Қоғамда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысты түрлі сын-пікір айтылып жүр. Өңір-өңірде сақтандыру қорына ай сайын жарнасын үзбей аударған емделушілердің сапалы медициналық көмекке жете алмай, сергелдеңге түскенін жиірек еститін болдық. Саладағы өзекті сауалдардың бірқатарын депутаттар, қоғам белсенділері, тұрғындар қаузады. Содан ұққанымыз, шағымдардың төркіні медициналық көмектің сапасына келіп тіреледі.
МӘМС-тің міндетіне не кіреді?
Медициналық сақтандыру жүйесі шетелде, соның ішінде Еуропада бұрыннан бар. Олар уақыт сәтімен осы жаңашылдыққа бейімделіп, тиімділігін көріп отыр. Мысалы, Германияның бұл жүйеге көшкеніне ғасырдан асты. Иә, нақ қазір еліміздің денсаулық сақтау саласын экономикасы бізден әлдеқайда қуатты Германиямен салыстыруға келмес. Бірақ олар да сақтандыру жүйесін енгізерде белгілі бір күрделі кезеңдерді еңсеріп барып, аяққа тұрса керек. Бізде МӘМС жүйесіне көшу туралы ұсыныстар бірнеше жыл қатарынан айтылып келді. Кейін білікті мамандардың арасында әбден талқыланып, зерттелген жүйеге бірден емес, әдеттегі реформалар секілді кезең-кезеңімен көшетінімізді білдік. Содан 2020 жылы қаңтарда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі іске қосылды. Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру екі есе өсті. Сәйкесінше, сақтандыруға тұрғындар төлейтін жарнаның да өскенін айта кетейік. Қаржыландыруға басымдық берілген соң, әуелгі жоспар ойдағыдай орындалғанын көріп отырмыз. Ал сапаға келгенде жүйеге көптің көңілі толыңқырамай тұр. Медициналық сақтандыру жүйесі енгізілер тұста қаржыландыруға сай медициналық көмектің сапасы артып, бұрын ақылы болған қызметтердің дені тегін болатыны айтылды. Енді емделушілер бұрынғыдай шығындалмайды, дәрігерге қараларда әжептәуір ақшасын үнемдейді, көгерерміз дестік. Шын мәнінде, МӘМС-тің қаржыландыруымен кейбір емханалар медициналық құрал-жабдықтарын түгендегенін және күрделі, жоғары технологиялық операциялардан кейін аяққа тұрған емделушілер аз емес екенін көпшілігіміз біле бермейміз. МӘМС-ке қатысты көптің көкейіндегі ой-пікірдің бірқатарын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары Ілияс Мұхамеджан айтып берген еді.
– Қоғамда қанша адам болса, сонша пікір, көзқарас болады ғой. Қарапайым қисынға салсақ, бұлай болуы заңды да. Бірақ бір адамның жағдайына қарап, жалпы жүйеге баға беруге болмайтынын да естен шығармайық дегім келеді. Өкінішке қарай, көп жағдайда МӘМС-ке қатысты туындайтын сұрақтардың басым бөлігі қисынсыз. Көпшілік медицинаға қатысты мәселенің барлығын біздің қордың жұмысына тели береді. Ал шын мәнінде, мүлде олай емес. Мұны былай түсіндірейін, негізі денсаулық сақтау саласында үш негізгі кейіпкер бар. Біріншісі – Денсаулық сақтау министрлігі. Бұл – уәкілетті орган. Олар стандарттар мен бұйрықтардың, нормативтік-құқықтық актілердің қабылдануына жауап береді. Екіншісі – қабылданған стандарттар мен бұйрықтарды, нормативтік-құқықтық актілерді жүзеге асыратын медициналық ұйымдар мен денсаулық сақтау басқармалары. Үшіншісі – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры. Оның міндетіне көрсетілген медициналық көмектің төлемі мен сапасын бағалау кіреді. Сондықтан денсаулық сақтау саласына қатысты сауал қоярда сұрақтың бағыт-бағдарын біліп алған дұрыс. Көп жағдайда осындай білместіктің салдарынан сақтандыру қоры түсініксіз сұрақтың, қисынсыз сынның астына қалып жатады. Шындығында, біз халықтың құқығын қорғайтын ұйымбыз ғой, – деп ағынан жарылды І.Мұхамеджан.
Сақтандыру жүйесінің игілігі
Кімде-кім болсын, МӘМС-ке жарна аударып отырған соң, басы ауырып, балтыры сыздағанда, тиісті медициналық көмегін алғысы келеді. Алайда қаладағы кейбір емханада кезек үзілмейтіні шындық. Сол секілді қызмет көрсету сапасына көңілі толмайтындардың кезігетінін айттық. Ал мұндай жағдайда сауал жекелеген емхана мен басқарма басшылығына бағытталуы керек сыңайлы. Тағы бір жайға тоқталсақ, елімізде мемлекеттің базалық пакеті бұрыннан бар. Алайда мұндағы қызметтер шұғыл жағдайларда көрсетілетінін және белгілі бір топтарға ғана арналғанын ескеру керек. Демек МӘМС жүйесіне тықыр таяса, көптеген қызметті тегін алып отырған емделушілер қалтасына қарап, қипақтап қалуы әбден мүмкін.
Сонымен төрт жылға шамалас мерзімде халық МӘМС-тің қандай игіліктерін көрді деген сауалға ойысалық. Сөз жоқ, бірінші кезекте денсаулық сақтау саласының бюджеті көбейді. Атап айтқанда, МӘМС енгізілгенге дейін салаға жылына 1 трлн теңгеге жетер-жетпес қаржы бөлінсе, 2020 жылдан бастап бұл сома жыл сайын артып келеді. Былтыр медицинаға 2,5 трлн теңге қарастырылса, биыл қаржы көлемі 2,8 трлн теңгеге жетіп отыр. Бұрын ана мен баланың денсаулығын қорғау, 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер жоспарлы емделетін стоматологиялық көмек, оңалтудың барлық түрі, лабораториялық қызметтер, КТ, МРТ секілді қымбат қызметтерді әркім өз қаржысына алатын. Қазір мұның барлығы МӘМС есебінен төленіп отыр. Яғни осы қызметтер халыққа тегін ұсынылады. Бұрын әлеуметтік осал топтағы азаматтарға КТ, МРТ және өзге де қызметтерге жылына 25 млрд теңге бөлінетін. Қазір консультативтік диагностикалық қызметтердің бюджеті 380 млрд теңгеден асып жығылады екен. Бажайлап қарасақ, бұрын 1 трлн теңгемен тұтас халықты толық медициналық көмекпен қамту қиын болған.
Сонымен қатар МӘМС жүйесі медициналық қызмет пакетін кеңейтуге, бюджет жүктемесін реттеуге мүмкіндік бергенін де айта кеткеніміз жөн болар. Мұндағы тұтынушылар портретін қарайтын болсақ, бірнеше қызықты факторды байқаймыз. Мысалы, 15 жеңілдік санатына кіретін азаматтар үшін мемлекет жылына 400 млрд теңге қарастырады. Сонда бұл санаттағы бір кісіге 5 852 теңгеден айналады. Алайда олар, шын мәнінде, 400 млрд теңгенің емес, 700 млрд теңгеден аса соманың медициналық көмегін алады. Тиісінше, бұл санаттағы азаматтардың МӘМС-ке көңілі толады. Тағы бір мысал, былтыр дербес төлеушілер бір жылда 8 млрд теңге көлемінде жарна төлеп, есесіне олар 90 млрд теңгенің қызметін тұтыныпты. Сонда олар айына 4 250 теңге (2023 жылы – 3 500 теңге), жылына 51 мың теңге (2023 жылы – 42 000 теңге) төлеу арқылы шамамен 1 млн теңгенің қызметін алған. Ал жарна төлеп, дәрігерге ара-тұра ғана жүгінетіндер осы айырмашылықты сезініп, жеке шоттың болғанын құптайды. Бұл қатардағы емделушілер өзі төлеген жарнаны өзі пайдаланғысы келеді. Бір жағы бұл да орынды, дұрыс пайым көрінгенімен, тиімсіз секілді. Өйткені жеке шотқа жиналған ақшамен бірнеше млн теңгенің операциясы мен оңалту қызметтерін пайдалану тіпті мүмкін емес. Яғни жиналған қаржыға толық емделіп шығу қиын. Тағы бір статистиканы келтірсек, МӘМС жүйесі енгізілгенге дейін консультативтік-диагностикалық қызметтерге жылына 25 млрд теңге бөлінсе, былтыр бұл сома 376 млрд теңгеге жеткен. Яғни көрсеткіш 13 есе артқанын байқаймыз. Оңалтуға жылына 78 млрд теңге бағытталса, бұрын бөлінетін қаржы 6-7 млрд теңгеден аспаған.
– Бұрын сәби сүюді армандап жүрген ерлі-зайыптылар кезегін жылдар бойы күтетін, соның салдарынан жасына қатысты шектеулерден өтпей қалғандар да көп еді. МӘМС жүйесі енгізілгелі жылына 7 мың квота бөлінетін болды. Кейінгі 3 жылда осы МӘМС-тің нәтижесінде 5 мыңнан аса сәби дүниеге келді. «МӘМС керек пе?» деп сұраған кезде, «мұны бала сүю бақытына кенелген ата-аналардан сұраңыз» дегім келеді. Осы МӘМС-тің есебінен оңалтудан өтіп жатқан балалар қаншама? Қанша азамат МӘМС есебінен жоспарлы түрде емделіп, шарапатын көреді? МӘМС жүйесі – әлеуметтік бағдарлама. Ол ынтымақтастық қағидатын ұстанады. Бұл дегеніміз – бүгін сізге, ертең өзгеге медициналық қызмет көрсету деген түсінік. Қаржы ортақ қазанға жиналады әрі медициналық көмекті қажет ететін азаматтарға ғана жұмсалады, – деді қордың орынбасары І.Мұхамеджан.
Цифрлық технология салмағы
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық көмекті жоспарлау, медициналық көмектің сапасын мониторингілеу секілді үдерістерді цифрландыруға басымдық береді. Бұл бір жағы қаржының нақты қайда және қандай мақсатқа жұмсалатынын бақылау үшін қажет. Мысалы, қазір қор мамандары қаржының белгілі бір клиникаға бағытталғанын көре алады. Өкінішке қарай, клиникадан әрі қарай қайда жұмсалғанын анықтай алмай отыр. Цифрлық технологиялар жүйелене түссе, бірқатар мәселе у-шусыз реттеліп қалар ма еді, кім білсін?! Қор халықты кері байланысқа тартуға ниетті. Қазір қандай да бір медициналық көмекке жүгінген емделуші жүйеде «жақсы», «өте жақсы», «жаман» деген батырмалар арқылы медициналық көмектің сапасын бағалай алады. Бұл да болса медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған қадам деп түсіндік.
Қазір «е-Денсаулық» жүйесінен емделушіге медициналық қызметтің қандай түрі көрсетілгені туралы мәліметті көруге болады. Қор басшылығы жүйені бұдан әрі жетілдіре түсуді ойластырып отыр. Себебі әр емделуші өзіне тиесілі барлық ақпаратты жүйеден көріп-біліп отыруға тиіс. Қазір елдегі кейбір жекелеген емханаларда дәрігерге қайырылмаған емделушілерді жүйеде медициналық қызмет алды деп көрсету белең алғанға ұқсайды. Бір қызығы, мұндай келеңсіздік бізде ғана емес, өзге де елдерде кездесетін көрінеді. Мәселен, бір азаматтың бүйрегіне ғана ультрадыбыстық зерттеу жасалуы мүмкін делік. Бірақ базаға енгізген кезде медициналық мекеменің мамандары «ішкі құрылысын толық тексерді» деген сыңайда ақпарат қалдыруы мүмкін. Қазір «е-Денсаулық» жүйесі іске қосылғалы емделушінің қандай да бір қызметті, шын мәнінде, алған-алмағанын нақтылауға болады. Бұл, әрине, жалған жазбалардың жолын кесуге көмектеседі.
Кейінгі жылдары денсаулық сақтау саласында өзгеріс көп. Оған МӘМС те белгілі бір деңгейде әсер еткені анық. Бәсекелестік орта пайда болған соң, жекеменшік клиникалардың саны артты. Мысалы, қормен шарт жасасқан медициналық ұйымдардың 60 пайыздан астамы жекеменшік клиникалар екен. Қор басшылығының айтуынша, халық қазір өз құқығын жақсы біледі. Қорға жиі жүгіне бастаған. Мысалы, былтыр 1414 бірыңғай байланыс орталығына, Qoldau мобильді қосымшасына және Қордың Fms.kz сайтына бас-аяғы 26 мыңнан аса өтініш-шағым түскен. Тұрғындардың жиі қоятын сауалы медициналық көмектің сапасына қатысты екені белгілі. Қордың мамандары түскен өтініштер мен шағымдардың әрқайсысын жеке-жеке қарап, шешімін өтініш қалдырған азаматқа жолдап отырған. Қысқасы, қор емделушілердің құқығын қорғауға басымдық береді. Осынау мәліметтерді сабақтай келе, Астана медицина университеті медицина орталығының сарапшы дәрігері Шакизада Исағалиеваның пікіріне құлақ түрдік.
– МӘМС жүйесі енгізілгелі ел азаматтары медициналық қызметтерге, оның ішінде КТ, МРТ-ға, күрделі хирургиялық операцияларға көбірек қол жеткізе бастады. Бұл жүйені енгізуге елдегі медициналық қызметтің қолжетімділігін, сапасын арттыру идеясы негіз болды. Алайда МӘМС жүйесіне көшудің өз қиындықтары бар екен. Бағдарламаны қаржыландыруды қамтамасыз етуде қиындықтар туындады. Әсіресе МӘМС-ке көшудің бастапқы кезеңінде кейбір медициналық қызметтер шектеулі түрде көрсетілсе, кейбір аймақтарда кадр тапшылығы байқалғандай болды. Сонымен қатар сақтандыру жүйесіне көшу жайы біраз талқыланғанымен, реформа жылдам қабылданғандай болды. Мұның салдары медициналық ұйымдардың жаңашылдыққа тез бейімделуіне қиындық туғызды деп ойлаймын. Кейбір науқастар қажетті медициналық көмегін алу үшін апталап күтуге мәжбүр болды. Ә дегеннен денсаулық сақтау жүйесіне қажетті кадрларды тартуға, ұйымдарды тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге уақыт бола қоймады. МӘМС жүйесі бұдан да тиімдірек болуы үшін бағдарламаны қаржыландыру жағын әлі де жетілдіріп, тапшы мамандықтар бойынша маман даярлаумен қатар сапалы медициналық қызмет көрсетуге қолбайлау болып отырған басқа да мәселелерді реттеу қажет деп ойлаймын, – дейді Ш.Исағалиева.
Әрине, халықты сапалы медициналық көмекпен қамтуға келгенде Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде кемшілік болмады деп айта алмаймыз. Қор басшылығы биыл да жүйені реттеуге күш салатыны түсінікті.