• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 22 Қаңтар, 2024

Бітімгерлік миссиясы

183 рет
көрсетілді

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бітімгершілік контингентін БҰҰ миссияларына қатысуға жіберу туралы ұсынысын қолдап, дауыс берді.

Мәжіліс спикері Ерлан Қо­шановтың төрағалығымен өткен палаталардың бірлескен оты­ры­сында Мәжіліс пен Сенат де­пу­таттары Мемлекет бас­шы­сы­ның Қазақстан Қарулы күш­­терінің бітімгершілік кон­тин­ген­тін Біріккен Ұлттар Ұйы­мы миссияларына қатысу үшін жіберу туралы ұсынысын қара­ды. Мемлекет басшысының Пар­ла­ментке үндеуін Қорғаныс ми­нистрі Руслан Жақсылықов оқып берді.

«Әскери қызметшілерді бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін БҰҰ бітімгерлік миссиясына жіберу Парламенттің бұрын қабылдаған бірнеше қаулысына сәйкес жүргізіледі. 2014 жылдан бастап 57 Қазақстан офи­цері БҰҰ-ның Батыс Саха­ра­дағы, Кот-д’Ивуардағы, Малид­егі, Орталық Африка Респуб­ли­касындағы және Ливандағы миссияларына әскери байқау­шы және штабтық офицер ретін­де қатысты. 2017 жылдан бастап 538 Қазақстан әскери қызметшісі бітімгершілік бөлімше құрамында «БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері» миссиясына тер төкті. Қазіргі уақытта Қазақстан әскери­лері БҰҰ-ның миссияларында: Ба­тыс Сахарада 6 офицер, Орта­лық Африка Республикасын­да 2 офи­цер, Конго Демократия­лық Республикасында 2 офицер, Ливанда 9 әскери қызметші қызмет етіп жатыр.

Ұйым басшылығы офицер­лердің жауынгерлік машығына жоғары баға беріп, ұйымның мис­сиясында Қазақстан бітім­гер­шілерінің санын ұлғайтуды қолдауға дайын екенін біл­дірді. Біздің көптеген офицер бітімгерлік қызметке үлес қосқаны үшін медальмен марапатталып, Алғысхат алды. Бітімгерлікті қызметті қолдау, жанжалды реттеу халықаралық қоғамдастық назарында екенін атап өту маңызды. Кон­тин­гент­ті миссияға жіберу халық­ара­­лық қауіпсіздікті нығайтуға айтар­лықтай үлес қосып, Қазақ­станның жаһандық аренадағы рөлін арттыруға ықпал етеді», деді Р.Жақсылықов.

Сала басшысының сөзіне сүйенсек, Бітімгерлік миссиясы­на әскери контингент жет­кізу бо­йынша бәсекелестік бар. Осы орайда Қорғаныс ми­нистрі Қарулы күштерді Таяу Шы­ғыс­тағы, Оңтүстік Судан республи­ка­сын­дағы және Абьейдегі мис­сия­ға жіберудің маңызына тоқталды.

«Геосаяси шиеленіс жағ­дайын­да өңірлік және ұлттық қауіп­­сіздікке төнетін сын-қатер пайда болады. Оның бір бө­лігі әскери әдіс пен ден қою­ды талап етеді. Әскердің даяр­лы­ғын одан әрі нығайту және қазіргі заманғы қатерге қарсы әрекет етуде тәжірибе алу мә­селесі өзекті. Миссияға қатысу әс­кердің жауынгерлік дайын­ды­ғын жетілдіруге, бітімгерші­лік опе­рацияға тән дағдыда қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қарулы күштер әскери байқаушы, штабтық офицер ретінде әскери қызметшілерді миссияда сұранысқа ие жаяу әскер, медициналық, барлау, инженерлік бөлімшені бөлуге дайын», деді Р.Жақсылықов.

Министрдің айтуынша, Голан биіктігіне резервтік рота ретінде 139 әскери қызметшіден тұратын бірінші дербес контингентті техникасымен, қару-жарағымен, мүлкімен жіберілмек. Алғашқы бітімгерлер наурызда жолға шығады. БҰҰ-мен халықаралық шарт аясында тараптардың мін­дет­темесі, контингенті то­лық қам­тамасыз ету мәселесі ай­қын­­далады. Контингент пен мү­лікті тасымалдау Қазақстан та­ра­пы есебінен жүзеге асырылады.

Ұсынысқа сәйкес резервтегі рота, штаб офицерлері, әскери бақылаушылар және мамандан­дырылған бөлімшелер саны 430 адамға дейінгі бітімгершілік контингентін мына бағыттар бойынша жіберу жоспарланған: «Голан биіктеріндегі БҰҰ-ның бөлуді байқау күштері» (UNDOF, Сирия-Израиль), «БҰҰ бітімге келу шарттарының орындалуын байқау жөніндегі органы» (UNTSO, Палестина-Израиль), «БҰҰ-ның Оңтүстік Судан Рес­пуб­ликасындағы Миссиясы» (UNMISS, Оңтүстік Судан), «БҰҰ-ның Абьейдегі қауіпсіз­дікті қамтамасыз ету жөніндегі уа­қыт­ша күштері» (UNISFA, Судан).

БҰҰ-ның миссияларына қатысу Қазақстан Қарулы күш­теріне әскерлердің жауынгерлік машықтарын жетілдіру үшін пайдаланылатын бітімгер­ші­лік операцияларға тән қажет­ті жауынгерлік дағдыларға қол жет­кізуге мүмкіндік береді.

Мәжілістегі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан Қазақстан өзін БҰҰ-ның жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі миссияларының жа­уап­ты қатысушысы ретінде та­ны­та білгенін, аз уақытта ха­лық­аралық бітімгершілік үдеріс­терге озық по­зи­цияларға ие болғанын атап өтті.

«Бүгінгі ел Президентінің ұсынысы мемлекеттің тәуелсіздік алған алғашқы күндерінен бастап жүргізіп келе жатқан бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі ел саясатының сөзсіз жалғасы екені анық», деді А.Құспан.

Талқылау қорытындысы бо­йынша Парламент депутаттары Мемлекет басшысының БҰҰ миссияларына қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қару­лы күштерінің бітімгершілік контингентін жіберу туралы ұсынысын қолдау туралы шешім қабылдады.