• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Тұлға 22 Қаңтар, 2024

Қастеев тойына дайындық қалай жүріп жатыр?

204 рет
көрсетілді

Биыл қазақ бейнелеу өнерінің бозжусан бейнесіне айналған Әбілхан Қастеевтің 120 жылдық мерейтойы. Оған «Егеменнің» бетінде кеңінен тоқталғанбыз. Дегенмен халық санасында «ел-жұрты не істеп жатыр екен?» деген заңды сауал туады. Жақында қабырғалы қаламгер Бексұлтан Нұржекеұлы Жетісу облысы әкімінен суретшіге Жаркентте үлкен көше беруін сұрады. Одан бөлек, жерлестері музейіне де көңіл бөлінсе деген тілегін жолдауда.

Қылқалам шебері жазиралы Жаркент өңіріндегі Арқас тауының баурайындағы таби­ғаты әсем Шежін ауылында дү­ниеге келген. Сондықтан дү­бірлі думанның туған жерінен басталғаны абзал. Осы орайда сол топырақтың перзенті ретінде һәм ұлт руханиятына жанашырлықпен қайырылған халық жазушысының ұсынысы орынды деп ойлаймыз.

«Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев мырзаға жаркент­тік жұртшылық атынан бір тіле­гімді айтқым келеді. Жаркент қаласына кіреберістегі Жібек жолы көшесін Әбілхан Қастеев атына ауыстырып, шаһардың елеусіз жеріндегі Әбілхан кө­шесіне «Жібек жолы» атауын берсе деген ниетім бар. Бұл көптен айтылып келе жатқан сөз еді. Қос көшенің атауын ауыстыру, Жаркенттің бас кө­шесіне қыл­қалам шеберінің есімін беру биылғы 120 жылдық мерейтойға деген үлкен тарту болар еді...», дейді Б.Нұржекеұлы облыстық «Жетісу» газетіне берген сұх­батында.

Жалпы, өңірдің басшысы мәдени һәм тарихи танымы терең, халық тілегіне құлақ асатын азамат. Бұл ұсынысқа бей-жай қарамай, тақырыпты індете зерттеген секілді. Қазір облыста даңқты суретшінің мерейтойын лайықты атап өту үшін жүйелі жұмыстар жүріп жатыр. Былтыр Жаркенттегі есепті жиынында да  суретшінің 120 жылдық тойын жоғары дәрежеде атап өту жоспарда бар екенін жеткізген. Сонда өнер дарабозының мерейі тасып, мәртебесі өсетініне жерлестері дән риза болған еді.

Оның үстіне облыс орталы­ғына саңлақ суреткердің еңсе­лі ескерткіші тұратын кез кел­ді. Шы­ны керек, облыстық көр­кем­сурет галереясы алдына қыл­­қалам шеберінің мүсіні сұра­нып-ақ тұр. Естуімізше, Жеті­су­дың атымтай жомарт азаматта­ры оған қажет қаржыны мойнына алып отыр­ған көрінеді. Осы мәсе­ле­нің мән-жайын жақында та­ғайын­­далған облыс әкімінің орын­­басары Марлен Көлбаевтан сұра­ғанымызда қазір Мәдениет және ақпарат министрлігінен ескерткіш орнатуға заңды түрде рұқсат алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Жерлестерінің тілегі осылайша ескеріліп жатса, нұр үстіне нұр.

Біз осы ретте сол аяулы мекен­нің зиялы қауымына хабарласып, тағы да шешімін  күткен  жайлар  барын аңғардық. Мәселен, туған ауылындағы Қастеевке ар­налған саябақ ескірген. Аудан азаматтары өз қаржысына 20 жыл бұрын Шежін ауылының іргесінен ашық аспан астындағы этникалық парк жасаған. Оған үлкен тастар әкелініп, шебердің «Түрксіб түйіскенде», «Мектепке барған қыз», «Ана», «Сағымбек Құсықбаевтың портреті», тағы басқа атақты картиналары мүсін­ші қолымен көшірілген екен.

Сонымен қатар суретшінің түп атасы Елшібек бабаға кесене, XVII ғасыр­да қазақ-қал­мақ соғысында ерекше ерлік көрсет­кен Бағай батырға, соғыс ар­дагерлеріне ескерткіш қойыл­ған. Көптеген саялы ағаш кө­шеті егілгенмен, кейін­нен олар қурап қалыпты. Сая­бақ қор­шалмағандықтан ескерт­кіштер­дің де кетеуі кете бас­таған. Ға­сыр­лық тойын әлем атап өткен алыпты еске алу – ауыл­дастар­дың парызы. Этнопарк қор­шал­­са, оған су тарту мәселесі ше­шіл­се деген ел тілегі тағы бар.

«Әбілхан Қастеевтің 100 жыл­дық мерейтойына орай Жар­кент қаласында ашылған «Ә.Қастеев көркемсурет гале­реясының» пайдалануға беріл­геніне де биыл 20 жыл толды. Содан бері келушілерге бейнелеу өнерін насихаттап, халыққа қалтқысыз қызмет етіп келе жатыр. Әйтсе де ХІХ ға­сыр­да бөренеден қию­ластырып салын­ған көне ғимарат қайтадан күрделі жөн­деуден өткізуді қажет етеді. Ғи­мараттың сыртқы қабырғасы көзге қораш көрінеді. Осы жылы облысымызда басқа да мәдени іс-шаралардың жоспары жасалса, артық болмас еді», дейді Пан­филов  ауданының  Құрметті  азаматы Мырзағали Нұрсейіт.

Бұл ретте жаркенттіктер де қа­рап отырған жоқ. Әкімдік тарапынан мерейтой қарсаңында алдын ала іс-шаралар жүзеге асып жатыр. Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек мерейтойдың жоғары дәрежеде өтуіне бар күш-жігерін салатынын айтты.

«Суретшінің кіндік қаны там­ған Шежін ауылы – ауданда­ғы ор­талықтан шалғай елді мекен­нің бірі. Ауыл тұрғындарының кө­­не мектеп үйін жаңарту тура­лы құзырлы орындарға сұрау салғанына біраз жылдың жүзі бол­ған. Бұл мәселе былтыр шешімін тауып, жергілікті бюджеттен 861,8 млн теңгеге 60 орынды мек­теп үйі салынды. Шежін орта мек­тебінің оқушылары өткен жыл­дың басынан бері спортзалы мен ас­ханасы бар жаңа ғимаратта бі­лім алып жатыр. Сондай-ақ бір ауы­сымда 15 адам қабылдайтын фельд­шерлік-акушерлік жаңа ем­ха­на ашылды. Ауыл көшелері асфальт­талып, Қастеев көшесі жа­­рық­тандырылды. Ал­тыүй ауы­лындағы 1972 жы­лы пай­да­лануға берілген Ә.Қас­теев атындағы орта мек­теп ғи­ма­ратына күрделі жөн­деу жұмыс­тары жүруде, биыл күз­де аяқ­­та­лады. Оған қоса Мәде­ниет үйін жаңартуға қаржы қарас­ты­ры­лып жатыр», дейді М.Сағым­бек.

Ел газеті «Егеменде» көтеріл­ген осы мәселелерді өңір басшысы Бейбіт Исабаев өз бақылауына алады деген ойдамыз. Себебі қа­зақ даласынан шыққан аса дарынды суреткерді қалай ұлықтаса да жа­ра­сады. Бұл – тек Жетісудың ға­на емес, күллі қазақтың абыройы.

 

Жетісу облысы