• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Сараптама 24 Қаңтар, 2024

Гендерлік теңдік және әскери міндет

274 рет
көрсетілді

Қазақстандық қоғамдық даму институты Отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығының 2023 жылғы «Заманауи Қазақстан қоғамындағы гендерлік саясат» талдау есебінде гендерлік теңдік саласындағы әскери қызмет мәселесі де қарастырылған.

Адам құқығының жалпыға бірдей декларациясының 1-бабына сәйкес барлық адам тумысынан азат және қадір-қасиеті мен құқығы тең болып дүниеге келеді. Декларацияның 2-бабына сүйенсек, әр адам нәсіліне, түр-түсіне, жынысына, тіліне, дініне, саяси немесе басқа да наным-сенімдеріне, ұлттық немесе әлеуметтік тегіне, мүліктік, тектік-топтық немесе басқа жағ­даят­тарға қарамастан құқығы мен бостандығы тең болуға тиіс.

Гендерлік теңдік мәселесі ал­ғаш рет осы халықаралық құ­жатта бекітілген. Әйелдерге қа­тысты кемсітуді жою туралы кон­венцияның 3-бабына сай әйел­дердің құқығы мен бостан­дықтарын ерлермен теңдік негі­зінде іске асыруына және пайдалануына кепілдік беру үшін тиісті шаралар атқарылып, заңнама қабылданады. Бірқатар мемлекетпен қатар Қазақстан да осындай маңызды халықаралық актілердің қатысушысы.

Гендерлік теңдік қағидатына қатысты көпшіліктің қызығу­шылығын тудыратын салалардың бірі – әскери міндет. Гендерлік дискриминацияға қарсы та­рап­тың пайымынша, тек ер адам­дардың әскерге шақырылуы гендерлік теңдікті орнатуға кедергі келтіреді.

Шетел тәжірибесіне қа­ра­сақ, кей елдерде әс­кери міндет әйелдерге де жүк­телген. Мысалы, БҰҰ армия­сын­дағы алғашқы әскери қолбасшы және әуе күштерінің басшысы норвегиялық әйел азамат болған. 2017 жылға дейін 18 жыл қатарынан әйелдер осы елдің қорғаныс министрі қызметін атқарды. Норвегияда 19-дан 45 жасқа дейінгі әйелдер де, ер­лер де әскерге алынады. Норве­гиядан кейінгі дәл осындай тәжірибе енгізген еуропалық ел – Швеция. Ал АҚШ-та әйелдерге 2014 жылдан бастап кез келген әскерде қызмет етуге рұқсат етілген. Мәселен, барлық персоналдың орташа есеппен 16%-ын әйелдер құрайды. Бұл армиядағы әйелдердің рекордтық санын көрсетеді. Қазіргі уақытта гендерлік теңдік қағидатын ұстану мақсатында АҚШ әскери күштері фитнес талаптарын қайта қарап жатыр. Сол сияқты Үндістан әйелдері 1992 жылдан бастап армияда қызмет ету, оның ішінде офицер шенін алу құқығына ие болды. Алайда бү­гінде Үндістанның 1,4 миллион әскерилерінің қатарында тек 0,56% әйел бар.

Бүгінде еліміздің Қарулы күштерінде 7 мыңнан астам әс­кери қызметші-әйел жұмыс іс­тейді. Ал өзіндік тәуекел мен психологиялық кедергіден тұра­тын азаматтық қорғау органда­рында (АҚО) жалпы ерлермен қатар 5623 әйел де қызмет атқарады.

Сондай-ақ АҚО-да гендерлік саясатты іске асыру шеңберінде «ҚР Төтенше жағдайлар ми­нистр­лі­гінің Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын арнаулы оқу орнына оқуға қабылдау қағидаларын бекіту туралы» ҚР ТЖ 2021 жылғы бұйрығына арнаулы оқу орнына қыздарға арналған дене шынықтыру нормативтерін енгі­зуді көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізіліпті. Әйел-әскери қызметші санын АҚО-да арттырумен қатар Қор­ғаныс министрлігі, СІМ, ІІМ, БП-да әйелдерге қарсы зор­лық-зомбылықтың алдын алу, әйел­дер мен ерлердің тең құқын қамта­масыз ету бойынша тренингтер өткізіліп келеді.

БҰҰ Қазақстанның осы са­ла­дағы жетістіктерін оң баға­лайды. Атап айтқанда, Қазақстан Орталық Азиядағы гендерлік теңдікті ілгерілету жөніндегі ұлттық органды құрған және өңірде WEPs бойынша көш­басшы ел болып саналады. Алайда халықаралық және мем­лекеттік деңгейдегі же­тіс­тіктерге қарамастан, қоғам­да әйелдердің әскерге баруы ту­­ра­­лы пікір әртүрлі. Зерт­теу бойынша басым көп­шілік мемлекеттік деңгейде бей­бітшілік пен қауіпсіздікті қам­тамасыз етуге ер адамдар қа­ты­суы керек деген пікірді ұста­нып отыр.

Қазақстан әйелдердің бей­біт­шілік пен қауіпсіздікті қамта­масыз ету ұстанымын мемлекеттік қана емес, халықаралық деңгейде де күшейтуге ұмтылып келеді. Гендерлік теңдік мәселесінде Қару­лы күштер мен АҚО-дағы әйел­дер туралы стереотиптер мен көзқарасты өзгертуге ба­ғыт­талған ақпараттық және білім беру науқанының маңызы артады. Қоғамдық пікір­ді және түрлі көзқарасты тұрақ­ты зерттеу, қоғамдағы оң өзгеріс­терді бірлесіп алға жылжыту үшін өзара диалог құру, халық­аралық тәжірибе алмасу өзекті күйінде қалып отыр.

 

Әмина ҚУАНЫШБАЕВА,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы