Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің 2023 жылдың жұмыс қорытындысы және биылға белгіленген міндеттерді талқылауға арналған алқа отырысы өтті. Жиында агенттік төрағасы Дархан Жазықбай былтыр қолға алынған барлық бастама Мемлекет басшысының мемлекеттік аппараттың сервистік моделін қалыптастыру міндеттерін жүзеге асыруға бағытталғанын мәлімдеді.
Өткен жылы агенттік мемлекеттік қызметке іріктеуді толық цифрландыру арқылы «е-Qyzmet» интеграцияланған ақпараттық жүйесін жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізді. «Мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа алгоритмі 6 мемлекеттік органда сынақтан өтті. Жаңа іріктеу алгоритмі әзірленіп, онда конкурстық рәсімді өткізу форматы қайта қаралды. Бұл қадам үміткерлерге алдын ала белгіленген уақытта өтетін әңгімелесуден басқа барлық кезеңде, кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен конкурсқа қатысуға мүмкіндік берді», дейді Д.Жазықбай.
Мемлекеттік органдарда өткізілген мыңнан астам конкурсқа 5 815 үміткер қатысып, оның 652-сі өтті. Онлайн жүйе бойынша бір орынға қатысушылардың үлес көрсеткіші 4,6 адамды құрап, қолданыстағы (1,7 адам) іріктеу тәртібімен салыстырғанда қатысушылардың саны 2,7 есеге артты. Бұл азаматтардың жаңа жоба аясында мемлекеттік қызметке деген қызығушылығы артқанын көрсетіп отыр. Биыл жаңа іріктеу жүйесін кезең-кезеңмен барлық мемлекеттік органға енгізу жоспарланып отыр.
«е-Qyzmet» жүйесі маңызды ақпараттық жүйелермен интеграцияланып, өзге ақпараттық жүйелерден үміткер туралы ақпарат алу, оның соттылығын немесе өзге заң бұзушылықтарға қатысы бар-жоғын тексеру, біліктілік талаптарына сай келуін қарау үрдістері автоматтандырылды. Бұл мемлекеттік қызметке үміткерлерді артық құжат жинаудан босатты.
Мемлекет басшысы 2022 жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне толыққанды стратегиялық HR институтына айналу міндетін қойған болатын. Агенттік осы бағытта тиісті дайындық жұмыстарын жүргізіп, өткен жылы Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ішінен Адами ресурстарды басқару институты құрылды. Бұл мекеме құзыреттілікті бағалау, HR-аналитика, талант менеджмент, тестілеу, ақпараттық жүйені сүйемелдеу тәрізді бес бағыт бойынша жұмыс атқармақ.
Мемлекет басшысының «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығымен агенттікке мониторинг және талдау жүргізу бойынша функция жүктелгені мәлім. Өткен жылы сауда және интеграция, қаржы, халықаралық қатынастар, ауыл шаруашылығы, экология және табиғи ресурстар сынды 5 салалық бағыт бойынша талдау жүргізілді. Мониторинг қорытындысына сәйкес адам қажеттілігіне және сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға, сондай-ақ бюрократиялық кедергілерді азайтуға бағытталған ұсыныстар әзірленді.
«Оның ішінде мемлекеттің қатысуы тиімсіз, квазимемлекеттік секторды қоса алғанда, 200-ден астам ұйымды тарату және қайта ұйымдастыру немесе олардың функцияларын бәсекелестік ортаға беру, жергілікті атқарушы органдардың 70-тен астам функциясын төменгі деңгейге түсіру арқылы оңтайландыру, 100-ге жуық қызмет алу кезінде төленетін мемлекеттік бажды және мемлекеттік органдар салатын бірқатар айыппұл түрін алып тастау, мемлекеттік қызметтердің 50 түрі бойынша ақпараттық жүйелерді интеграциялау мүмкіндігін қарастыру сынды ұсыныстар бар», дейді Д.Жазықбай.
Оның айтуынша, мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыстың нәтижесінде мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту бойынша 550-ден астам кейс дайындалған. Бұл кейстер ұсыныс ретінде Үкіметке енгізілді. Олардың 152-сін іске асыру үшін заңнамалық деңгейде шешімдер қабылдауды қажет етеді.
«Мәселен, осындай заңнамалық бастамалар облыстық және аудандық маңызы бар қалалардағы жер комиссиясы институтын қысқартуға мүмкіндік берді. Бұл өз кезегінде қызмет берушілердің жауапкершілігін арттыруға және қызмет көрсету үрдістері мен мерзімдерінің қысқаруына әсер етеді», деді агенттік төрағасы. Биыл агенттік әкімшілік кедергілерді және бюрократиялық әуре-сарсаңның жойылуын қамтамасыз ететін заң жобасын әзірлеуді жоспарлап отыр.
Агенттік өткен жылы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау саласында 498 тексеру жүргізіп, 66 мың заң бұзушылықты анықтады. Нәтижесінде, 898 лауазымды тұлға – тәртіптік, 365-сі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қызмет алушылардың құқықтарын проактивті түрде, олардың шағымдарын күтпей-ақ, қашықтан мониторинг жүргізу тиімділігін көрсетіп отыр. Бұзушылықтар анықталған жағдайда заңдылықты қалпына келтіру және қызмет алушылардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу бойынша шаралар қабылданады. Мониторингілеу нәтижесінде, өңірлерде ақпараттық жүйе арқылы 11 мыңнан астам заң бұзушылық анықталып, 360 азаматтың құқықтары қалпына келтірілді.
Мемлекеттік қызмет көрсету үрдістерін жетілдіру мақсатында жүйелі талдау жүргізіліп келеді. Нәтижесінде, «электрондық үкімет» порталында жұмыс істемей тұрған 40 мемлекеттік қызмет анықталды. Қазіргі уақытта олардың 14-і іске қосылды, қалған 26-сын іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Өткен жылы агенттік мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексіне түсіндірмелер әзірледі. Олар кодекстің нормаларын тәжірибеде қолдану барысында дұрыс түсінуге бағытталған.
Жалпы, былтыр әдеп жөніндегі кеңестердің 195 отырысы өтіп, 1 300-ден астам өтініш қаралыпты. Агенттіктің үйлестіруімен өңірлерде әдеп жөніндегі уәкілдер тарапынан ауқымды түсіндірме жұмысы жүргізіліп, 26 мыңнан астам азамат пен мемлекеттік қызметшіге жеке консультативтік көмек көрсетілді.
Айта кету керек, 2023 жылы агенттік тарапынан 396 тексеру жүргізіліп, 13 мыңнан астам бұзушылық анықталған. Тексеріс қорытындысы бойынша заңсыз актілердің күшін жою туралы 345 ұсыным және ұйғарым енгізіліп, олардың 97,9%-ы толығымен орындалды. Бақылау шараларының нәтижесі бойынша қабылданған шешімдердің арқасында 191 азаматтың құқығы қорғалды.