Алматыдағы жер сілкінісі кезінде ғимараттардың қирауы мен зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ, деп хабарлайды Egemen.kz ақпарат агенттігі.
Бұл жайында қалалық Төтенше жағдайлар департаментінен мәлімдеді.
«Ғимараттардың қирауы мен зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. Тыныштық сақтауларыңызды сұраймыз. Қауіпсіздік мақсатында келесі ескертуге дейін далаға шығу керек», деді Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда 5 балдық жер сілкінісі сезілген болатын.
Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «СТӘК» ЖШС-ның сейсмикалық стансалар желісі Алматы уақытымен 23 қаңтар күні 00 сағат 09 минутта жер сілкінісін тіркеді. Жерасты дүмпуі Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 264 шақырым жерде, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасы аумағында болды.