Қазақ ақыл-ойы мен зейін-зердесінің шырағы қайбір замандарда сөне жаздап барып, Абай заманында қайта жанып, Алаш арыстары тұсында жанданғанға ұқсайды.
ХХ ғасыр басында шырт ұйқыдан «әй, қап» деп оянған қазақ даласының оқығандары мен зиялылары «Қазақ» деп газет ашып, ұран салып, ту көтерді десе болғандай. Бұл басылыммен бірге дүниеге ұлттық баспасөз келді. Ұлттық сана бой көтерді. 1913-1918 жылдары аралығында шығып, жабылып қалғанымен, «Қазақ» ұлттық санаға жол салды. Соның бір көрінісі 1922 жылы Ташкентте айына бір рет «Шолпан» журналы шығып, авторлары ұлттың сөзін сөйлегенін байқаймыз. 1923 жылдың маусымына дейін небәрі 8 саны ғана жарық көрген «Шолпан» журналы шын мәнінде таң алдындағы Шолпан жұлдыздай жарқырағанын аңғару қиын емес. Және Шолпан жұлдызындай ғұмыры да қысқа болғаны басқа емес, отаршыл биліктің зәресін алғандығынан еді.
Бір жылға жетер-жетпес уақыт қазақ санасын көтеруге қызмет еткен басылым 2010 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасымен кітапқа түптелгенде үлкен екі томға айналыпты. «Алаш көсемсөзі» сериясымен шыққан қос томдықтан азаттық көксеген ұлтымыздың мінезі атой салады. Сол заманның өзінде ақырып теңдік сұраған Алаш арыстары мен зиялылардың білім-білігі мен қырағылығына қайран қаласыз. Сол білім қазірде жоқ емес-ау, Әлихан Бөкейханның мәселе мінез бен рухта дегені айна қатесіз сынды. Авторлардың батылдығы, халыққа, ұлтқа жақын болғаны, жаны ашығаны әрбір материалдан айқұлақтанады.
ХХ ғасырдың басында негізі қаланып, іргесі бекіген қазақ баспасөзі ұлтқа қызмет етудің негізгі тетіктерін көрсеткенін осы «Шолпан» секілді басылымдарды парақтағанда білінеді. «Ел дертінің себебін ұғып, емін біліп, енді қазақты оятып, күшін бір жерге жинап, патша саясатына қарсылық ойлап, құрғақ уайымнан да, бос сөзден де іске қарай аяқ басамыз деп талап қыла бастаған уақытқа келді. Бұл тұтынған жолында «Қазақ» газеті өз міндетін дөп атқарды» деп Мұхтар Әуезов басқа басылымда емес, дәл осы «Шолпанда» жазғаны кездейсоқ емес. Редакторы Иса Тоқтыбаев пен жекелеген авторлар сол заманда қазақ қоғамына не қажет, қандай бағыт керек, саясат, оқу-білім, әдебиет пен тарих, ғылым хақында, қоғамдық даму, шаруашылыққа қатысты, басқа да тақырыптардың бәрін қамтуға тырысқан. Мұның бәрін кейін реттеп тақырыптарға топтастырып, кітапқа бастырған профессор Намазалы Омашев екенін айтып өткен ләзім.
Басқа салаларды былай қойғанда, журналда Мұхтар Әуезовтің тұңғыш туындылары «Қыр суреттері», «Қыр әңгімелері», «Оқыған азамат», тарихи, әдеби сын зерттеулері, Мағжан Жұмабаевтың «Қорқыт», «Батыр Баян» поэмалары мен «Шолпанның күнәсі» әңгімесі, Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасы алғаш рет басылғаны үлкен жаңалық, айтулы оқиға дерлік. Осы шығармалардың арасында ақын Мағжанның поэмаларының орны ересен бөлек емес пе? Қорқыт тақырыбы – қазақ даласының ғана емес, күллі түркі мәдениетінің өзегіне айналған алтын жүлгесі. Ол заманда Қорқыт есімі халық жадынан өше қоймаса керек, сондықтан тыңнан кейіпкер алып келгеннен гөрі халықтың көкейіндегіні қайта маздатып қою – тарихи сананы ояту мен күрестің төте жолы. Сана мен рухты ояту арқылы күрескерлікке жол ашудың ең тиімді тәсілі. Ал «Батыр Баян» поэмасы қалай басылып кеткені ол кездің саясатымен қарағанда ақылға сыятын құбылыс емес. Поэма тарихи сана әлі ұйқыға бас қоймаған кезде Абылай заманын, Қазақ елінің дербес өмірін суреттейді. Тарихи батырларды, ақын-жыраулар мен ықпалды тұлғаларды, атамекен, жер-су атауларын өзгертпей сол қалпында тізбектегенімен құнды. Абылай заманындағы Қазақ мемлекеті көрінісінің тұтас сипаты тұр шығармада. «Күндердің бір күнінде хан Абылай, Қалмаққа (ойына алды) ойран салмақ», елдің еркі өзінде, тізгіні қолында. Халықты рухтандыратын мұндай шығармалар дер кезінде «Шолпан» журналы арқылы ел арасына тарап кетуі – отарлаушылар үшін қауіп тудыратын құбылыс. Мағжан шығармаларына кеңестік кезде барынша тыйым салынғанымен, халық арасына кең тарап, көкейінде сақталуының бір себебі де осындай газет-журналдардың пайдасы шығар. Әрине, көп себептің бірі есебінде.
«Шолпан» кешегінің баяны, өткеннің дерегі ғана десек, қателесеміз. Мұндағы ұлттық тәрбие, тілге қатысты кейбір мақалалар бүгін де өзекті. Атап айтсақ, журналдың алғашқы санында Сұлу батыр деген бүркеншік есіммен Сәкен Сейфуллиннің «Түркістанда халық ағарту ісі» тақырыбындағы мақаласы жарияланған. «Өткен күндерде Түркістан халық ағарту істері жаһангерлермен жүргізілген түрлі тәжірибелерді басынан өткізді. Әрине, ол жаһангерлердің түп мақсаты – ұсақ ұлттардың ұлттығын жойып, заң ресімін құртып, өз дініне кіргізбек еді (Мәселен, осы күні Алжирдегі француз школдары, англия школдары). Түркістандағы жергілікті орыс школдарының да көздеген мақсаты сол болды. Бұл жұмыстың сол бағытта екенін соңғы кездердегі шыққан жобалардан қарап, байқап тексермей-ақ, тарихи қимылынан һәм одан да гөрі солай екенін хүкімет тарапынан болған бұйрықтардан ап-анық білуге болады. Бұған Уфа ағарту министрінің 1870 жылда шығарған тәртіп құралдарын оқып көрмек керек. Соның 343-бабында, 835-бетінде мынадай дейді: «Әрине, бір жергілікті халықтың ортасына оқу халық ағарту ісінің жүргізіп отырғандағы мақсатымыз – ішімізде отырған бөтен халықтарды орыс қылып өзімізге қосып алмақ. Ұлттықты жойып, өзіне қосып алу деген жол бұдан артық қандай болады» деп үкіметтің орыстандыру саясатына қатты шүйлігеді. Орыс мектебінде білім алып, сол тілде ойлаған оқушылар әлі де толғандырады.
Журналды бастырушы «Түркістан коммунистер партиясының Кіндік (Орталық) комитеті» болып танылғанымен, алғашқы нөмірінен бастап редакция құрамы іске үлкен дайындықпен кіріскен. Бірінші санынан екінші-үшінші сандарына көшкен Мұхтар Әуезовтің «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» атты сериялық әдеби зерттеу мақаласы ерекше назар аудартады. «Бұл күнге дейін қазақтың жазба әдебиеті жайынан сөз жазушылардың көбі біздің жазба әдебиетіміздің басы Абайдан басталады деп есептейді. Бұл пікір суретті (худож. литература) ретінде қарағанда дұрыс болса да, әдебиет тарихының ретімен қарасақ, үлкен адасқандық болады. Қазақта жазба әдебиет Абайдан көп бұрын басталған. Бұл есепке көбінесе дін мақсатымен жазылған қиссаларды кіргізбесек те, айтыс өлеңдерін кіргізбеуге болмайды» деп бұған дейін, тіпті әлі күнге айтылып қалып жүрген пікірлерге күйрете соққы береді. Осындағы дін мақсатымен жазылған қиссалар дегенінің өзі оқырманға емеурін мен ымдау сияқты сезіледі. Қазақ даласында Түркістан төңірегінде Қазақ хандығы тұсында өмір сүрген шайырлардың көптеген жазба мұралары қалғаны белгілі. Соның бірі ретінде Ахмет Ясауидің ізін жалғаушы Мәулана Атаиді атаса да жеткілікті.
Ұлт баспасөзінің «Шолпаны» 8-санынан кейін «буржуазияшыл-ұлтшылдық қате тұжырымдарға жол берілген» деп жабылмауы мүмкін емес те. Сол кездің авторлары нені жазса да, халыққа пайдалысы мен зиянын, керегі мен қауіптісін тап басып, санасын өсіріп жіберетін болған соң отаршыларға ұнамасы анық қой. Мал шаруашылығы, жер телімдерін тиімді үйлестіру, тағы басқа ұсақ-түйектен ұлт ісіне дейінгі материалдардан көз тұнады. «Дарвин сөзінің негіздері», «Өсімдіктердің түзілуі», «Ауа», жаратылыс заңдарына қатысты қаншама жекелеген ғылыми материалдарды талдап, жіктеу үшін де сала маманы қажет. «Түркістан салықтары» атты мақаласында Күмісәлі Бөриев ашық салық пен жасырын салықтың бетін ашып береді. «Хүкімет жүз уақ малы һәм он бес, жиырма ірі қарасы бар орта шаруаға бір жылда сегіз, он сом салып алатын салығы ашық салық дейміз. Көрсетілген орта шаруа иесі бір жыл ішінде саудагерлерден 100 кез кездеме (кезі он тиыннан) һәм бес қадақ шай (қадағы бір жарым сомнан) сатып алынады десек, сол сатып алынған бұйымдарының үстінен саудагердің алатын бұйымдарының бағасынан һәм көретін пайдасынан басқа хүкіметке де жасырын салық төленеді. Оның себебі «жасырын салық» төленбегенде, саудагер жоғарыдағы бұйымдарды көрсетілген бағасынан арзанырақ сатар еді. Хүкімет саудагердің сататын бұйымдарына жасырын салық салғандықтан, саудагер ол айтқан бағамен сатпайды» дейді автор.
Біз журналдың бірінші-екінші санына жарияланған мақалалардың мыңнан бірін айтып отырмыз. «Алаш көсемсөзі» кітабының «Шолпан» журналына арналған 1-2 томын парақтағандар бұрынғы авторлардың қандай ақылман әрі батыл, білімдар болғанын түйсінер еді. Ондай батыл сын мен өткір пікірді қазіргілер айта алып жүр ме осы деген ойға қалғанымызды неге жасырайық? Сөзімізді басылымның 2-3 санындағы «Азаттықтың жолы осы» мақаласының үзіндісімен қорытындылаймыз: «Саяси азаттық – жерге иелену, мал шаруасын аяқтандыру, өнімді молайту майданында бәйге алуда қалды. Азаттықтың жолы енді осы. Тіршілікті орнықты жолға құрмай алған саяси азаттықтың жұғымы аз болады».
Бүгінгі қазақ ойлануға тиіс сөз!