• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Қаңтар, 2024

Татулыққа тіл тигізу – мәдениетсіздік

478 рет
көрсетілді

Татулықты ту еткен елімізде қазақ ұлты мен басқа этнос өкілдері бейбітшілік пен келісім қағидасының құнын тереңінен түсінеді. Себебі бірлікке, татулыққа, келісімге ұмтылған мемлекетте адамның ар-ожданы биік, қоғамның ілгерілеуі мен өркендеуі демократияға жол ашады.

Бүгінде қазақ топырағында өсіп-өнген этностық топтардың ортақ тарихы мен дәстүріне, тілі мен діліне де­ген құрмет те ерекше. Жергілікті ұлт­пен бірге жасасып, ең қиын жылдар­да да адамгершілік дәстүрін сақ­тап, қиындықта қолұшын берген халқымыз татулықтың тамырын тереңдете білді. Осы құндылығынан ажырамай, болмысын сақтаған еліміз кез келген сын-қа­терге төтеп беретін иммунитет қа­лыптастырып, біртұтас халық болудың кілтін тапты.

Бірлігі жарасқан халқымыздың тату­л­ы­ғына сызат түсіргісі келетіндердің ауық-ауық алауыздық тудыруға себеп іздейтін сәттері жоқ емес. Алайда, өзге­лер айтып жүргендей, қазақ жерінде өзгені өзекке теуіп, тіліне қатысты кем­сі­тушілікке жол берілген кезі жоқ. Ке­рісінше, Қазақстанда кез келген ұлттың ана тілінде сөйлеп, мемлекеттік тіл – қазақ тілі секілді орыс және ағылшын тілінде білім алуына мүмкіндік берілген. Айталық, қазір қоғамдық орындарда да көрнекі құралдардан бастап жарна­малық билбордтар үш тілде қатар түсі­нік­ті етіп беріледі. Көше атаулары да халыққа түсінікті болу үшін бірнеше тілде көрсетілген. Бірлігі жарасқан қо­ғамда әлеуметтік тұрақтылық пен тең­герімді саясатты қамтамасыз етуде бас­қа елдерге үлгі болып, елімізде бала­бақ­шадағы тәрбиеден бастап университетте де қазақ тілімен қатар орыс тілінде білім алады. Осындай татулық пен түсіністіктің арқасында елдегі этностық топтардың өкілдері де саяси өмірге белсене араласып, маңызды шешімдердің қабылдануына және қоғамдық құрылымдардың қалып­тасуына әсер етіп келеді. Мәселен, этнос өкілдері қоғам мен мемлекеттің бар­лық құрылымында, соның ішінде Пар­ламентте, Үкіметте жемісті еңбек етіп, ел дамуына сүбелі үлес қосып отыр. Қазіргі таңда Парламент Сенатындағы 50 депутаттың 6-ауы орыс этносынан сайланған. Олардың ішінде Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Ольга Перепечина, сондай-ақ Геннадий Шиповских, Андрей Лукин, Ольга Булав­кина секілді депутаттар тіл мен ұлтқа бөлінбей, кәсіби маман ретінде елдің дамуына атсалысып отырғаны қуантады. Сондай-ақ Мәжілістегі 98 депутаттың арасында Наталья Дементьева, Максим Рожин, Павел Казанцев сияқты 8 депутат та – тұрақтылықтың кілтін тілге бөлініп емес, татулықтың туын биік ұстап отырған мамандар. Үкіметте және басқа да мемлекеттік құрылымдардың басшылық қызметтерінде сүбелі еңбек етіп, қоғамдық өмірде де азаматтық үн қо­сып, елдегі демократияның дамуына тың серпін беріп келеді. Себебі Қазақстан – ұлт пен тілге бөлінбей, ортақ мақсатқа жұмылып, саяси өмірге де белсене араласудың маңызын ежелден түсінген ел. «Бөлінгенді бөрі жейді» дейтін дана халқымыздың ұстанымы еліміздегі барлық азаматтың ортақ ұра­ны­на айналған. Соның арқасында тұрақ­тылықтың іргетасы – теңдік пен адам құқықтарын құрметтеу қағидасы қолдау тапқан. Мәселен, Қазақстандағы Ресей Федерациясының резиденциясы дәстүр мен қазіргі заманның бірегей үйлесімін жасап, екі бай мәдениеттің қосындысына айналды. Биыл орыстың ұлы ақыны Александр Пушкиннің туғанына 225 жыл. Бұл мерейтой тек Ресей үшін ғана емес, Қазақстан үшін де маңызды. Өйткені Пушкин де – ұлы Абай сияқты екі халықтың достығы мен мәдени қарым-қатынасының басты нышандарының бірі.

Біздің елімізде орыс тіліне ешқандай шектеу жоқ. Екіншіден, орыс тілінің кемсітушілігіне қатысты жөнсіз әңгіме айтып жүргендер алдымен Қазақстан заңнамасымен жете танысып, бірнеше мәрте қарап алғаны дұрыс. Осы мәміле­лерді алға тартқан Сенат депутаты Ген­надий Шиповских: «Ата заңымыздың 7-бабы 2-тармағында орыс тілі ресми тіл ретінде көрсетілген. Әрине, бірінші кезекте мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекет басшысы қазақ тілін ұлтаралық тілге айналдыру қажет екенін айтқан. Бұл өте маңызды. Ал енді сол айтылғанға сәйкес темір жол стансалары секілді елде­гі басқа да нысандардың қазақ тілін­де жазылуы – қалыпты дүние. Кез келген шетелдің нысандарын қарасаңыз, сол елдің тілімен аталады. Керісінше, бұл жаңалыққа Қазақстандағы барлық этнос өкілдері оң көзқараспен қарайды. Меніңше, шетелдің азаматы басқа елдің ішкі мәселесіне араласуының өзі орынсыз. Ассамблея мүшелері де дәл осындай пікірде. Біздің мақсатымыз – бірлік пен татулық», дейді.

Ал тележурналист Алла Гаврина орыс этносының өкілі болса да, қызметін де, ор­тасын да қазақ тілімен байланыс­тыруды өзі таңдағанын айтады. «Орыс тілінен гөрі коммуникация тілі көбіне қазақша. Мен үшін қазақ тілін білу – заңдылық. Екіншіден, екінші ана тілім. Десе де, орыс тілі кемсітіліп жатыр дегенмен келіспеймін, – деген ол, – меніңше, қолданыс аясы азайды дегеннің өзінде, бұл орынды деп санаймын. 2016 жылға дейін Қостанай облысында тұрдым. Ол жақтың мәселесі көпшілікке аян. Тұр­ғын­дардың 40%-ы қазақ, қалғаны өзге этнос өкілдері. Басым көпшілігі орыс­тілді. Десе де билингвизм жақсы сақтал­ған. Мәселен, өңірде өзге этнос өкіл­де­рінің қазақ тілін меңгеруге бетбұры­сы құптарлық. Мен мұны жақсы тенденция деп түсінемін. «Көп тіл білген ұтылмай­ды» деген бар. Қызмет бабымен елорда­мыз­ға көштім. Медиа саласында жұмы­сымды жалғастырдым. Жауапты сала ұйым­дарынан спикер сұратамыз. Белгілі бір мәселені орысша айтамын деген ма­ман­ның орысша терминдерге толы тұщым­ды жауабын қазақтілді контент үшін аударамыз. Бір тіл білгенімнен бірне­ше тілді меңгергенім қызметте де зор мүмкін­дікке ие болуыма септігін тигізіп келеді. Тарихтан ұлы тұлғаларымыздың бейбіт бүгініміз үшін тер төккені мәлім. Сондай-ақ Қазақ даласын, болмысын әдемі суреттеген қазақ классиктерінің шығар­маларын түпнұсқада оқуымыз үшін көп дүние жасалды. Белгілі бір дең­гей­ге де жеттік. Мемлекеттік тіліміз қазақ тілі болып қала береді. Ал қоғамның орыс­ша, ағылшынша, корейше қытайша еркін мең­гергені әрі  сөйлегені – елдің ілгері дамуы­на әкелетін фактор», деп ағынан жарылды.

«Қазақша Speaking сlub» клубының негізін қалаушы Ольга Спирина Қазақ­станда туып-өскенін айтады. «Осы уақытқа дейін тіліме, ұлтыма қатысты қысым көрген емеспін. «Қысым көріп жатырмыз» дегенді де ешқашан естіген емеспін. Қай тілде сөйлесең де – өз ер­кің. Қысым мен шектеу туралы әңгіме­лер әдейі елімізге іріткі салу үшін аран­датушылардың істеп жүрген әрекеті болса керек. Орысша оқытатын балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары толып жатыр. Әркім қалаған тілінде білім алып жүр. Құжаттарды екі тілде жүргіземіз. Мүмкін кейбіреулер еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің бала-шағасын қазақша оқытып, мемлекеттік тілді насихаттап жатқанын көріп, орыс тілінің ахуалына қатысты теріс пікір қалыптастырып, ойына келгенін сөйлейтін болуы керек. Бірақ өзге ұлттардың қазақша сөй­леп жатқаны басқа тілдерге шектеу қойыл­ғанынан емес. Бұл – елге, тілге деген құрметтен, мемлекеттік тілге деген қы­зығушылықтың артып жатқаны. Қазір қазақ тілі – тренд. Еліміздегі этнос­тар түгіл, өзге елдің азаматтары қазақ тілін үйреніп жүр. Сонда қысым мен шектеу туралы айтатындардың логикасына сүйенсек, өзге елдің азаматтары­на да қысым көрсетіліп жатыр ма?» дейді ол. Осылай деген азаматтық белсен­ді «Ит үреді, керуен көшеді» деген мақал­ды да тілге тиек етті. Ең бастысы, аран­да­тушылардың айтағына ермей, бейбіт­шілік аралымызды аман сақтап қалуға үлес қосудың маңызы зор деп отыр.

Сондай-ақ журналист, қоғам қайрат­кері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Александра Мыскина ресейлік әріптесі Тина Канделакидің орыс тілі­не қысым жасау және ауылдар мен қалалар­дың аттарын өзгерту туралы айтқаны қоғамда наразылық тудырғанын жеткізді. Оның ішінде бірінші кезекте жергілікті орыстар арасында әлеуметтік желілерде, түрлі челлендждерге оның дұрыс емес екендігі туралы үндеулер пайда болғанын айтады. «Жергілікті орыстардың көбі қазақ тілінде бейнебаян түсірді. Бұл хал­қы­мыздың кез келген ақпараттық ша­буыл­ға қарсы тұра алатынының, бізді одан әрі біріктіретінінің тағы бір дәлелі болды. Өзін орыс тілінің қорғаушысы деп ойлаған Тина Канделаки, белгілі болғандай, ескі орыс сөзін білмейтін секілді. Мен оған «Өз жарғыңызбен біреудің монастыріне бармаңыз» дегенді айтар едім. Және Даль сөздігін ашып, бұл нені білдіретінін оқуға кеңес беремін. Қазақстанда орыс тілі қорғаушыларға мұқтаж емес. Көптеген жыл бойы біз­дің студенттер орыс тілінен халықаралық олимпиадада үздік атанды, бұл оқу бағдарламалары мықты болып қала береді. Екі тілді білетін жастар көбейіп келеді. Орыс тілін алауыздықты қоздыру үшін қолдану – мәдениетсіздік. Түрлі этнос­тар­дың мәдениетін құрметтейтін Қазақ­станда орыс тілі махаббат, достық және құрмет тілі болып қала береді», дейді А.Мыскина.

Жақында ресейлік тарихшы әрі жазушы Михаил Смолин НТВ арнасының «Место встречи» бағдарламасына «қазақ, өзбек, әзербайжан ұлттары болмаған, олар қолдан жасалған» деген пікір айтқан. Осыдан кейін еліміздің Сыртқы істер министрінің орынбасары Назира Нұрбаева ресейлік тарихшының пікіріне көңіл аударудың, қарсы пікір айтудың қажеті жоқ екенін мәлімдеді. Себебі мұн­дай сөздердің заң және тәжірибе тұрғы­сынан да мәні жоқ екенін алға тартты.

Сенатор Сергей Ершов Михаил Смо­линнің Орталық Азия халықтары туралы мәлімдемесіне қатысты білдірген пікірін­де: «Орта Азияның тарихы өте бай. Бұл жер­­де ежелден түркілер болған, бар және болады. Ал әлгіндегідей сөздердің ай­ты­­луына келсек, кімнің айтқаны екін­ші ке­зек­тегі мәселе деп білемін. Мұн­дай сөз­дер­­дің шығуының ар жағында халық­тар­дың арасына алауыздық отын тұтату тұр», деді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев болашағын отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қою қажеттігін жеткізе келіп, өзге тілдерді, соның ішінде орыс тілін меңгер­се, еш ұтылмайтынын айтқан еді. Сондай-ақ Қазақстанда ресейлік жоғары оқу орындарының филиалдары табысты жұмыс істеп жатыр. Бүгінде орыс тілін меңгеру қажеттігі өсіп келе жатқанын ескере отырып, екі ел бірлескен білім беру инфрақұрылымын кеңейтуге ден қойды. Сондықтан екі ел арасында алауыз­дық тудыру қисынсыз. Себебі түрлі қиындықты бірге бастан өткер­ген қос халықтың арасындағы дос­тық қарым-қатынас қос ұлттың тілін білу­мен бір-бірін тек толықтыра түсері анық.