Португалияның Одивелаш қаласында дзюдодан Гран-при турнирі аяқталды. Бұл жарыста еліміздің ең белді 18 балуаны бақ сынады.
Қазақстан құрамасының қоржыны алғашқы күні-ақ жүлдемен толықты. Аса жеңіл салмақта өнер көрсеткен Әбиба Әбужақынова бастапқы бәсекелерде нидерландтық Эамбер Гаршес пен франциялық Лаура Эспадинханды ұтқанымен, ширек финалда Жапонияның 18 жастағы жас жұлдызы Кано Миякиге әлі жетпеді. Есесіне одан кейін бельгиялық Лоис Петит пен түркиялық Ерсін Силаға сан соқтырып, қола медальды мойнына ілді. Өкінішке қарай, өзге дзюдошылар Әбужақынованың ерлігін қайталай алмады.
Былтыр дәл осы турнирде Әбиба алтыннан алқа таққан еді. Финалда ол өзінің командалық әріптесі Ғалия Тыңбаеваны тізе бүктірді. Сондай-ақ 73 кг салмақта күрескен Жансай Смағұлов та күміс медаль иеленді.