• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Қылмыс 25 Қаңтар, 2024

Салтанат оны аяп жүретін - Нүкенованың ағасы тағы бір шындықты жайып салды

18025 рет
көрсетілді

Салтанат Нұкенованың ағасы Айтбек Амангелді қарындасы туралы тың деректерді мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

“Что скажете?” арнасына сұхбат берген ол қарындасының Қуандық Бишімбаевпен қалай танысқанын да жеткізді.

- Салтанаттың айтуына қарағанда, олар Салтанаттың консультациясы барысында танысқан. Негізі Салтанат ер адамдарды қабылдамайтын. Бірақ Бишімбаев Салтанаттың суретін көріп қалып, инстаграм арқылы жазып, консультация өтіңіз деп қоймай қойған. Бишімбаев бойбермей жүріп, басында онлайн кейін офлайн консультацияға келіскен. Сосын Салтанатқа көңілін білдіре бастаған. Біз Салтанат екеуіміз жақын едік. Бірақ оның тұрмысқа шығамын дегені мені таңқалдырды. Бірінші отбасымен, менімен таныстыру керек қой деп біртүрлі болып қалғанмын. Өйткені Салтанат бұлай жылдам шешім қабылдамайтын. Бишімбаев екі айдан кейін үйленуге ұсыныс жасады. Біз жай ғана көңіл білдіріп жүрген шығар деп мән бермедік, күйеуі болады деп ойламадық. Бұл өзінің шешімі болды. Салтанат оған ғашық еді, – дейді Нүкенованың ағасы.

Нүкенованың ағасы Салтанат тұрмысқа шыққаннан кейін барлығынан алыстап кеткенін айтты.

- Олар отбасы құрғаннан кейін Салтанат екеуміз үйіміз жақын болғанына қарамастан, сирек кездесе бастадық. Оның үнемі уақыты болмайтын. Бұған қатты мән бермеген едім. Салтанатты осылайша отбасынан, туғандары мен жақындарынан алшақтата бастады. Мен отбасымының барлық мүшелері үшін геолокация қосып қойғанмын. Бірақ Салтанаттың геолокациясын соңғы бір жылда үнемі бақылап отыратынмын, – дейді Айтбек Амангелді.

Салтанат Нүкенова мен Бишімбаев бір рет айырылысып, қайта қосылған көрінеді.

- Салтанат Қуандықпен айырылысып, өзі бөлек пәтерге шығып, өз өмірін қайта құрамын деді. Барлығы жақсы болатын. Бірақ 26 қазан күні Салтанат қосылдық, некемізді тағы қидық деп сурет жіберді. Біз қатты таңқалдық. Салтанат тағы бір рет мүмкіндік беремін деп шешіпті. Қуандықтың отбасында қолдау жоқ, бір-біріне жақын емес деп Салтанат оны аяп жүретін. Оны мен ғана түсінемін, аяймын, қолдаймын дейтін. Кетіп қалсам, менсіз не істейді деп ойлайтын, – дейді ол.

Айтбек Амангелді Бишімбаевтың бұл әрекетінің кездейсоқ болмағанын айтты.

- Бишімбаев Салтанатты жақындарынан алшақтатып, адамдармен араласуына рұқсат бермейтін. Бұл кездейсоқ жағдай деп ойламаймын. Мен Бишімбаевтан қандайда бір ауытқу байқамадым. Тергеу кезінде, оқиға барысында ол есін білді. Тамақ тапсырыс беріп, жан-жақта болып жатқанның барлығын бақылап отырған. Мен психолог емеспін, бірақ ол есін біліп, барлығын саналы түрде жасаған деп ойлаймын, – дейді Айтбек Амангелді.