• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 25 Қаңтар, 2024

Өңір экономикасына өзгеріс қажет

92 рет
көрсетілді

2023 жылдың қорытындысына қарағанда Солтүстік Қазақстан облысының даму көрсеткіштері белгіленген экономикалық индикатордың 97,8 пайызын ғана орындаған. Бұл – республика өңірлері арасында 19-орын. Ал жалпы рес­пуб­лика бойынша көрсеткіш – 105,1 пайыз. Бұл туралы облыстың экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов облыс әкімдігінде болған жыл қорытындысында айтты.

Солтүстік экономикасының аяғын тұсаған бір себеп – былтырғы ауа райы­ның ауыл шаруашылығы үшін барынша қолайсыз болғандығы. Егін салмай жатып ми қайнатар ыстық келіп, кей шаруашылықтың енді ғана қылтиып шыққан өскінін күйдіріп кетті. Әсіресе тез жетілетін жоғары сұрыпты астық еккен шаруаларға тым қиын тиді. Жаздың ауа райы біршама тұрақтанғанымен, күз бойы астық жинатпаймын деп серт­тес­кендей танаптарға комбайн кіре ал­май­тындай болып, қара жа­уын құй­ды да тұрды. Сондықтан астық жи­нау көрсеткіші төмендеп кетті. Са­ланың жыл бойы өндірген өнімі 851,5 млрд теңгені құраған. Бұл 2022 жыл­ғы көрсеткіштен 15,3 пайызға төмен. Соның ішінде егіншілік өнімі 2022 жылмен салыстырғанда 20,3 пайызға дейін құлдырады.

Мал шаруашылығында аздаған өсім бар, бірақ оның да қарыштап кеткені шамалы. Былтырғымен салыстырғанда өсім 1,9 пайыз ғана. Тек сүт өнімдерінің 3,3 пайызға өскенін атап өтуіміз керек. Ал жұмыртқа өндіру 2022 жылмен салыстырғанда 3,7 пайызға азайған.

Осы мәселелердің бәрін ескере отырып, облыс басшылығы биыл ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 1146,6 млрд теңгеге жеткізуді жоспарлады.

Өнеркәсіп өндірісінде ауыз толтырып айтарлықтай өсім бар. 2022 жылмен салыстырғанда өнеркәсіп өнімдері 114 пайызға дейін өсіп, 647,6 млрд теңгенің тауары шығарылды. Алайда бұл өсім негізінен Петропавл қаласына тиесілі. Облыстағы барлық өнеркәсіп өнімінің 69 пайызы осы қалада өндіріледі. Шаһардың кәсіпорындары былтыр 445,6 млрд тең­генің өнімін өндіріп, 2022 жылмен салыс­тырғанда 120,9 млрд теңгеге артты.

Аудандар арасында өнеркәсіп өнім­де­рін шығару мардымсыз. 2022 жылмен салыстырғанда ауданда 15,8 млрд теңгеге өнеркәсіп өнімдерін артық шығарғанымен, бұл жетістіктің негізгі бөлігі бір-ақ ауданға – Тайыншаға ғана тиесілі. Онда да қазір республикаға бел­гілі «BioOperations» пен «ЕМС Агро» ЖШС ғана аудандағы өнеркәсіп өнімдерінің негізгі бөлігін береді. Жалпы, осы кәсіпорындарға жататын өңдеу өнеркәсібінің өнімдері 2022 жылмен салыстырғанда 128 пайызға артқан. Сонымен бірге «ЗИКСТО», «Маслодел» ЖШС сияқты кәсіпорындардың өнімдері де жақсы сұранысқа ие. Ал 2024 жылы өңдеу өнеркәсібіне кем дегенде 328 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Осы саланың негізгі капиталына салынатын инвестиция былтырғымен салыстырғанда 185 па­йызға арттырылмақ.

Қуанышбек Қалижанов былтыр да осылай баяндама жасап, тыңдаушыларға тек құрғақ цифрларды ғана таныстырған. Оның мұндай баяндамасы сол кездегі облыс әкімі Айдарбек Сапаровқа ұнамаған еді. Ол экономика басқармасының баян­дамасында талдау болуы керектігін ес­керт­кен. Шаруашылық салаларының неге жоғары өсім бермей жатқанына, қандай кедергілердің бар екеніне сараптама жасап, соның нәтижесінде ұсыныс жасауыңыз керек деген болатын. Алайда биылғы баяндаманың былтырдан өзгерісі шамалы сияқты.

Дегенмен былтырғы ескертуден аздап қорытынды шығарған Қ.Қалижанов өнеркәсіп өнімдерінің артуы үшін аудан әкімдері кәсіпкерлермен тығыз байланыс жасап, олардың жергілікті нарықты толтыру үшін және басқа да сату көздерін табуына жағдай жасау керектігін ұсыныс ретінде айтты.

Былтыр облыс экономикасына 445,4 млрд теңгенің инвестициясы тартылыпты. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 17,3 пайызға артық. Ал 2024 жылға инвестиция тарту көлемі 557 млрд тең­геге жоспарланып отыр. Соның ішін­де биыл ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылатын инвестиция кө­ле­мін 281,5 млрд теңгеге жеткізу жос­парланған. Осыған орай облыс әкімі Ғауез Нұрмахамбетов кәсіпкерлік пен индустриялық-инновациялық даму бас­қармасына арнайы тапсырма беріп, нақ­ты инвестициялық жобаларды анық­тау керектігін тапсырды.

Былтыр облыста құрылыс саласы айрықша қарқынмен дамыды. 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда өсім 25,6 пайыз болған. Жыл бойы 305,9 мың шаршы метр тұрғын үй пай­далануға берілді. Ал 2022 жылғы құ­ры­лыс қарқыны алдындағы жылмен салыс­тыр­ғанда 4-ақ пайызға артқан еді.

Жыл бойы облыс кәсіпорындары мен мекемелеріне 26 мыңға жуық адам жұ­мыс­қа орналастырылған. Соның ішінде 10,7 мыңы жаңадан ашылған жұ­мыс орындары. Сөйтіп, жоспар 105 па­йызға орындалған.

Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жос­парына сәйкес 20 мыңдай адам түрлі іс-шараға қатыстырылды. Оның ішінде қара үзіп, ерекше табысқа жеткендері жоқ, дегенмен жұмыссыздықты 4,7 пайызға дейін азайтуда бұл шаралардың пайдасы болды. 2024 жылы да жұмыссыздықтың деңгейін 4,9 пайыздан асырмау жоспарланып отыр.

Міне, солтүстік өңірдің өткен жылғы жағдайы мен 2024 жылға арналған кей жоспары осындай. Жоспарда эко­но­ми­ка­ның даму қарқыны жоғары болуы ескерілген.

 

Солтүстік Қазақстан облысы