Астанада «Елорда жастары» бағдарламасына өтінім қабылдау басталады. Жеңілдетілген несие 35 жасқа дейінгі мұғалімдер, дәрігерлер, журналистер, мәдениет, спорт, әлеуметтік және коммуналдық қызметкерлерге беріледі. Ол үшін жастар құжаттарын биыл 1-6 ақпан аралығында өткізуге тиіс. Ілкімді істің талап-ережесі қандай?
Бағдарлама «Отбасы банк» АҚ арқылы елордада бастапқы немесе қайталама нарықта пәтер сатып алуға мүмкіндік береді. Өтінімдерді қабылдау электронды түрде birge.astana.kz порталы арқылы жүзеге асырылады. Алайда банк небәрі 80 несие ғана береді. Шарт бойынша қарыздың ең жоғары сомасы – 18 млн теңге. Бастапқы жарна – 10, қарыз бойынша мөлшерлеме – жылдық 5 пайыз. Ал несиелеу мерзімі – 25 жылға дейін.
«Қатысушы Астана қаласында кем дегенде кейінгі бір жыл ішінде тұрақты тіркеуде болуы қажет. Әрі өтініш беру сәтіндегі қатысушының таңдалған саладағы ресми жұмыс өтілі кейінгі бір жылдан кем болмауға тиіс. «Отбасы банкінде» сатып алатын баспана құнының 10 пайызы, яғни 1 млн 800 мың теңге алғашқы жарнасы бар депозиті болуы керек. Өз атында баспанасы барлар бағдарламаға қатыса алмайды. Яғни бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің Қазақстан аумағы бойынша кейінгі 5 (бес) жыл ішінде сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйдің, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйдің немесе меншік құқығымен тұрғын үйдің (ерлі-зайыптылардың ортақ бірлескен меншігі, өтінішке енгізілетін отбасының басқа мүшелерімен бірлесіп ортақ үлестік меншік) болмауы маңызды. Отбасының әрбір мүшесіне кейінгі 6 ай үшін еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығын және өзге де міндетті аударымдарды есепке алмағанда) ең төменгі күнкөріс деңгейінің 6 еселенген шамасына дейінгі кірісінің болуы (260 442 теңге) да ескеріледі», деді Астана қаласы әкімдігі баспасөз хатшысы Ақмарал Олжабаева.
Қатысушыларды іріктеу ең жоғары балдан ең төмен балға есептеуді пайдалана отырып жүргізілмекші. Мәселен, таңдалған саладағы жұмыс өтілінің толық 1 жылы – 5 балл, толық емес жылы – 3 балл. Ескере кететіні, өтініш берушіде немесе жолдасы немесе жұбайында I, II, III топтағы немесе балаларда мүгедектіктің болуына 10 балл қосылады.