Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ІТ мамандары қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мақсатында түрлі жобалар жасап жүр. Соның бірі – «Қызықты ономастика» мобильді қосымшасы.
Ономастика ежелгі грек тілінен аударғанда «ат қою өнері» дегенді білдіреді. Бұл өнім қолданушыларға адам есімінің, географиялық нысандардың, жануарлар мен құс атауларының мағынасы мен шығу тегін қазақ тілінде ұсынады.
Цифрлық өнімнің басты ерекшелігі – 800-ден астам жеке атауды біріктіруінде. Олар 100-ге жуық семантикалық белгілер бойынша топтастырылған. Қосымшада жаңа туған нәресте есімін таңдау және өз есімінің мағынасын білу мүмкіндігі бар. Қуантарлығы, пайдаланушылар қосымшада жоқ есімдерді мағынасымен бірге өздері енгізе алады. Аталған бағдарламаның басты мақсаты – қазақ тіліндегі ІТ ресурстарды кеңейту.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілде цифрлық өнімдерді арттырудың маңыздылығын атап өтті. Біз көпшілікке ыңғайлы «Қызықты ономастика» мобильді қосымшасын іске қостық. 1,5 жыл бойы табанды еңбек еттік. Соның нәтижесінде көптеген зерттеу жүргізілді. Бұл жобамыз есімдердің шығу тегі мен этимологиясын білуге мүмкіндік береді. Егер есіміңіз бірнеше сөзден тұрса, олардың әрқайсысының жеке мағынасын таба аласыз. Сондай-ақ цифрлық платформада пайдаланушыларға ыңғайлы болуы үшін алфавит бойынша сұрыптау да бар. Іздеу тарихы сақталады әрі таңдаған есімдерді бөлек сақтауға болады, – деді жоба жетекшісі, университеттің Цифрлық даму және қашықтан оқыту департаментінің директоры Гүлмира Бекманова.
Цифрлық платформада ыңғайлы бағыт-бағдар мен жылдам іздеу жүйесі бар. Мобильді қосымша қазір Android платформасында қолжетімді. Отандық ғалымдардың қазақ тілінің аясын кеңейтіп жатқаны көңіл қуантады.
Еркеназ ҚОРДАБАЙ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті