• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Президент 25 Қаңтар, 2024

«Жұмысыңызды ауыр санайтын болсаңыз, ашығын айтыңыз»: Президент министрге ескерту жасады

396 рет
көрсетілді

Президент Алматыға сапары аясында сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Кеңесте құзырлы органдар мен азаматтардың табиғаттың тосын мінезіне дайын болмай шыққанын айтып, жауапты министрлікті сынға алды. Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановқа теориялық білімін іс жүзінде көрсету керек екенін ескертті, деп жазады Egemen.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрлігіне өз қызметін сыни тұрғыдан қайта таразылау міндетін жүктеді.

«Қазіргі жұмысты көңілден шығады деп айтуға келмейді. Министр Шәріпхановқа ескертемін. Егер сіз өз жұмысыңызды ауыр санайтын болсаңыз, ашығын айтыңыз, ғылыми-оқытушылық қызметіңізге қайтарамыз. Онда тұрған ештеңе жоқ. Қазіргі ахуал өте күрделі және жауапты, еліміздің қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Сондықтан бәріміз жинақы, ұқыпты және белсенді болуымыз қажет. Басқа жол жоқ. Президент Әкімшілігі бүгін айтылған барлық мәселені бақылауда ұстайды», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиындағы сөзін қорытындылай келе, Алматы қаласының тұрғындарына үндеу жасады.

«Сабыр сақтаңыздар және әр нәрсеге байыппен қараңыздар. Дүрбелеңге салынып, түрлі қауесет пен жалған ақпаратты қасақана тарататын арандатушылар мен жауапсыз адамдардың жетегіне еріп кетпеңіздер. Нағыз алматылықтар әрқашан ақыл-парасатымен және ұстамдылығымен ерекшеленген. Ел басшылығы сіздердің қауіпсіздіктеріңізді қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Оған күмән болмасын. Алматылықтардың талап-тілегі әрдайым біздің басты назарымызда», деді Президент.