«Amanat» партиясының Катонқарағай аудандық филиалы және аудандық орталық кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен Үлкен Нарындағы аудандық Мәдениет үйінде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаровтың шығармашылығына арналған «Әлібек – әлем немесе суретшіліктен суреткерлікке» атты көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті.
Жазушы қаламынан туған «Тайга толғауы», «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді», «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын», «Ерте түскен бозықрау», «Құтмекен», тағы да басқа көптеген туынды қазақ әдебиетінде өзіндік орнымен айшықталып, оқырман қауым тарапынан баяғыда-ақ лайықты бағасын алған.
Жиһанкез жазушы Алтайдың арда табиғатымен ғана тілдескен жоқ, сонау Африка, Якутия елдеріне барған сапарлары туралы сафари жанрындағы жауһар туындылар да оқырман қауымның танымын кеңейткен.
Бүгінгі әдеби шараға Үлкен Нарын, Солоновка, Көкбастау, Балғын мен Көктерек ауылдарының өнерпаздары қатысып, бақтарын сынады. Жиналған жұрт әуелі Әлібек Асқаровтың шығармашылығынан сыр шертетін шағын көрмені тамашалады.
Жиында сөз алған Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары Раджан Ілиясов әдебиетсүйер қауымды құттықтап, сайысқа түскелі тұрған шеберлерге сәттілік тіледі. Сондай-ақ белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлының жолдаған құттықтау хатын оқыды.
Байқау сценарий бойынша үш бөлімнен тұрды. «Алтай жыршысы» деп аталған бірінші бөлімде қатысушылар Әлібек Асқаровтың сафари жанрындағы туындыларынан үзінділерін жатқа оқып, сайысты. Бұл кезеңде Көкбастау, Үлкен Нарын, Солоновка ауылдары өнерпаздарының өнері көрерменнің көңілінен шықты. Әсіресе Үлкен Нарын ауылдық лицейінің ұстазы Айгерім Сағитқанқызының байқауға дайындығы, сахнадағы өнері көпшілікті тәнті етті. Ол «Ажал тауы» шығармасынан әзірлеген көлемді үзіндісін бір мүдірмей мәнерлеп жатқа оқығанда, қалың көпшілік шытырман шығарма ішіне еніп кеткендей болды.
Екінші кезең «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» деп аталды. Мұнда сайыскерлер жазушының оқырман жылы қабылдаған сан тағдырлы ауыл кейіпкерлерінің образына енді. Әсіресе Қ.Дамитов атындағы орта мектебі ұстаздарының өнерлеріне ұзақ қол соқты. Сахналық мәдениет, әртістік қабілет, кейіпкерлер образын ашу, сахналық декорация, бәрі де өздеріне жарасымды болып тұрды.
«Әйел парасаты» деп аталатын байқаудың соңғы кезеңінде қатысушылары сахналық көрініс арқылы жазушы шығармаларындағы қазақ әйелінің өмірі мен сан қилы тағдырын, асыл қасиеттерін көрерменге жеткізуге тырысты. Бұл бөлімде әр қатысушы үлкен жауапкершілікпен дайындалғандарын көрсетті.
Қазылар алқасының төрайымы Жанар Сыдықова байқаудың ұйымдастырушылары мен барлық қатысушыларына алғысын айтып, іс-шараның жоғары деңгейде өткендігін, сайыскерлердің көрерменге әдемі өнер кешін тарту еткендігін атап өтті. Байқау қорытындысы бойынша Әлібек Асқаров оқуларында жүлделі үшінші орынды Үлкен Нарын ауылдық лицейі иеленсе, екінші орын Катонқарағай аграрлық-техникалық колледжіне бұйырды. Бірінші орынды Көкбастау мен Солоновка ауылдарының өнерпаздары еншіледі. Ал бас жүлдеге қазылар алқасы бірауыздан Қ.Дамитов атындағы орта мектептің оқушылары лайық деп танылды. Байқауда жеңімпаз атанып, жүлдеге ие болған өнерпаздар диплом және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Үлкен Нарын аудандық мәслихаты төрағасы Жанар Сыдықованың төрайымдылық еткен қазылар алқасының құрамында Катонқарағай аудандық Жастар ресрустық орталығының директоры Аяулым Қабдуәлиева, Тілдер орталығының директоры Әлем Сүлейменова, кітапхана ардагері Күлбағила Құрманова мен аудандық Достық үйінің әдіскері Анар Маниярова болды.
Айта кетейік, Әлібек оқулары Катонқарағай ауданының басқа да ауылдарында ұйымдастырылып, көркемсөз оқудың шеберлері анықталып жатты.
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы