• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Оқиға 22 Қаңтар, 2024

Цеденбалдың сапары һәм Димекеңнің сыйы

646 рет
көрсетілді

70-жылдар та­рихына көз салсақ, Кеңес ода­ғы мен Моңғол Халық Респуб­ли­касы арасында сол ке­зеңге сай мәдени-экономикалық қарым-қатынас орнады. Соның бір дәлелі – мына сурет. Кеңестік дәуірде елімізді ұзақ жыл басқарған Д.Қонаев ақсақал Моңғолия елінің басшысы Ю.Цеденбалға қазақы дәс­түрмен шапан жауап, басына тақия кигізіп, қошемет көрсетіп тұр.

Оқиға барысын қысқаша шолып айтсақ, 1976 жылы 18 қазанда Моңғол Халық Революцияшыл Пар­тиясының бірінші хатшысы Юмжаагийн Цеден­бал бастаған өкілдер Мәскеуге ке­ле­ді. Бұл оқиға туралы сол тұста «Социа­листік Қазақстан» газеті 19 қазан күнгі №248 санына ТАСС таратқан хабар­ға сүйеніп: «КПСС Орталық комитеті, СССР Жоғарғы Советі Президиумының ша­қыруы бойынша Моңғол Халық рево­­люцияшыл партиясының бірінші сек­ретары, Моңғол Халық Ұлы хуралы Президимуының Председателі Юм­жаагийн Цеденбал бастаған Моңғол Халық Республикасының партия-үкімет делегациясы ресми достық сапармен Мос­кваға келді» деп жазыпты.

Цеденбал осы сапарында Ле­нин орденімен марапатталады. Сөйтіп, Мәс­кеуде бір жарым тәулік қана аялдаған моңғолиялық қонақтар дереу Алматыға тартады. Расын айтқанда, Моңғолия басшысының негізі діттеген мақсаты Қазақстан еді. Бірақ сол тұстағы тәртіп бойынша Мәскеуді аттап өтуге болмайды. Сөйтіп, Кеңес елінің саяси құбыласы Мәскеуге ат басын бұрған сияқты.

Социа­лизм дәуірінде Моңғолияда басшы­лық қызметтер атқарып, тоқса­ныншы жыл­дардың басында Жетісу өңіріне қоныс аударған қаламгер Сәтей Нұртазаұлы аға­мыздың 2008 жы­лы жарық көрген «Таразы» атты ғұмыр­баяндық кітабын­да: «1974 жылы Моңғол елі тәуелсіздігі жа­рияланғанына 50 жыл болып, салта­натты жиын өтеді. Бұл ме­рекеге қаты­са­тын КСРО делегациясын бас­қа­рып Қа­зақстан Компартиясы ор­та­лық ко­ми­тетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаев Ұлан­батырға келді. Жиын-той­­дың үшін­­ші күні жеті жүз кісілік үл­­кен мей­рамха­на­да банкет өтті. Оған депу­тат­тар, пле­нум мүшелері, министр­лер, аймақ және үл­кен мекеме басшылары қа­тысты. Ірге­лес кіші залда Қонаев бас­­таған кеңестік өкілдерді қабылдау рә­сімі өтіп жатты. Бір кезде Қобда айма­ғының басшы­сы қызметін атқарып ­жүр­ген Қабдыл Шәбіұлы жетіп келді де: «Жігіттер, мына жақтағы кіші залда Қонаев ақсақалға арнап ресми қа­был­дау өтіп жатыр екен. Мен барып, сәлем беріп, сөйлесіп келейін», деп тартып кетті.

Жарықтық өткір адам еді, залды қақ жарып барып Димекеңе «Ассалау­ма­ға­лейкум, Дінмұхамед Ахметұлы» депті. Бұзып-жарып жетіп келіп, Диме­кеңе сәлем бер­ген Қабылды көрген Ю.Цеденбал дереу: «Очень хорошо! Динмухамед Ахметович, он один из выдающихся на­ших казахов. Как великий Турар Рыс­ку­лов, который обосновал нашу Конститу­цию. Он тоже оратор Шабын Хавдал. Ум­ный организатор. Иногда мы шутим над ним, называем нашим «скорой помощью». Посылаем туда, где отсталые аймаки. И справляется он быстро!», деп орыс­ша түсіндіреді. Мән-жайға қаныққан Димекең:

– Где он сейчас работает? – деп Ю.Цеден­­балға қарсы сұрақ қояды.

– Ховдинском аймаке, председателем, – деп жауап қатқан Цеденбал дереу партияның идеология жөніндегі хатшысы Лхагвасурэнге: «Сендер осындағы қа­зақ азаматтарымен Дінмұхамед Ах­ме­­товичті жеке жолықтыруды неге ұйым­­дас­тырмадыңдар?», деп сұраулы жүз­бен қарайды. Ол: «Біз ұсындық, Мәс­кеу бағ­дарламаға қоспады» дейді. Бұл екеуі моңғолша сөйлесіп жатқан тұста Димекең:

– Қалай, ел-жұртың аман ба, қара­ғым? – деп сөзін қазақша бастап. – Жиын­да бас­тарына кестелі тақиясын киіп отыр­ған қазақтар екенін білдім. Соған қа­рап ғұрыптарыңды сақтағандарыңды аңғар­дым. Ел-жұртыңа сәлем айт. Цеден­бал бас­тықпен жақсы мәміледеміз… – дей келе, бұл Цеденбалды Қазақстанға арнайы шақырғанын Димекең қасында тұр­ған Қабдыл Шәбіұлына сөз ара­сында сыздықтатып айтып қалады. Яғни бұл­ реткі Цеденбалдың Қазақстанға са­па­­ры- ның бір негізгі түйіні осында жатса керек. 

* * *

Сөйтіп, Моңғолия басшысы Цеден­бал бастаған делегация 20 қазан күні Ал­матыға ат басын тірейді. Бұл оқиға туралы «Социалистік Қазақстан» газеті­нің 21 қазан күнгі №250 санында: «Ал­маты аэропорты Моңғол Халық Респуб­ли­ка­сының, Совет Одағының, Қазақ ССР-нің мемлекеттік жалауларымен, моң­ғол, орыс және қазақ тілдерінде құт­тық­таулар жазылған транспарант­тар­мен безендірілген. Әуе лайнері аэропорт үйінің қасына келді. Самолет бас­­пал­дағы жанында Ю.Цеденбал жол­дас­ты Қазақ­стан Компартиясы Орта­лық Комитетінің бірінші секретары Д.А.Қонаев, Қазақ ССР Министрлер Со­ве­тінің председателі Б.Әшімовтер шын жүректен туыстарша қарсы алды» деп жа­зыпты.

Моңғолиялық делегация осы сапарында, аса маңызды ресми кездесулер өткізеді. Одан кейін Алматы қаласының көрікті жерлерін аралайды. 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы парктегі Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қоя­ды. Достық үйі кітапханасы мен Ленин атындағы сарайға бас сұғады. Кешкісін Абай атыдағы Қазақ академиялық опера және балет театрында өнер шеберлерінің концертін тамашалайды.

Келесі, яғни қазан айының 23-і күні қонақтар Октябрь революциясының 50 жылдығы атындағы Алматы мақта-мата комбинатында сан мың адамдық ұжымымен кездеседі. Бұл оқиға туралы ТАСС: «Комбинат коллективі Моңғол Халық Републикасының партия-үкімет делегациясын шын жүректен туыстарша қарсы алып, митинг өткізді» деп әлемге ақпарат таратты.

Сөзімізді түйіндеп айтқанда, өздеріңіз көріп отырған мына сурет осы кездесу кезінде түсірілген екен. Бұл жәдігер қаз­ір Ұланбатыр қаласының тұрғы­ны, он­дағы қазақтар арасынан шыққан тұң­ғыш кәсіби дипломат, Төтенше және өкілетті елші, қоғам қайраткері Сай­ран Қадырұлының жеке қорында тұр. Яғни Димаш Ахметұлы қадірлі қонаққа Ал­маты мақта-мата комбинатының ісмер­лері тіккен оюлы шапан мен кестелі тақия кигізіп, сый жасаған екен.