Еңбекқор адам – қоғамның құты. Ал қоғамның құты қашпауы үшін жұмыс күші лайықты бағаланып, еңбек құқығы тиісті деңгейде қорғалып, кісі ақысының желінуіне жол берілмеуі керек. Осылайша, әділет салтанат құрған ортада еңбек адамының абыройы биік болатыны анық. Бұл межеге жету – қашаннан мемлекет мүддесі. Аталған бағытты ілгерілету ісі қалай жүзеге асып жатқанын білу мақсатында ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы – Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұловпен сұхбат құрдық.
– Төлеген Қапақұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда еңбек адамдарының беделін көтеруге әрдайым мән беріп келеді. Бұл ретте әр Жолдауда жұмысшыларды қолдауға бағытталған нақты тапсырмалар да жүктелді. Мысалы, былтырғы қыркүйектегі Жолдауда ұзақ уақыт бойы ауыр жұмыс істеп келе жатқан жұмысшылар үшін әлеуметтік қолдау тетіктерін қарастыру тапсырылды. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылды?
– Президенттің 2023 жылдың 1 қыркүйегіндегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген, саланы дамытуға елеулі үлес қосқан жұмыскерлерге денсаулығына келтірілген зиян деңгейі ескеріле отырып, 55 жастан бастап зейнет жасына толғанға дейін арнаулы әлеуметтік төлем төлеуді енгізу туралы тапсырылған еді. Осыған орай жаңа жылдың 1-қаңтарынан бастап Әлеуметтік кодекске еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдардың әлеуметтік қорғалу құқығы бойынша арнаулы әлеуметтік төлемдер жүргізу енгізілді.
Кодекстің 195-1-бабының 1-тармағына сәйкес зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарының, ел аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың 55 жасқа толған және олар үшін жиынтығында кемінде 7 жыл (84 ай) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген кезде арнаулы әлеуметтік төлем алуға құқығы болады. Бұл арнаулы әлеуметтік төлем арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыдан (2 ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасы); зейнеткерлік алдындағы аннуитеттік сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемінен (1 ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасы); жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлемнен (1 ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасы); бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлемінен тұрады. Осы тармақта көзделген төлемдерге құқық еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін жұмыскер қызметін тоқтатқан немесе зиянды өндірістік факторлардың әсерін болғызбайтын басқа жұмысқа ауысқан жағдайда туындайды. Кодекске енгізілген аталған өзгерістер 1 қаңтардан бастап күшіне енді.
– Кейінгі жылдары елімізде өндірістік жарақат алу азаймай тұр. Осы мәселені жүйелі шешу мақсатында 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын қабылдау тапсырылды. Бұл құжаттың жай-жапсары қалай болды?
– Еңбекті қорғау саласындағы проблемаларды кешенді шешу үшін Президент Үкіметке Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын әзірлеу туралы тапсырма берді. Бұл тұжырымдама әлеуметтік әріптестермен бірлесіп әзірленді және өткен жылдың 26 желтоқсанында тиісті Үкімет қаулысымен бекітілді.
Тұжырымдаманың мақсаты – еңбекті қорғау саласындағы ахуалды факторлық талдау, жаһандық тенденциялар негізінде жұмысшылардың еңбек жағдайын жүйелі түрде жақсартудың жаңа тәсілдерін қарастыру және еңбек ресурстарын үнемдеу. Сонымен қатар бұл құжатта ұлттық еңбек қауіпсіздігі менеджменті жүйесін қайта іске қосуға, отандық кәсіпорындарда қауіпсіздік мәдениетін арттыруға бағытталған заңнаманы жаңарту және жаңа цифрлық құралдарды енгізу бойынша шаралар қамтылады. Жаңа бағыттар аясында кәсіптік тәуекелді интегралдық бағалауды енгізу, отбасының цифрлық картасы сияқты кәсіпорынның цифрлық картасын әзірлеу көзделген. Бұл карта арқылы кәсіптік тәуекелдер бойынша дербестендірілген кәсіпорындар дерекқоры және барлық аспекті бойынша еңбекті қорғау барометрі жасалады.
Тұжырымдама өндірістік жарақаттануды, кәсіптік ауруларды төмендетуге, құзыреттерді арттыруға және еңбек жағдайларын жақсарту бойынша экономикалық ынталандыруды күшейтуге ықпал етеді. Бұл ретте еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық базаны жетілдіру бойынша жұмыс тұрақты негізде жүргізіледі. Мәселен, заңнамаға бірқатар толықтыру енгізу ұсынылады: мемлекеттік еңбек инспекторларына қауіпті өндірістік нысандарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында алдын ала ескертусіз тексерулер жүргізу құқығын беру; кәсіптік тәуекелдерді басқару жүйесін енгізу арқылы кәсіпорындардың профилактикалық бақылауын күшейту; кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жандандыру арқылы еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылауды күшейту; еңбек заңнамасының, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік санкцияларды қатаңдату. Бұл мәселелердің барлығы бүгінгі таңда Мәжілісте қаралып жатыр.
– Еңбек кодексіне сәйкес, еліміздің экологиялық аймақтарында еңбек ететін жұмыскерлер үшін кепілдіктер белгіленген. Бірақ азаматтар тарапынан экологиялық жеңілдіктерге байланысты заңнамадағы нормаларды жетілдіру, яғни экологиялық төлемдерді көтеру туралы ұсыныстар жиі айтылады. Бұл мәселе бойынша өзгерістер енуі мүмкін бе?
– «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңның 13-бабына сәйкес, экологиялық қасірет аймағында тұрып жатқан халыққа аймақтардың санатына қарай коэффициенттермен еңбекақы төленеді, қосымша еңбек демалысы беріледі, сонымен бірге жыл сайын сауықтыруға арнап қолданылып жүрген төлемдердiң үстiне бiр айлық тарифтік мөлшерлеме немесе қызметтiк айлықақы көлемiнде материалдық көмек көрсетiледi.
Конституциялық Кеңестiң 2005 жылдың 29 сәуiріндегi №3 Қаулысына сәйкес заңның 13-бабында көзделген өтемдер мен жеңiлдiктер азаматтар дың зардап шеккен деген мәртебесінің бар-жоғына қарамастан, экологиялық қасiрет аймағында тұрып жатқан бүкiл халық үшiн әлеуметтiк қолдау болып саналады. Бұл ретте көші-қон заңнамасының талабына сәйкес ішкі көшіп-қонушылар, вахталық әдіспен жұмыс атқаратындарды есептемегенде, Қазақстан аумағындағы тұрғылықты жері мен уақытша тұру орны бойынша тіркелуге міндетті екенін атап өткен жөн. Демек заңның 13-бабымен көзделген жеңілдіктер мен өтемақыларды алу үшін жұмыскерлерге заңмен белгіленген экологиялық дағдарыс аумақтарында тұру және еңбек ету, соның ішінде вахталық әдіспен жұмыс атқару жеткілікті.
Азаматтық кодекстің 16-бабына сәйкес «азаматтың тұрақты елді мекені» және «азаматтың тіркелген елді мекені» түсініктері ажыратылады. Азаматтың тұратын елді мекені ретінде ол үнемі немесе басым жағдайда тұратын мекенді атайды. Бұл ретте нақты бір елді мекенде тұрудың мақсаты жұмыс атқару, білім алу және т.б. мақсаттар болуы мүмкін. Яғни экологиялық дағдарыс аумақтарында жұмыс істейтін азаматтар сонда тұрады деп танылады.
Қосымша еңбекақыны есептеудегі қажетті коэффициенттер мен қосымша ақылы еңбек демалысының ұзақтығы экологиялық дағдарыс аумағының классификациясына қарай белгіленеді. Сонымен қатар Арал өңіріндегі экологиялық дағдарыс аумақтарында тұратын, алайда қызметін өзге елді мекендерде атқаратын азаматтарға Заңның 13-бабында көзделген жеңілдіктер берілмейтінін атап өтеміз. Себебі жұмыс уақыты кезінде оларға жағымсыз экологиялық ортаның әсер етуі орын алмайды. Сәйкесінше жұмыс берушіге де оларға Заңның 13-бабымен көзделген жеңілдіктерді беру міндеті туындамайды. Жоғарыда айтылғандай, бүгінде аталған заңға өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылып жатқан жоқ.
– Бүгінде еңбек нарығында көптеген өзгеріс болып жатыр. Мысалы, пандемиядан кейін онлайн түрде қашықтан жұмыс істейтін мамандардың қатары артып келеді. Бірақ мұндай жұмысты қолай көретін азаматтардың көбінесе еңбек құқығы қорғалмаған. Осы санаттағы мамандардың құқығын қорғаудың нақты тәсілдері қарастырылған ба?
– Еңбек кодексінде барлық санаттағы, соның ішінде қашықтан жұмыс істейтін азаматтардың құқығын қорғау шаралары көзделген. Біріншіден, жұмысты қашықтан атқаруға көшкен жұмыскерлермен міндетті түрде еңбек шарттарына қосымша келісім жасалуға тиіс. Бұл шара кейін көптеген даулы мәселенің алдын алуға септігін тигізеді.
Жалпы, қашықтан атқарылатын жұмысты үйлестіру Еңбек кодексінің 138-бабымен реттеледі. Аталған бапқа сәйкес, қашықтан жұмыс істеу еңбек шартын жасасу кезінде де, еңбек шартына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіле отырып, еңбек шартының қолданылу мерзімі ішінде де белгіленеді. Қашықтан жұмыс істеу тәртібі мен мерзімдері; еңбек міндеттерін орындау үшін қажетті жабдықпен, көрсетілетін байланыс қызметтерімен және өзге де құралдармен қамтамасыз ету; шығыстарды өтеу жұмыс берушінің актісінде айқындалады.
Жұмыскер еңбек міндеттерін орындау кезінде жұмыс беруші, қабылдаушы тарап қамтамасыз еткен жабдықты, ақпараттандыру туралы заңнамаға сәйкес ақпараттандыру нысандарын, көрсетілетін байланыс қызметтерін және өзге де құралдарды пайдалануға міндетті. Ал жұмыскер қызмет көрсету кезінде өз құрал-жабдығын пайдаланған, сондай-ақ көрсетілетін байланыс қызметтеріне ақы төлеген жағдайда жұмыс беруші өтемақы төлейді. Мұның көлемі, төлеу тәртібі мен мерзімі жұмыскермен келісу арқылы белгіленеді. Тараптардың келісуі бойынша қашықтан жұмыс істейтін жұмыскерге қабылдаушы тараптан жұмысты орындау кезіндегі өзге де негізделген шығыстар, оның ішінде электр энергиясының құны да өтелуі мүмкін.
Қашықтан жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін жұмыс уақытының күнделікті ұзақтығының шектеулері сақтала отырып, жұмыс уақытының тіркелген есебі белгіленеді. Мұны бақылау ерекшеліктері еңбек шартында немесе жұмыс берушінің актісінде айқындалады. Жұмыскер жұмыс уақытының шегінде жұмыс берушімен байланыс үшін қолжетімді режімінде болуға тиіс. Қабылдаушы тарап кодекстің 77-бабының 2-тармағында және 86-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыскердің жұмыс уақытынан тыс кезде қолжетімді режімде болуын талап етуге құқылы емес. Қашықтан жұмысты белгіленген жұмыс уақытынан тыс орындау қажет болған жағдайда осы кодекстің 108, 109 және 110-баптарына сәйкес жоғарылатылған мөлшерде ақы төлене отырып, жазбаша келісім жасалуы керек.
Қашықтан жұмыс істеу кезінде қабылдаушы тарап жұмыстың орындалуын нақты уақытпен тіркей алмаса, жұмыс уақыты еңбек шартында, жұмыс берушінің актісінде белгіленген жұмыс көлемінің орындалуы ретінде белгіленеді. Еңбек шарты тараптарының келісуі бойынша қашықтан жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін кодекстің 74-бабына сәйкес икемді жұмыс уақыты режімі белгіленуі мүмкін. Қашықтан жұмыс істеген кезде жалақы жұмыскердің біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігі мен сапасына қарай еңбек шартында және жұмыс берушінің актісінде негізделген жұмыс көлемін орындаған кезде толық мөлшерде төленеді.
– Жұмыста бірнеше айлап ақысын ала алмаған және басқа да құқығы бұзылған жұмыскерлердің шағымы жиі байқалып жатады. Ондай азаматтардың мәселесі қалай шешіледі? Мұнымен айналысатын еңбек инспекторларының жұмысына азаматтардың көңілі тола ма?
– Кәсіпкерлік кодекстің 144-бабы 3-тармағы 4) тармақшасына сәйкес бақылау және қадағалау субъектілерін жоспардан тыс тексеруге құқығы бұзылып шағымданған жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негіз болады. Кодекстің 17-бабына сәйкес Еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті орган еңбек заңнамасының, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады. Егер де жұмыс беруші еңбек заңнамасының талаптары мен міндеттерін бұзған жағдайда жұмыскер жұмыс беруші орналасқан әкімшілік аумақтағы еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органға жүгіне алады. Өтініштің негізінде еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті орган аталған жұмыс орнында жоспардан тыс тексеру жүргізіп, адамдардың еңбек құқықтары бұзылған жағдайда шаралар қабылдайды.
Осы орайда 2023 жылы жергілікті еңбек инспекциясы органдарының көмегімен 1 017 кәсіпорында 28 мыңнан аса жұмыскердің алдында жалақы бойынша 6,6 млрд теңге берешек анықталғанын айта кеткен жөн. Осы кәсіпорындардың басшыларына орындауға міндетті 1 447 ұйғарым берілді және 200,5 млн теңгеден аса сомаға айыппұл салынды. Қабылданған шаралардың, оның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеудің нәтижесінде 26,2 мыңнан аса қызметкердің құқығы қорғалды. Оларға 5,8 млрд теңге берешегі төленді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Орынбек ӨТЕМҰРАТ
«Egemen Qazaqstan»