• RUB:
    5.01
  • USD:
    488.11
  • EUR:
    530.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Қаңтар, 2024

Қазақстанда қанша адам тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болды?

233 рет
көрсетілді

Отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстық құқық бұзушылықтардың саны жыл сайын артып келеді. Осыған байланысты елімізде қандай шаралар қабылданып жатқанын БҰҰ-ның еліміздегі әйелдер өкілдігінің басшысы Дина Амришева айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, 2022 жылы полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 115 мыңнан астам арыз түскен. Өткен жылдың өзінде полицияға 50 мыңнан астам әйел жүгінген. Сонымен қатар Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, соңғы 4,5 жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 869 адам қаза тауып, 2086 ауыр дене жарақатын алған. Бұл зорлық-зомбылықпен күресте неғұрлым батыл шаралар қабылдау қажеттігін көрсетеді», деді Дина Амришева. 

Сонымен қатар Дина Амришева гендерлік зорлық-зомбылық барлық елдер үшін өзекті жаһандық проблема екенін айтады.

«Өкінішке қарай, бұл адам құқықтарын бұзудың ең кең тараған түрі болып қала береді. БҰҰ мәліметі бойынша, әлемде әрбір үшінші әйел зорлық-зомбылыққа ұшырайды. UN Women жаһандық веб-сайтында жарияланған «Гендерлік сауалнама 2023» жыл сайын 245 млн әйел мен қыз өздерінің жақын адамдарынан физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырайтынын жазды», деді Дина Амришева.