Орал қаласында Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық драма театрының әртісі, Мәдениет саласының үздігі Эльмира Мақашеваның бенефисіне арналған «Нора» қойылымы сахналанды.
Норвегиялық драматург Генрик Ибсеннің 1879 жылы жазылған «Қуыршақ үй» пьесасы 2001 жылы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік құжаттық мұраны қорғау бойынша «Әлем жады» тізіміне енгізілген еді. Қойылымның басты кейіпкері Нора күйеуі Торвальдті ажалдан арашалау үшін барын салады, тіпті өтірікке барады. Дерттің беті қайтып, биік мансапқа қол жетіп, енді бақытты өмірдің есігі ашылды дегенде, күтпеген жерден құпия ашылмақ, бәрі күл-талқан болмақ... Нора күйеуінен қолдау, кешірім күтеді, өйткені осының бәрі сол үшін жасалған еді ғой...
Кейіпкерлерінің ішкі жан-дүниесін қобалжытып, сан қалыпқа түсіретін күрделі психологиялық пьесаны қазақ тіліне тәржімалаған – Эльмира Жұмажанқызының өзі болатын. Оның үстіне қойылымдағы 4 кейіпкерді – Нора келіншек, оның күйеуі Торвальдт, адвокат Хельмер мен қыз күніндегі құрбысы Фру Линнені Эльмира Мақашеваның жалғыз өзі сомдап шықты. Осылайша, өзінің 50 жасқа толған туған күнінде көрермендерге ерекше мәдени тарту жасады.
– Бұл пьесаның жазылғанына 1,5 ғасыр өтсе де өзектілігін жоғалтпаған дүние. Біз оны қазақ тіліне аударып, бір адамдық моноспектакль етіп ыңғайладық. Қойылым Эльмира Мақашеваның бенефисіне арнайы дайындалды, – дейді қоюшы режиссер, Қазақстан Республикасы мәдениет қайраткері Батырбек Шамбетов.
Жалғыз әртістің бір қойылымда бірден 4 образды алып шығуы – Орал театры тарихында бұрын-соңды болмаған дүние. Сондықтан да бұл оңайға түспегені анық. Дегенмен, 30 жылдық сахналық тәжірибесі Эльмира Жұмажанқызының әбден қалыптасқан өнер шебері екенін көрсетті. Қойылым соңында кеш иесі көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, құшақ-құшақ гүлдің астында қалды. Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев алғысхатпен марапатталса, өнерпаздың туған жері – Теректі ауданы да арнайы құттықтап, иығына қамзол жапты.
Айта кетейік, Эльмира Мақашева – әртістігі, аудармашылығынан бөлек, қоғамдық жұмыстардың да белортасында жүретін қайраткер жан. Өткен жылы ғана Теректі ауданының құрметті азаматы атанды. 2021 жылы Орал қаласындағы Оқушылар сарайы жанынан «Мақашева театрын» ашып, жүргізіп келеді. Қазір бұл театрда 50-ге жуық бала сахна өнеріне тәрбиеленіп, қала мектептерінде бірнеше қойылым дайындап үлгерген.
Батыс Қазақстан облысы