Өткен жылдың ауыртпашылығымен қоса қуанышы да жеткілікті болды. Қымбатшылық қысқан елдің еңсесі Республика күні қарсаңында бір көтеріліп қалды. Бұрыннан еленбей жүрген, еленсе де сыртқақпай жүрген біраз азамат мемлекеттік марапат алды. Қарағандыны елең еткізген басты оқиға – облыс мәслихатының депутаттар корпусы жазушы, журналист, қоғам қайраткері Төрехан Әкімжанұлы Майбасты облыстың құрметті азаматы атағына лайықты деп таныды.
Қарағандыдан талай марғасқа шыққан. Бірақ олардың бәрі мұндай атақ алған жоқ. Тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Геннадий Головкин, ғалым, бар саналы ғұмырын обыр деген озбырмен алысуға арнаған, жүздеген адамның өмірін ұзартуға тікелей атсалысқан профессор Ғани Мұсылманбеков...
Енді осындай ел таныған, жұрт сыйлаған азаматтардың қатарында Төрехан Майбас та бар.
Сексенге қарай аяқ басқан Төреханның өмірбаянын тізбектеп шығудың қажеті шамалы болар. Жазушының шығармашылығын жете білмеген адамның өзі оның әлдебір жазбасын оқыса болды, ар жағынан мұрты қылтиып тұрған жазмышының жарасымды бір сәтін байқамауы мүмкін емес.
Қарағанды университеті филология факультеті 125 шәкіртінің ішінен оза шапқан жүйрік деп эпитетшілесем, оным шындыққа жанаса қоймас еді.
«Көптің бірі еді» деп мәймөңкелесем, тағы болмайды.
...Топтас Қасқырбай досымыздың өлеңдері облыстық «Орталық Қазақстанға» әредік жарияланып тұрады. Қуанып қаламыз. Араға апта салмай қаламақысы келеді. Ол күні біз үшін той. Қыздарды дәмханаға апарып тойдырамыз. Жігіттер де бір жасап қалады.
Сонда әлгі ақынымыз дандайсымайды.
Елдің әр қиырынан келіп оқып жүрген жігіттер санаулы-ақ. Нұрмұхан, Қанат, Ермек, Әштай, Қасқырбай, Төрехан. Орыс бөлімінен, басқа факультеттерден Ерден Қажыбеков, Дима Нұржубалин сияқты шығармашылыққа ден қойып жүрген жігіттер де қатарымызға қосылады.
Бір күні... Қолы босай қалса, қағаздан бас көтермейтін Төкең айды аспаннан бір-ақ шығарды.
Ол кезде атақты ақын-жазушылардың қолы жете бермейтін «Жалын» журналында «Арқада – зауза» деген топтамасы жарқ ете түссін. Оның болашақ этнограф екені осы топтамасынан айқын көрінген еді. Өйткені оның өлеңдерінен қазақылықтың қаны тамып тұрған-ды. Жиырма жасында мұндай өлеңдер жазу екінің бірінің қолынан келеді деп айту қиын. Сол ақынымызды сол жиырма жасында жоғалтып та үлгердік.
Жиырма жасында, 1974 жылы ол Фариза апайымыздың қолдауы арқасында жас жазушылар мәслихатына қатысып, прозаик болып оралды. Оның прозасына Оралхан Бөкей ағамыздың өзі батасын берсін.
Ол бірден сол «Керат» деген әңгімесімен прозаик болып танылды. Алайда сол кездегі ұстанған саясатымызбен қабыспағандықтан, ол әңгімесі жарық көре қоймады. Есесіне қарағандылық студенттер әңгімені қолмен көшіріп, кезектесіп оқысын.
Ақ өлең жазып, Назым Хикметті қазақшалап жүрген Төреханымыздан терең пәлсапалы прозаны ешкім күтпеген.
Ымырт байлана отырғаннан түні бойы, таң атқанша көзінің майын текке тауыспаған екен.
Сол әңгімесі отыз жылдан кейін «Қазақ әдебиеті» газеті ұйымдастырған республикалық байқауда бас бәйгені алды.
Сол уақыттан бері жарты ғасыр өте шығыпты.
Бірге оқыған жігіт-қыздарымыздың біразы қайтпастың кемесіне мініп кеткен. Жер басып жүргендеріміздің даңғылмен жүйткіп жүргендеріміз некен-саяқ. Сүрінген соқпақты жолдар да болды, өрге қиялап шауып та көрдік, еңіске қарай домалап та көрдік. Сөйтіп жүріп шыққан биіктеріміз де жоқ емес.
Көпшілігіміз оқыған оқуымыздың жемісін шәкірт тәрбиелеп, мұғалімдіктен таптық. Біраз жігіт ғылымға бет бұрды.
Оқшау жолмен жүрген Төрехан болды.
...Сол ХХ ғасырдың 70-жылдарының басында социалистік қалыпқа сыймаған бозбала саяси көзқарасының трафаретке сәйкес келмегені үшін комсомолдан қуылғанын қатарластарының біреуі білсе, біреуі білмейді. «Жас қазақ» деген ұйым құрмақ болғанда қатарлас жүрген әлдекім КГБ-ға «домалақ арызды» топ еткізген. Оқудан шығарылды.
Төреханның енді жаңа өмірі басталды. Шахтерлік өмірі. Ақшатау кен-байыту комбинатының шахтасына түсті. Слесарь, тіреуші... болып кете барды. Сол жұмысына өтінішін өлеңмен жазып кірді дегенге сеніңіз.
Ол өзінің кейіпкері – шахтер ат-Керат жұмыс істеген шахтада жұмыс істеді. Сонда жүріп талай туындыны дүниеге әкелді. Олар кейінде хикаяттар болып оқырмандар қолына жетті.
Оқуын қайтып орнықтырып, тәмамдаған соң-ақ Төкең баспасөзге келген. «Ақадыр таңы» – «Агадырская новь» деген екі тілде шығатын газет қызметінің барлық сатысын асықпай жүріп өтті. Сөйтіп жүріп Жезқазған облыстық мәслихатына депутат болып сайланды. Партиялық тізіммен емес, сонда бір мандатты округтен «шарға таласып», баламалы негізде біраз кандидатты шаңға көміп кеткен.
Өмірінде мақтан сөздің не екенін білсе де, ондайдан ойы мен тілін аулақ ұстайтын Төрехан өз өткеніндегі жетістіктері туралы ешкімге тіс жарып көрмеген шығар. Отырады. Жазады.
Пернетақтаның астынан шаң көрінгенше, таң бозарып атқанша...
Жезқазған облысы да, Ағадыр ауданы да жабылғанда Қарағандыға бармасқа амалы жоқ еді.
Мұндағы қаламгерлер еңбекқор жігітті бөтенсіген жоқ. Онда «Орталық Қазақстанның» бас редакторы – Мағауия Сембай. Өзіміздің ортақ досымыз. Мағаш қуана отырып Төреханды өзіне орынбасар қылды. Осындайда Вольтердің бір ауыз сөзі еске түседі. Ұлы ойшыл: «Іш пыстыратын жанрдан басқасының бәрі жақсы», деген екен.
Эссеист, публицист, репортер, ел тарихының энциклопедияшы білгірі, шежіреші, этнограф екенін Төрехан «Орталықта» жарқырай көрсетті.
Әдебиетшінің шаруашылығы – әдебиет. Ендеше, ол ересен білімдар болуға міндетті.
Оқыған докторантурасы жоқ болса да, ізденуден жалықпайтын Төреханның білмейтіні жоқ. Талай этнографиялық зерттеуге парапар дүниелері, «Елқұжат», «Абадан», «Айбар», «Жауһар», «Тағылым», «Шікіл» кітаптарының негізі жай мақалаларда басталған. Кітаптың негізі сонда қаланған.
Жарылғап батыр, Сеңкібай батыр, Бодық батыр, Жалаңтөс батыр, Байсейіт би туралы ғылыми-танымдық мақалалардың басын қосып, осы тұлғалардың әрқайсысы жайында кітап бастыруға мұрындық болды. Кітапқа енгені бар, бөлек басылым болып шықпағаны бар, мемлекет қайраткерлері, академиктер, өз замандастары туралы жазбалары жетіп-артылады. Одан кейін де бірнеше кітабы жарық көрді.
Төкең бір дүниені ойына алса, тоқтамайтын жазушы. Тақырыбын қазбалап, түбіне жеткенше маза таппайтын азамат.
Ескі сөзді іздегіштігі өз алдына, қазақтың салты мен әдет-ғұрпын айтып қана қоя салмайды. Оның шығу тегін оқырманына саралап отырып, тарих қойнауына тереңдетіп батырып барып, осы күнге алып шығады.
Қазақтың Ақселеуімен бірге қызмет істеген, маңғаз да салиқалы сөзін күнде естіп жүрген ағамызға бойымыздың үйреніп алғаны соншалық, ол кісіні мәңгі өмір сүреді деп ойлаған болуымыз керек, ешқайсымыз бір ауыз сөз жазбадық. Қарағандыға әредік жолы түскенде Төреханды іздетіп тауып алып, сағаттап әңгіме-дүкен құратынын енді біліп жүрміз.
Алдыңғы жылы Атасуда Ақаңа ескерткіш орнатып, энциклопедияшы-ғалым, ұлттың жоқтаушысының мерейтойына арналып ғылыми конференция өтті. Қарағандыдан Төкең, осы жолдардың авторы теледидар жұмысынан тісі сарғайған кәнігі жорналшы Әли Тойжігіттің көлігімен шықтық. Індеттің жаңа біткен кезі. Төкең досымыз covid дегеннің құшағынан зорға босап шықса да, сырқатынан онша айыға қоймаған.
Үйден шығарда машинаның жүк салғышына зілдей-зілдей қағаз қораптарды арттық.
«Бұл не?» деп біз сұрамадық, «бұл анау...» деп ол үндемеді.
Конференцияда ұстазы, досы туралы лебіз білдірген Төрехан Майбастың сөзі жұртты тебірентіп жіберді. «Жаңаарқа Ұлытауға қараса, жиналғандардың көпшілігі Қарағанды мен Астанадан келіп отырса, осы өңірлердің әкімдері тізе қосып ортамызда отырса, тақиямызға тар келер ме еді? Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы Қостанайда атаусыз қалды. Әкім-қаралар ондағы өртті желеу қылып отыр. Өртеніп жатқан жер емес, қазақтың рухы! Тамыры...» дегенге саятын адамның сай-сүйегін сырқырататын талай сөз кетті.
Машинамызға артып алған жәшіктердің сырын сонда білдік. Ауырып жүріп, компьютерден екі апта бойы бас көтермей, Ақселеумен әр кездескен әңгімелерін тақырыптарға бөліп, «Құрмалдық» деген атаумен 20 баспа табақтан астам кітап жазып, өз қаражатына бастырып үлгерген екен.
Тойды ұйымдастырушыларға бұл ақпарат жеткенімен, селт еткен ешкімді байқамадық...
Дос деген сөз – киелі лексика.
Ой өрісі тоғысып жататын, көңілдері ортақ, қызығы мен шыжығы бір адамдар ғана дос бола алады.
Антикалық дәуірдің бір ойшылы «Досыңның кім екенін танысам, сенің кім екеніңді білгенім» деп текке айтпаса керек. Осы пәлсапаны қазақ «Көп жаман туысың болғанша, бір жақсы досың болсын» деп, тіпті дамыта түскен.
Достыққа адал, еліне деген пейілі мен жүрегі аппақ, маңайына көңілі мен тілегі пәк Төрехан дос – осындай азамат.
Кейіпкері Кераттың шахтерлік эстафетасын Төреханымыз лайықты жалғастырды. Осыдан екі жыл бұрын ол «ІІІ дәрежелі еңбек даңқы» орденімен марапатталды. Жұрт тағы да таңғалған. Шахтерлерге, мұнайшыларға, құрылысшыларға, өндіріс майталмандарына ғана берілетін орденнің журналиске берілуі қалай?
Жоқ, Төрехан – шын мәнінде халықтың қазынасын қопарған азамат. Онысын дәлелдеп берді.
Жердің астында да, жердің үстінде де...
Нұрхан МЫҢБАЙ,
ардагер журналист