Жұрт «Жетісудың жеті кереметінің бірі» деп бағалап кеткен Кеген ауданы Шырғанақ ауылындағы «Мұзтаудан» қыстай адам аяғы арылмайтын. Айналаны ақ ұлпа қар басып, сақылдаған сарыаяз жүргенде жазық далаға өзінше көрік беріп, биіктей түсетін «Мұзтаудың» әр жылғы пішіні де әртүрлі болып, көптің аса қызығушылығын тудыратын. Оған алыс-жақыннан, тіпті осы өңірге сапарлайтын туристер де толассыз келетіндігін жергілікті тұрғындар жиі айтады. Қыс айларында мұндай ғажайыпты көруге көршілес Райымбек ауданының тұрғындары да құмартатын еді. Енді олардың өз «мұзтаулары» бар.
«Биылғы жылы Қарасаз ауылынан биіктігі 16 метрге жетерлік «Мұзтау» пайда болды. Бұған осы өңірдегі ауыл тұрғындары түгел қуанып, қыс қызығына кенелді. Қарасаз ауылына үш артезианнан ауыз су тартылған. Қысым жоғары болып, қысты күні жарылып кетпес үшін артық суды сыртқа бөлу арқылы осындай «мұзтау» жасаудың орайы келді. Оған ауылдың белсенді азаматтары атсалысты», дейді Қарасаз ауылдық округінің әкімі Дидар Нұрболұлы.
Қарасаз ауылында 3 мыңға жуық адам тұрады. Тұзкөл ауылы да осы округтің аумағында орналасқан. Көптің көзайымына айналған «Мұзтауға» Райымбек ауданының ғана емес, ендігі кезекте кегендіктер де келе бастаған. Екі ауданның бірлескен іс-шараларын өткізу жоспарланған. Сонымен қатар мекемелер мен еңбек ұжымдары да бас қосып, қыс мезгілінің қызықтарын мәнді өткізуде жұдырықтай жұмыла бастаған. Осындай игі істің бастауына айналған «мұзтау» маңынан сырғанаққа қарық болған балалардың күміс күлкісін естіп, қуанышты сәттерін көруге болады.
Жуырда осы өңірде көмір тасымалдаушы азаматтардың ұйытқы болуымен Шалкөде, Тұзкөл, Қошқар, Қарасаз ауылдарының тұрғындары бас қосып, бірлескен іс-шара өткізген. «Мұзтау» маңындағы қыс қызықтары мұнымен бітпек емес.
«Сәтті басталған «Мұзтау» алаңында шаңғышылар, конькимен, шанамен сырғанаушылар жарыстарын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Келешекте іргесі кеңейіп, келушілерге жағдай жасауды ойластырудамыз. Ауыл – бәріміздің ортақ үйіміз болғандықтан, бұл істе азаматтар аянып қалмайды», – дейді ауыл әкімі Дидар Нұрболұлы.
Алматы облысы