• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 22 Қаңтар, 2024

Тау құлаған күн

147 рет
көрсетілді

Дүниеде ананың балаға деген махаббатындай махаббат жоқ шығар. Мүмкін дүниені ұстап тұрған да сол болар. Одан озған, оның алдына түскен сезім болса өзіңіз айта жатарсыз. Біздің далада ертеден, тіпті бірнеше мыңжылдықтар бұрын қалыптасқан дәстүрдің озығы – шешелерімізді қастерлеу, қадіріне жету – ең қасиетті іс. Ерте түрік дәуірінен бері келе жатқан тас балбалдардағы әйел-ана бейнелерінен ғана емес, ертегі, аңыз, жыр-дастандарымыздан, қысқасы ұлттық әдебиетімізден анық көрінеді. Әрідегі «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек» жырларынан басталатын алтын тамырдан жүлге тартқан небір інжу-маржандар тізіле келіп, ұлы рухпен суарылған құндылықтар ырысын еселей түседі.

Ертеректе осыған қатысты бір ұзақ толғау оқығаным есімде. «Батырдың үш өкініші» аталатын шығарманың авторы жаңаарқалық ақын Хамит Жаманов болса керек. Атақты Ақжолтай Ағыбай батыр 83 жасқа келіп, өлерінде өмірлік үш өкінішін арзу етеді. Бірі: «осы жасқа келерімді білгенде соңымда «Ақкелеп» қалған Науанға қайырылуым керек еді. Жау қолында қалған Науанның «Ақ­келеген» дауысы құлағымның түбінде жаңғырып кетіп барады» десе, қалған екеуі әйелге байланысты. Екіншісі – барымтада жігіттерін шетінен қырып келе жатқан бір талдырмаш жанды батыр екен деп өлтіріп алғаны. Ту сыртынан найзамен түйрегенде, аттан құлап бара жатқан батыр дулығасының астынан бұрымы төгіліп түскенін айтады. Үшіншісі – бәйбішенің шаңырағынан емес, сүйегінің тоқалының үйінен шығатыны. Осы үш мысалдың екеуі қазақ әйеліне қатысты болғанының өзі көптеген жайды аңғартады. Бірақ мұның бәрі ғасырдан-ғасырға көшкен фольклорлық мұралар. Бұқар жыраудың «тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін жібіткен, анаң бір аңырап қалмасын» дегені, тағы басқа аңыз-әңгімелер мен жыр-дастандардағы ана бейнелері, осының бәрін тиянақтап, шоқтығын көтеріп тұратын жазба әдебиеттегі ана образы керек-ақ еді-ау бізге. Осы орайда тіл ұшына әуелі Ғабит Мүсіреповтің ана туралы әңгімелері мен повестері, романы ілікпей ме?

«Қазақ байлығы жылқысында» дейтін «Ұлпан» романының басында. Айтпағымыз бұл роман болмаса да, автордың «Ананың анасы» әңгімесі туралы ойлағанда, көз алдыма бырдай жылқыны шырқырата қуып бара жатқан барымташы жігіттер, әлгілердің алдынан кес-кестеп өтіп тоқтатқан айбынды ана бейнесі келеді. Алып та, зор да, сұлу да емес, кәдімгі қарапайым ана. Желіккен жігіттің бірі атына өңгеріп күңдікке әлде қатындыққа алып бара жатқан он бес жасар қызына бола бар қайратын бойына жиып, соқталдай сабаздарға бір өзі жеке шауып шыққан жұдырықтай ана жүректің айбынды рухы ғой қырық жігітті қаңтарып қойған. Бұл не алып тынады, не өліп тынады. Осының алдында ғана желіккен батырларға тегін­нен олжа болып бара жатқан он бес жасар қызының соңынан шапқан әкесін ат үстінен алып ұрып, мүрдем жібере салған. Күйеуінен соң іле соңдарынан жеткен мына жалғыздың сұсы жаман. Батыр да, би де, хан-сұлтан да, қаптаған қол да емес, ана!

«Менің атым әйел, мына қыздың анасымын! Бәрің де анадан тудыңдар! Ана­мен алыспайды да, атыспайды да. Нең бар еді менің жалғызымда? Кел, ботам, өзіме!

Он бесімде өзім де тап осы қызымдай едім. Сендердің қолдарыңда кетсе, енді он бес жылдан соң қызым да тап қазіргі мендей болмай ма? Мен үшін бұдан артық қорқыныш та жоқ, қорлық та жоқ. Сол мені айдап әкелген! Берсеңдер тірі алып қайтам, бермесеңдер өлі алып қайтам!».

Бұл осы қайсар рухты ананың ғана сөзі емес, бар ананың серті десе болғандай. «Анамен алыспайды да, атыспайды да»! Осы тұста ана сөзінің орнына махаб­батпен, мейіріммен, тіпті Жаратушымен десе де орныға береді. Көркем әдебиет­ке түскені бар, түспегені бар, тарихта мың­дап саналатын мұндай оқиғалардың түбінде аналардың махаббаты мен ерлігі жатыр. Соның негізінде іргеленген ұрпақ пен ұлттың амандығы, олардың бойы­на ана сүтімен дарыған ұлы мейірім мен ізгіліктің дәнегі жатқанын кейде ұмы­тады адамзат. Шығарма соны еске салады. Әйтпесе, жастай қалыңдығынан айырылған Жалпақ батыр осы жорыққа желіксе де, жұдырықтай қызда несі бар еді? Бала күнінде елін шапқандар қалыңдығын алып кеткені батырдың өзіне өмірдің ащы сабағы болуға тиіс еді ғой. Соның кегін қуып келсе де, кезінде өз басына тиген шоқпарды жазықсыз басқаның маңдайына сілтегені қалай? Қайта мың жерден батыр болса да, жанында ізгіліктің нұры бар Жалпақ қызын арашалай келген ана сөзіне қонақ беріп, соңын күткенінің өзі ерлік екен (ол да анаға деген махаббаттан туған ерлік).

Он бесінде өзі де осылай тегіннен ол­жаға кете барған әлгі ана өмір жолын өжеттікпен баяндап, қырық жігітті қаң­тарып қойып, қызын арашалап әке­тіп бара жатып: «Жалпақ деген батыр көрсеңдер, сәлем айт!», деп қалады. Жал­пақ батыр «қолдары қарғаның тұя­ғындай қап-қара» ана кезіндегі өзінің қалыңдығы екенін сонда бір-ақ біледі. «Тау құлағандай гүрс етіп құлап түсіп еді» дейді автор.

Анадан туғаныңды, адамнан жа­ралғаныңды ұмытпау үшін Ғабеңнің ана туралы шығармаларын оқып тұрса артық емес.