Сондағы көргеніміз бір ғана сурет. Ағаш кеме. Бұл Қызылорда облысының Қазалы ауданына қарасты Кәукей ауылында тұратын мұғалім-өлкетанушы Сәкен Қабыловтан келген еді. Күнге әбден қаңсыған кеменің сыртқы нобайының әлі де сақталғаны таңғалдырды.
Жұртта қалған тәбәріктей...
Бәрі осы ағаш кемеден басталған. Осыдан екі жыл бұрын қыс аяқталар уақытта теңіз жағалап қайтқан журналистік сапарда мұндай кемені байқамадық. Бұрын болған деседі жұрт. Аралдың әр бұрышында қалған алып кемелердің тек суретін көрдік. Онда да «Балықшылар» музейінен. Тіпті олар кешегі күнге дейін тұрыпты. Бірақ темір саудасының азғантай тиынына қызыққан жергілікті жұрт кемені кескілеп құртқан. Бәрін. Түк қалдырмай...
Сол кезде «шіркін, теңіз табанынан біз көретін кеменің жұрнағы да қалмағаны ма?» деген өкініш болғаны рас. Әйтсе де, «құрығанда бір кеме болуы мүмкін ғой» деген үміт жетегінде жүрдік. Әрі содан айырылмадық та.
Сөйтіп жүргенде...
«...Қызылқұмның батыс беткейі бұрынғы теңіздің ұлтаны еді. Арал шалқыған кезде бұл жағалаудың бәрі сыңсыған қалың ел болған. Қазір «бастан бақ тайған заман» болып тұр». Бұл – жоғарыда айтқан Кәукейдегі Сәкен Қабылов ағамыздың сөзі.
– Қызылдың төрінде, Өзбекстанмен шекара шебінде жатқан халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының зиратына бет бұрған жұрт міндетті түрде, қайтарда теңіз жағасындағы бұрынғы Бектау, Сұлутөбе, Қаражар, Қос қыршын, Босай, Сандал қорымдарына соқпай кеткен емес. Бұл қорымдарда марқұм ата-бабалары, туған-туыстары мәңгілік мекен тапқан. Ал енді біздің Кәукей ауылынан 60 шақырым әрі жүрсең, бұрын ферма орталығы болған, бүгінде шағын ел Ажарға барасың. Ажардың батыс беткейінде Ұялы балықшы ауылы болды. Қазір жоқ. Теңіз бар кезде тіршілігі сумен байланысқан елдің тек орны ғана жатыр, – деді Сәкен аға күрсіне.
Ағамыз айтқан ағаш кеме осы Ұялы ауылының орнынан 18 шақырым берірек жатыр. Демек, теңіз бар тұста Кәукей де, Ажар да жағалауға жақын орналасқан ауылдар болған. Ағаш кеменің қазіргі тұрған жері Зәруха жалы деп те, «Заузан» деп те аталады. Қазақтың әр төбеге ат қойғышын ескерсек, бұл бізге таңсық дүние емес.
Барған адамға алдынан шөккен нардай болып кезігетін, оң жағына жамбастай қисайыңқыраған ағаш кеменің тарихын Сәкен аға былай тарқатып еді.
– Кеменің аты – «Сатурн». Теңіз табанында қалғанына да жарты ғасырдан астам уақыт болған. Биіктігі 3 метр болса, ұзындығы – 19, ал ені 6 метр шамасында.
Менің естуімше, «Сатурн» кемесінің қызметі – Ұял» ауылдық кеңесіне қарасты он екі ауылды азық-түлік, тұрмыстық заттармен қамтамасыз ету, яғни елді мекендердегі дүкендерге азық-түлік, тұрмыстық заттар жеткізіп берген, деп шешіліп сыр шертті өлкетанушы ағамыз.
Теңіздің алай-дүлей құбылысын адам түсініп болған ба? Бірде Қос шегенді, Ұзынқайыр, Сандал, Жалпақ, Қарабура, Айжарым-Тасты елді мекендеріне қарай жүк артып шыққан кеме теңіздің кешкі асау толқынды дауылына кезігеді. «Сатурн» осы кезде Қос шегенді тұсындағы панасы молдау ұзынша келген қолтыққа келіп тұрақтауға мәжбүр болыпты. «Қауіп-қатерден құтылдық» деген кеме капитаны мен көмекшілері ауыр-ауыр якорьларын терең суға тастап, дауыл басылғанша тоқтай тұруға шешім қабылдаса керек. Бірақ үйдей толқын қанша пана жер болса да, ағаштан соғылған кемені жағалауға қарай тықсыра береді. Таң атып, жан-жағы анық көріне бастаған уақытта теңіз де сабасына түскен. Дауыл тыншыған кезде капитан құрғақта қалғанын байқайды. Теңіз бұл кезде кері шегініп кеткен еді.
Жағалаудың бірде тасып, бірде қайта орнына келетінін білетін сырмінез кеме командасы онша қорқынышқа бой алдырмайды. Шегінген жағалау қайта қалпына келер-ау деген сеніммен, «сол кезде алып кетерміз» деген ойға үміт артқан күйі «Сатурнды» қалдырып, өздері тарасқан көрінеді.
Енді қараңызшы. Аралдың апатқа ұшырар шағына дөп келгендей бәрі. Теңіз жағалауы сол шегінгеннен бірте-бірте кері қайтып, бері оралмайды. Арал айдыны көзге көрінбейтін жағдайға жетеді. Ал «Сатурн» сол қалғаннан жағалауда қалып қойған.
– Арада талай жылдар жылжыған, – деп әңгімесін жалғай түсті Сәкен аға. – Ұялыдан бастап, жағалаудағы елді мекендер тарады. Теңіз тіршілігі біржолата тоқтады. Кейінірек туған жерін аңсаған теңіз перзенттері атажұртқа тұғырлы тас әкеп те орнатты. Жиі-жиі басқосулар болып жатты. Өйткені оларда теңіз қайта толар-ау деген ой да, туған жерге деген сағыныш та бар...
Жергілікті өлкетанушының айтуынша, «тұрымтай тұсына кеткен» сол кезеңде жағалауда кеме ғана емес, әрбір ауыл жұртында түрлі заттар мен техникалар қалды. Ол кезде ешкімнің ешнәрсемен жұмысы болған жоқ.
– Мен 1999 жылы сол баяғы «көрсем-ау», «білсем-ау» деген құмарлықпен Бектау, Ұялыны жағалап қайтқаным бар. Бектауда тұрған «газик» машинасы, «ЮМЗ» тракторының бөлшектері, Ұялыдағы бульдозер тракторы, алып кемелер, ауылды жарықтандырып тұрған электр двигателі, цех орындары, қыш кірпіштен өрілген монша, бәрі солайымен, қаз-қалпында тұр еді. Ол кезде теңіз тартылып кеткеніне 25 жылдай уақыт өткен. Осы жерді мекендеген теңізшілердің пайдаланған құралдарын, тұрған мекендерін көріп, тіршілігінен үлкен әсер алып қайтқанмын. Елестетіңізші, ағаш қайықтар құрғақ жағалауда тұр, балықшылар жаңа ғана айдынға шығып кеткендей көрінетін сол бейне әлі жадымда. Шалқыған суы жоқ болса да, темір кемелердің орын-орнында тұрғаны көз алдымнан кеткен емес. Балықшы құралдары мен қайық-кемелерін шамалы уақытқа қалдырып кеткендей болып көрініп еді-ау маған, – дейді Сәкен аға.
Өткенді баяндаушы кейіпкеріміз араға 18 жыл салып, 2017 жылы Ұялыға тағы да барыпты. Сондағы сапардан өте қынжылып қайтқан. «Бұрынғы Ұялы жұртында «мынау өткен күннен естелік» деп көрсететіндей ештеңе қалмағанына іштей налыдым», дейді ол.
– Мәңгілік ештеңе жоқ, дегенмен де аталарымыз тіршілік еткен, талайдың кіндік қаны тамған киелі мекенде көзге көрінетіндей жәдігерлік дүние қалмағаны, ең болмаса қыш кірпішті монша тұрғанда жүдеу көңілге жұбаныш, сағынған жүрекке демеу болары хақ еді ғой. Оны да бұзып, қабырғаларын қақыратып кетіпті. Иә, металл жинағыштар мен қабырға бұзғыштар Ұялыдай атажұртты жылан жалағандай еткен екен. Енді, міне, жағалау құмында қалғаны осы «Сатурн» кемесі ғана. Таланған жұртта қалған тәбәріктей. Тарихы бар, көздің қарашығындай-ақ сақтайтын көненің көзі. Ескірмейтін естелік қой – бұл. Келер ұрпаққа «сенің бабаларың осындай кемені тізгіндеп, ұлы теңізде жүзген» деп айтардай-ақ құнды да қымбат дүние, – деп аяқтады сөзін Сәкен аға.
Теңіз жәдігерлерін түгелдеп жүрген Сәкен Қабыловтың «Сатурн» кемесін өз ауылына әкелмек ойы бар. Оның пікірінше, кеме теңізден нәпақасын тапқандардың бүгінгі ұрпақтары көп шоғырланған Кәукей ауылында тұруы керек. Сонда ғана жәдігер сақталады. Бұл сөз «кемені ауылға жеткізіп берсе» деген ел өтінішіне ынталы да қалталы, мүмкіндігі бар жігіттерге құлаққағыс болатын. «Кеме елге жетсе, оны күтіп ұстап, ауылдың ажарын ашатындай көрікті жеріне қойып, келер ұрпақтарға аманаттау біздің мойнымызда», дейді Сәкен аға.
Күннің ыстығы мен қыстың қар аралас қара суығына төтеп берген «Сатурнның» әр жері бүгінде шұрқ тесік бола бастапты. Қызылқұмның желі соққан сайын сықырлайды. Сықырмен қоса кеменің әр тесігінен уілдей дыбыс шығады. Жетім ұлдың тұншығып жылағанындай. Үзіліп естіледі. Сол сәт ағаш кеме жоғалтқан теңіз-анасын бір сәт жоқтағандай көрінді маған...
Талау һәм түңілген саяхатшы
Бірде Арал ауданына барған сапарымызда «Балықшылар» музейіне соққанбыз. 2012 жылдан бастап қызмет көрсететін мәдени нысанда теңіз жәдігерлері топтастырылған. Ішіндегі әр дүние – бір-бір тарих. Мұнда 2500-ден аса экспонат бар. Келушілер музейдің «Ашық аспан астында» атты кеме мен қайықтар жиынтығы және «Балықшылар» мен «Кемелер» залы деп аталатын екі бөлігін аралауға тұтастай бір күнді толық арнауға болатын сияқты.
Бутаков шығанағындағы танкер. Кеңес дәуірінде «Возрождение» аралына жанар-жағармай тасыған. 2018 жылы кесілді
Ғимарат сыртында ат шана, түйе шана, қайықтар, жылым тартуға арналған шығыр, Ленин сыйға тартқан станок, капитандар есімі жазылған кемелер тұр. Ең үлкені – Лев Берг деп аталатын 25 метрлік кеме. Бұның өзі жағалауда қараусыз қалғанда, музей жанашырлары төрт бөлікке бөліп, осында әкеліпті. Қайта құрастырып, кеме ішін залға айналдырған. Айтпақшы, Лев Берг кім десек, ХХ ғасырда Арал теңізін зерттеген орыстың географ-ғалымы. Соның негізінде бірнеше еңбек жазған.
Кеме демекші, сол уақыттағы азаматтар Арал бұрынғы айдынынан айырыла бастағанда жағдайдың оңалмасын білгендей. Өйткені басшылық тараптан кеме біткенді теңіздің ең терең тұсы – «Тастүбекке» жинауға пәрмен болған деген де әңгіме бар. Одан кейінгі жағдай белгілі. Теңіз тынысы тіптен тарылды.
Ал әлгі кемелер жайы қалай болған? Бір жерге жиналған олар қараусыз, қайырлап жатқаны белгілі. Күн өтті, ауа райының әсері бар, тот басты, құмда қисайған күйі қаңырап тұрған еді. Сонда да тыныштық бермеппіз. Кәрі теңіздің куәсіндей болған кемелерді талауға салдық. Салғаны сол, сырт елге темір өткізгіштер бөлшектеуге көшті. Аман қоймадық солай. Шетінен бұтарлап, үлкен жүк көлігіне тиегенін талайдың көзі көрді.
– Тартылған жағада қалған кемелер кешегі күнге дейін болды. Шындығы сол, 3-4 жыл бұрын да туристер сонда барып, тіпті басына түнеп жүрді ғой. Амал не, қорғай алмадық. Қазір онда кеме жоқ. Ал мына музей алдында тұрған кемелерді көрген шетелдіктердің көңіл күйі бірден түсіп кетеді. Неге? Өйткені олар шынайы емес. Бояп, сыртын сырлап қойғанбыз. Жасанды екені көзге ұрып-ақ тұр. Оларға құмда қайраңдап, қисайған сұлбасы қалған кеме қызығырақ. Ал көрші Өзбекстан теңіз тұсында қалған кемелерін сақтап үлгерді, – деген еді сол кездегі музейдің ғылыми қызметкері, бүгінде марқұм болған Айбек Әуесхан ағамыз.
Бутаков шығанағындағы Қарасандық үлкен төбесі
Рас-ау. Теңіздің Өзбекстан беттегі Мойнақ тұсында қалған кемелердің бір жерге жиналғанын естігенбіз. Тіпті мемлекет қарауына өтіп, сыртын да қоршапты. Ал ондағы кемелердің өзі түгілі, бір затына әлдебіреу суық қолын жүгіртсе, жазасы да тым қатал дейді білетіндер. Ақиқаты сол, сонда барушы туристер ағыл-тегіл көрінеді.
– Арал теңізінің Өзбекстан, яғни, қарақалпақ ағайын мекен ететін Мойнақ жері де бір кездері су толы аймақ болғаны белгілі. Қазір тек құрғаған ұлтан ғана қалған. Мойнаққа мыңдаған шетелдік туристер көп келеді. Себебі белгілі. Ежелгі қалалардан бөлек, мұнда бір уақытта теңізде жүзген кемелердің қаңқасы көп сақталған. Қарақалпақстан үкіметі бұл теңіздің куәсіндей болған дүниелерді қорғап, ашық аспан астында туризмді жандандырып отыр, – дейді, әріптесіміз, «Хабар24» телеарнасының Өзбекстандағы меншікті тілшісі Рауан Мыңбаев.
Өкінетін де дүние көп
Бір кездері қараусыз қалдырып, бүгінде орнын сипап қалғанымыз кімнің кінәсі? Өзгеден көреміз бе, өзімізді жазғырамыз ба? Құлаштай мақаланы қорытындылауға әлі ерте. Енді көп жылдан бері туристерге гид аудармашы болып қызмет атқарған аралдық Серік Дүйсенбаевтың мына пікірі ойландырмай қоймайды.
– Гид-аудармашы болу, оффроуд дегендер Арал үшін таңсық нәрсе еді. Әлі есімде, сол кездегі басшылық «кемелерді Аралға әкелу, иә болмаса қорғау қиын» деді. Кейін Жалаңаштағы он екі кемеден соң Ақеспедегі алты кемені қанша айтып жүргенде оны да 3 жыл бұрын тып-типыл қылды. Шығанақтағы Пинк Флойд клип түсірген кемелер екібастан жоқ болды. Әлі де кеш емес, Ақбастыдағы екі кемені Аралға не бақылай алатындай жақын жерге әкелуге болады. Бірақ фундаментке не тұғырға орнатпай-ақ, табиғи күйінде теңіз табанында қайырлап қалғандай орналастыру керек. Екі кеме үшін ешқандай турист 280 шақырым жерге бармайды, оның үстіне ол екеуі фото не бейнетүсірілім жасауға болатындай әсерлілігін жоғалтқан, – дейді Серік.
– Сонда қайтқан теңіз табанында қазір кеменің қалдығы да қалмады ма? – дедім мен ішім удай ашып.
– Өкінішке қарай солай, теңіздің Жалаңаш пен Шығанақ деп аталар жағында дым жоқ, Ақеспе жақтағы алты кеменің соңғысы жартылай жатқан, – деді салқынқандылығын сақтап. Сосын әңгімесін ары жалғады. – Жалаңашта он екі, Ақеспе маңында алтау, Шығанақта он шақты кемеге барар жолдың маршруты өте қызық еді. Мысалы, туристерді Аралдан Жалаңашқа дейін қырық бес шақырым бойы кепкен теңіз табанымен алып жүремін. Жолда ескі балық қабылдау орны бар, жел күні сорлардың үстінде тұзды құйындар көруге болады. Әрі қарай Жалаңаш, Тастүбектен балықшы отбасынан түскі ас, шұбат, түйе сауғанды көрсету, теңіз жағасындағы балықшылармен бірге балық аулау, қостар, әрі қарай Ақеспеге дейінгі каньондар, Қарасандықтың маңындағы төбелерге жаяу шығу, одан қалды ыстық су мен Ақеспенің құмында Дубайдағыдай джиппен сафари. Көне Ақеспенің өзі фантастикалық фильмге сұранып тұрған дайын декорация ғой. Осының бәрі тек қана қайраңдап қалған кемелерді көру үшін келген туристке жолай ұсынылатын дүниелер еді. Ал кемелер кесілгелі олардың да саны азайды.
Аралдық жігіт сағынышты естелігін осылай айтып шыққан еді.
Әлем туристері қызыққан еді
Кейінгі он бес жылдықта Арал ауданына алыс-жақын елдерден шетелдік туристердің келе бастағаны белгілі. Оның басты себебі бар. Америкада, Еуропада шығатын «Lonely Planet/Central Asia», «Bradt», тағы басқа жолсерік кітаптардағы Қазақстанға арналған бөлігі болды. Онда Арал жеріндегі кемелер қорымы арнайы туристік нысан болып енгізілген. Бұл кітаптар əр төрт жыл сайын жаңарып тұрады, кітаптың журналистері төрт жыл сайын көрсетілген маршрут бойынша барлық нысанды аралап, толықтыру жұмысын жүргізеді. Мұнда тек қана саяхат орны ғана емес, сонымен бірге қонақүйлер, мұражай, дəмханалар туралы мəлімет толық жаңартылатын көрінеді.
Серік Дүйсенбаевтың айтуынша, туристердің сырт айналуына кінәлі тек өзіміз. Кейінгі жылдары кемелер қорымын адамдар толықтай жойды.
– 2016 жылы Жалаңаш елді мекені маңындағы он екі кеменің соңғы үшеуі толық кесілді. Шығанақтағы он шақты кеменің барлығы, əнші Диана Шарапова «Аралдан ұшқан аққулар» атты бейнебаянын түсірген кеме де жартылай кесілген. Ақеспе маңындағы соңғы екі үлкен кеменің біреуін 2017 жылы бөлшектеп тынды. Əлем аузына қараған BBC, CNN, Voice of America, сияқты компаниялары, қаншама фильм түсірушілер мен фотографтардың, «Pink Floyd» бастаған неше түрлі музыканттардың да қызығушылығын арттырған осы кемелер болатын. Youtube-тағы Аралға қатысы бар шетелдік деректі фильмдерді немесе арт-жобаларды алып қарасаңыз, бəрінде біздің кемелер жүр. Бұл кемелердің ерекшелігі – тарихтан сыр шертіп, табиғат аясында сол қалпында жатуы. Шетелдіктер үшін қазіргі музей жанындағы ескі айлақта тұрған кемелер қайта боялған ескерткіш қана. Фильм, фотосурет тұрғысынан теңіз табанында қалғандары ғана ерекше əсерлі, – дейді аралдық белгілі гид-аудармашы.
– Кейінгі уақытта шетелдіктер ғана емес, өзіміздің елдің адамдары да бұған қызығып жүр. Кемелер қорымын көргісі келетін азаматтар да көп қой, – дедім әңгімемді жалғастырып.
– Оның рас, – деді Серік те сөзімді қоштап. – Бірақ бұл жерде бірнеше фактор бар. Біріншіден, жол сапасы. Кемеге барар маршрутта бір сантиметр асфальт жоқ, таң атқаннан кешке дейін жолсызбен, бұрқыраған шаң ортасында жүресіз. Ойлы-қырлы шоқалағы көп, кейде былжыраған балшық кешуге тура келеді. Екіншіден, баға. Жол болмағаннан кейін оны талғамайтын табаны биік көлік жалдауға тура келеді. Себебі басқасы ол жолмен жүре алмайды. Олар үш жүз-төрт жүз шақырым жүріп келуге 70-80 мың теңге сұрайды, оған гидтің қызметін, түскі асыңызды, кейде «қонып қайтам» дегендер болса көлікке тағы бір күнге төлеуге тура келеді. Үшіншіден, біздің менталитет. Жасыратыны жоқ, біздікілердің көбі ақша болса жақсы жерде демалғанды тәуір көреді. Түркия, Дубай, тым болмаса Түркістан облысындағы Біркөлік, Қасқасуға барып, көк майса шөпте жатып, бассейнге түскенді ұнатамыз. Туризмде «dark tourism» деген термин бар, «жабайы туризм» деуге келеді. Мысалы, Арал қасіретін көру қара туризмге жататыны анық. Туристер сол жердің трагедиясына, өткен апатты жағдайына қызығып, арнайы соғады. Туғалы жасыл желек, өзен-көл, мұхит көріп жүргендер үшін бұл экзотика, ал жергілікті халық шаңы бұрқырап, жағасына қоқыс тастаған теңізді көру үшін күні бойы айдалада жүрмейтіні белгілі ғой. Талай шетелдіктер жерге жата қалып суретке түсіріп жүрсе, қасына еріп келген өз аудармашыларымыздың «қайда келдік, мынаның несі қызық?» дегенін де көрдік, – деп ащы мысқылмен аяқтады сөзін Серік Дүйсенбаев.
Әзірге жеке фрилансер болып, турфирмалармен келісімшарт негізінде гид-аудармашы қызметін ұсынатын аралдық жігіт ағасынан естіген кемелер туралы шындық осы. Ал бүгінде алдын ала хат жолдаған туристер теңізде кеме қалмағанын естіп, сапарын əрі қарай жалғастырып жүр екен.
Құрғаған теңізде (Аралда) туризмді дамытудың бірден-бір жолы осындай кемелерді сақтап қалу арқылы жүзеге асарын енді білдік. «Қолымызды мезгілінен кеш сермейтін» өзімізге де обал жоқ...
Қызылорда облысы,
Арал ауданы