «Қазақтың» тұңғыш саны шықты» дейді орыс тілінде «От редакции» деп берілген құттықтау-тілекте. «Біздің әлі жас оқырман қауым қуанар да басылар, бірақ біз еңбегімізді бұлдап, халыққа ренжи алмаймыз, өйткені біздің бүйткен бұл ісіміз – ел алдында мойнымыздағы борышымызды өтеу, бұл – санаулыларға ғана бұйырар бақыт» деп ескертіп, ақ жол тілейді. Осының өзі алғашқы ұлт газетін шығарушылардың соңынан ерген әріптестеріне, дәлірек айтсақ «Қазақстанның» інісі – «Қазақ» газетіне баспасөз арқылы ұлтқа қызмет ету эстафетасын сеніп тапсырғандай әсер қалдырады...
Батыс Қазақстан облысы