• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 24 Қаңтар, 2024

Ұлттық өнеріміз Францияны ұйытты

164 рет
көрсетілді

Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының шығармашылық ұжымдары мен әртістері Францияның Бельфор қаласында «Focus Kazakhstan 2024» ауқымды мәдени жобасына қатысып жатыр. Жыл соңына дейін жалғасатын жобаға өнерпаздарымыз екі бірегей музыкалық іс-шара ұсынады.

Қазақ өнерпаздарының кон­церттік бағдарламасы Бельфор залының ресми кестесіне енді. Ұйым өкілдерінің айтуынша, бұл сирек кездесетін оқиға. Содан болар, зал көрерменге лық толып, қошеметке бөленді.

Айта кетейік, «Focus Kazakh­stan 2024» жобасын Бель­фор Ұлттық театры «Le GRANIT» және «Art Ambass­adeurs» ұйымы ұйым­дас­тырып отыр. Жалпы, іс-шараның мақсаты – Қазақстан мен Франция арасындағы мә­дени ынтымақтастықты нығай­ту. Алдағы уақытта түрлі жәр­меңкелер, фильмдер мен көр­мелер өткізу жоспары бар. Ес­ке салсақ, 2022 жылы атал­ған ұйым өкілдерінің жоба­ны іске асыру аясында екі ел­дің мәдени ынтымақтастық мәсе­ле­лерін талқылау мақса­тын­да «Қазақконцерттің» тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан еді. Делегация «Халық қазы­насы» ұлттық өнер орта­лы­­ғының әртістері мен клас­си­­­калық өнер бөлімінің солис­терінің шығармашылығына зор қызығушылық танытты. Нә­ти­жесінде, «Қазақконцерт» әртіс­тері «Focus Kazakhstan 2024» жобасында өнер көрсетіп жатыр.

19 қаңтарда Maison du Peuple de Belfort залында әлемге әйгілі «TURAN» этно-фольклорлық ансамблі, қазақ би өнерінің інжу-маржаны «Гүлдер» ансамблі мен «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығының солистері Айзат Қарабек пен Ас­қар Мұқияттың қа­ты­суымен «Дала әуен­­дері» кон­­церті өтті. Әртістердің шы­ғар­­­­машылық кол­ла­борация­сы шетелдік көрер­менге дала ру­хы мен ұлттық мұра байлығын бі­рік­­тір­­ген қазақ мәде­ниетінің әсем әле­мі­нен ұмытылмас әсер сыйлады.

Ал 26 қаңтар кү­ні жоспар­ланған му­зыкалық кешке клас­­сикалық өнер бө­лі­мінің солистері, Қазақ­станның еңбек сіңірген қай­раткері Бибігүл Жанұзақ, Мә­дениет саласының үздігі Дина Мирманова, «Дарын» мем­лекет­тік жастар сыйлығының лау­реаты Азат Мәлік және «forte trio» мемлекеттік триосы қа­тысады. Концерт бағдарлама­сын­да шетелдік және еліміздің композиторларының классикалық музыка жауһарлары орындалады.

Францияның қоғам қайраткері Рафаэль Содини екі ел арасындағы ортақ мүдделердің бар екеніне тоқталды.

«Бұл қазақ мәдениетін жақсы білмейтін, бірақ танысқысы ке­ле­тін Бельфор тұрғындарына керемет мүмкіндік. Қазақстан мен Франция арасында ортақ мүдделер бар. Тек саяси-экономикалық тұр­­ғыда емес, мәдени жағынан да қарым-қатынасымызды ны­ғай­ту маңызды деп ойлаймын. «Тұран» этно-фольклорлық ан­сам­блі Бельфорда екінші мәрте өнер көрсетіп отыр. Бұл жолы жергілікті тыңдарман көп болды. Сондай-ақ аты аңызға айналған «Гүлдер» ансамблінің жаңа құ­рамы франциялық қауым үшін жа­ңа­лық болды», деді Рафаэль Содини.

Сондай-ақ «Гүлдер» ансамблі­нің бас балетмейстері Анвара Әріп­қызы гастрольдік сапардың мәдени маңызын атап өтті.

«Франция сахнасында өнер көрсету – біз үшін бір жағынан сынақ, бір жағынан мәртебе. Белгілі «Тұран» ансамблімен бірге шыққанымыз да бишілерге емтихан сынды. Ұлттық аспаптарда дәстүрлі әуендеріміз орындалды. Мың бұралған бишілеріміз бен әншілеріміз өз өнерлерімен шашу шашты. Сахнадағы көгілдір экран­­­нан еліміздің көрікті жер­лері көр­­сетілді. Концертке жинал­ған қауым Қазақстанға виртуалды сая­­хат жасағандай әсер­­де бол­ғанын ерекше таң­­да­ныспен айтты», деді ол.

Ал әнші Асқар Мұқият француз сахнасында халық әні «Екі жиренді» шырқады. Бұл әнді таңдап алуы да бекер емес.

«Француздардың және сол жақта өмір сүріп жатқан түркі тілдес халықтардың қазақтың ұлттық өнеріне, ұлттық аспаптарына, биі мен әніне деген ыс­тық ықыласын көріп, ерекше тол­қыдым. Алғашқы концертіміз жо­ғары деңгейде өтті. Кеш соңында көрермендер орындарынан тұрып, қошемет көрсетіп, бізді сахнадан жібермей біраз тұрды. Ал өзім Франция еліне халық әні «Екі жирен» мен Үкілі Ыбырайдың «Жиырма бесін» таңдап алдым. Өйткені «Екі жирен» – қазақ өнерін Еуропа төріне танытқан Әміре Қашаубаевтың репертуарында болған және Парижде орындалған ән», дейді Асқар Мұқият.

«Focus Kazakhstan 2024» іс-шарасы екі елдің музыкалық дәс­түрлерінің мәдени байланысына баса назар аударған екі ел арасындағы бірыңғай мәдени көпір болмақ. Айта кетейік, жыл соңына дейін жалғасатын жоба аясында бірқатар концерт, жәрмеңке, кино көрсетілім мен көрме жоспарланып отыр.