• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Саясат 25 Қаңтар, 2024

Мәжіліс төрағасы Қытайдан келген әріптестерімен кездесті

162 рет
көрсетілді

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Хао Минцзинмен кездесті. Тараптар елдер арасындағы парламентаралық, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қытай Халық Республикасы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының делегациясымен кездесуде  Ерлан Қошанов әлемдегі күрделі жағдайға қарамастан, Қазақстан мен Қытай сенімді серіктес әрі тату көрші болып қала беретінін атап өтті.

«Қытаймен ынтымақтастықты дамыту – Қазақстанның сыртқы саясатындағы басым бағыттың бірі. Биыл Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 32 жыл толды. Осы жылдар ішінде екіжақты ынтымақтастығымыз ең жоғары – мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді. Бұл – бірінші кезекте, мемлекеттеріміздің басшылары еңбегінің нәтижесі», деді Мәжіліс төрағасы.

Ерлан Қошанов қытайлық әріптестеріне «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласына сәйкес биліктің барлық тармақтарын жаңартуға жол ашқан елдегі ауқымды реформалар туралы айтып берді. Спикер Палата жұмысының жоспарларымен бөлісіп, алты фракция мен бір мандатты депутаттардың қатысуы заңнамалық талқылаулардың сапасына оң әсер еткеніне назар аударды.

Өз кезегінде Хао Минцзин Қытай мен Қазақстанның жақын көрші ғана емес, сенімді серіктес әрі шынайы дос екеніне тоқталды.

«Менің және біздің делегация мүшелерінің көпшілігі үшін бұл – Қазақстанға алғашқы сапар. Айта кету керек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елдеріңізде қарқынды экономикалық даму және әлеуметтік тұрақтылық пен бірліктің жоғары деңгейі байқалады. Сіздердің бастамаларыңыз барлық салада жүйелі түрде алға жылжып келеді. Мұның бәрі бізге ерекше әсер қалдырды», деді Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитеті төрағасының орынбасары.

Хао Минцзинь «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы ынтымақтастықты жоғары бағалап, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты тауар айналымы рекордтық мөлшерге жеткенін айтты.

Депутаттар парламентаралық дипломатия желісі бойынша жұмысты күшейту, комитеттер мен достық топтары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы уағдаласты.