Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста «Ақжайық» Қазанда «Ак Барс-Динамо-2» командасымен екінші кездесуін өткізді.
Бірінші таймда «Ақжайық» сапынан Максим Пахомов пен Нұрбол Бөкешов қарсылас қақпасына қос доп салып, есепті 4:1-ге жеткізді. Қазандық клубтан Егор Жуков жалғыз голмен жауап қатты.
Екінші кезеңде Николай Шавалдиннің шәкірттері қарқынды тіпті күшейте түсті. М.Пахомов тағы екі голды еншісіне жазса, команда капитаны Максим Өтебалиев те қақпаны дәл көздеп, бір голдың авторы атанды. Тағы бір ресейлік Артем Лапшин қарсылас қақпасына екі доп енгізді. Матч соңында қазандықтардан Даниил Пимяхин бір голмен жауап қатты. Осылайша, 9:2 есебімен қарсыласын тас-талқан етіп жеңген «Ақжайық» ұпай санын 30-ға жеткізіп, екінші топта жеке-дара көш бастады.
Батысқазақстандық клуб келесі ойнын 26-27 қаңтарда Ульяновск қаласында «Волга-Черемшанмен» өткізеді. Осылайша, «Ақжайық» қатарынан алтыншы жеңісіне қол жеткізіп отыр.