Назарбаев университеті президентінің кеңесшісі Қанат Байғариннің есімі ғылыми қауымдастыққа жақсы таныс. Отандық ғылымға қатысты пайымды ой-пікірін ірікпей айтатын ғалым газетіміздің сұрақтарына бүкпесіз жауап берді.
– Қанат Әбдуәліұлы, Мемлекет басшысы отандық ғылымға айрықша көңіл бөліп отыр. Кейінгі екі-үш жылда атқарылған жүйелі жұмыстар – осы сөзімізге дәлел. Ғылымға бөлінген грант та ұлғайды. Ғалымдар осындай игілікті қаншалықты сезініп отыр?
– Гранттың көбейгені рас. Бұл – өте дұрыс қадам. Дегенмен қаржыны игеру үшін де ғылыми әлеует керек. Мысалы, таныс ғалымдардың кейбірі «екі грант алдық, сол жеткілікті» дейді. Одан көбінің оларға қажеті де жоқ. Себебі уақыт тығыз. Үш жылда 2 жобаны алып шықса болғаны. Осы жерде бір мәселеге назар аударуымыз керек. Қазір ғылымға бөлінген грант жеткілікті, бірақ біздің адами әлеуетіміз төмендеу болып тұр. Сондықтан ғылымы дамыған елге айналамыз десек, ел азаматтарына ғана емес, шетелдерге де тартымды мемлекет болуымыз керек. Мықты мамандардың Қазақстанға келіп, ғылыммен айналысуына да мүмкіндік жасау маңызды. Ал ғылымға жайлы мемлекет сөзсіз өркендейді.
– Сіз айтқан мықты мамандарды тартудың жолы қандай?
– Белді ғалымдарды қызықтыру үшін жоғары жалақы ұсыну жеткіліксіз. Олар үшін ең бастысы – ғылыми инфрақұрылым. Өкінішке қарай, бізде ғылыми инфрақұрылым жақсы дамымаған. Бұған дейін осы бағытта бірнеше рет талпыныс жасалғанымен, нәтиже шамалы. Мысалы, Назарбаев университетінде ғылыми база құрылды. Алынған құрылғылардың бәрі жұмыс істеп тұр. Бірақ тұтас ел үшін бір ғана заманауи база аздық етеді. Мұндай орталықтардың бірнешеуі болғаны жөн. Ол үшін алдымен ғылымдағы басым бағыттарды айқындап алу қажет.
– Басым бағыттарға нені жатқызар едіңіз?
– Қазақстан – халқының саны 20 миллионға енді жеткен шағын ел. Өзімізді алып мемлекеттердің қатарына қоса алмаймыз. Бірақ үлкен болып қалу үшін ғаламда үлкен арман да керек. Ғылым бизнеске айналып, табыс әкелуі керек дейтіндер көп. Алайда іргетасы мықты ғылым ғана табыс әкелетініне ешкім ой жібере бермейді. Меніңше, біліктілікті арттыратын, сараптама жасайтын ғылыми базаны қалыптастыру қажет. Ғылыми сараптама үшін алдымен ғылыми іргетас болуы керек. Ал қолданбалы ғылымды дамыту үшін екі нәрсе керек: біріншісі – ғалымдар, екіншісі – ғалымдарға тапсырыс беретін бизнес. Сонда ғана өнертабыстар өндіріске еніп, табыс әкеле бастайды. Ал бизнеске ғылымды күштеп таңғаннан ештеңе шықпайды. Мәселен, басым бағыттың бірі – ғарыш кеңістігі. Ата-бабаларымыз ертеден-ақ жұлдыздардың тілін түсінген. Соның жемісі шығар, былтыр отандық ғалымдар керемет жаңалық ашты. Наурыз бен қарашада ғарышта болған екі бірдей гамма-ұшқындарды жұрттан бірінші болып бақылады. Екеуін де Түргендегі телескопымыз арқылы жергілікті ғалымдар бірінші болып көрді. Әлбетте, ғылым дегеніміз – интернационал әлем, онда шектеу жоқ. Дегенмен кез келген ғалым өз елі үшін жаңалық ашқысы келіп тұрады. Ғылымды өз еліңде дамыту мен басқа елге барып дамыту – екі бөлек дүние. Сол үшін өзіміздегі ғылыми базаны дамыту керек. Әрине, шетелдің мықты ғалымдарын да тартқан жөн. Нобель сыйлығын алған ғалымдар келсе, оның айналасында орта қалыптасады. Айталық, ғарыш зертханасын біз Нобель сыйлығының лауреатын шақыра отырып құрдық. Ол айналасына талантты адамдарды тартты. Міне, бұл – ғылыми ортаны құрудың бір мысалы.
– Сіз ғылыми база керек дейсіз. Бізде ғылыми институттар бар емес пе. Олардың базасы жеткіліксіз бе?
– Бізде ғылыми институттар жетерлік. Бірақ олардың 80 пайызында кеңестік кезеңнен қалған құрылғылар тұр. Ал бізге озық құрылғылармен жабдықталған база керек. Ғылымды қаржыландыру үлесін 10-15 жыл ішінде 0,3 пайыздан 3 пайызға көтеретін болсақ, онда қаражат инфрақұрылым мен құрал-жабдықтар үшін де бөлінгені жөн. Ерекше нәтижелер үшін алынатын құрылғылар да ерекше болуы керек. Мысалы, қазір әлемде 40-50 данасы бар стандартты микроскоп сатып алдыңыз делік. Алайда онымен басқалардан асып жаңалық аша алмайсыз. Әрі кетсе солардың жүргізіп жатқан зерттеулерін қайталайсыз. Болды. Сондықтан елден ерек жаңалық ашамыз десек, басқаларда жоқ құрылғыларды алуға ұмтылу қажет. Батыстың озық университеттерінің филиалдары ашылып жатыр. Бірақ онда, жалпы айтқанда, студенттерді оқыту әдіснамасы ғана беріледі. Ал ондағы студенттер ғылыммен қалай айналыспақ? Зертханалық жұмысты тек компьютермен жүргізу аздық етеді. Сол үшін ел ішінде инженерлік және техникалық негіз қалыптастыру маңызды. Қажетті ғылыми материалдар тапшылығы да – бір бөлек мәселе. Біз зертханалық жұмыстарға қажетті материалдарды шетелдерден тапсырыс береміз. Өзімізде өндірілмейді. Әсіресе биомедицинаға қажетті өте нәзік заттар Еуропадан, АҚШ-тан жеткізіледі.
– Шетелдің мықты ғалымдарын елге шақыруды ұсынып отырсыз. Алайда өзіміздің талантты қыз-жігіттер де шекара асып кетіп жатыр ғой. Бұған не дейсіз?
– Жалпы, талантты адамды үйде қамап ұстауға болмайды. Сіз айтқан құбылыстың басталғанына да көп жыл болды, әлі жалғасып жатыр. Айталық, біздің университетті бітірген түлектердің шамамен 30 пайызы шетелге кетті. Біразы бизнеске бет бұрса, біршамасы оқуын магистратурада, докторантурада жалғастырып жатыр. Оларға түсіністікпен қарау керек. Бұл үдерісті талантты жастарымыздың қарым-қабілетін ашатын, олардың әлеуетін пайдаланатын орта қалыптастыру арқылы ғана тоқтата аламыз. Ғылыми инфрақұрылым қажет дегенім де содан. Қазір бізде Азияның біраз елінен, Африка елдерінен келіп оқитын студенттер бар. Шетелдік студенттерді тарту бәсекелестікті арттырады. Олар өздігінен келмейді, қызықтыра білу керек. Жалпы, бұл – өркениетті елдердің көбіне тән құбылыс. Мәселен, АҚШ-тың тәжірибесіне қарайық. Мұнда шетелдік студенттерге де, ғалымдарға да жайлы орта қалыптасқан. Ондағы ғалымдардың 50 пайызы сырттан келгендер, бірақ АҚШ-тың ғылымына жұмыс істейді. Біздің азаматтар да ғылымы дамыған елдерге барсын, білім-білігін көтерсін. Түптің-түбінде елімізге қайта оралып, бәсекелестікті арттырады. Құр қол емес, жиған білімдерімен келеді, әлбетте.
– Қоғамда Назарбаев университетіне қатысты да түрлі пікір айтылады.
– Иә, қанша адам болса, сонша пікір болуы заңдылық. Бірақ айналада болып жатқан жағдайларға байыппен қарап, алған бағыттан айнымаған абзал. Университетті ашуға, оны дамытуға, қазіргі базасын қалыптастыруға қомақты қаржы жұмсалғаны рас. Соның нәтижесінде үлкен ғылыми орта қалыптасты. Бұл 30 жыл ішінде жүзеге асырылған ең табысты жобалардың бірі шығар, бәлкім. Екіншіден, әлемдегі ең атақты оқу орындарының тарихы 300-500 жылды құрайды, 1 мың жылға кететіндері бар. Назарбаев университеті 13-ке енді толды. Алда әлі қаншама жоба-жоспар тұр. Зымыран жерден енді көтерілген кезде оның ең белсенді жұмыс істейтін уақыты 70 секундқа тең. Одан кейін өзінің инерциясымен ұша береді. Біз қазір осы белсенді бөліктің үштен біріне келдік. Егер дәл қазір қолдау болмаса, ол ұша алмай, құлдилай бастайды. Енді ғана көтеріле бастаған кезде университеттің қанатын қиған дұрыс емес. Онда осыған дейінгі жұмсалған қаржы мен күш-жігердің бәрі желге ұшпақ. Өз инерциясымен одан әрі ұшып кету үшін әрі кетсе он жыл қажет. Тіпті одан да аз болуы мүмкін. Түлектер енді ғана аяқтанып, қанаттары қатайып келеді. Дәл қазір университетіміз үшін маңызды кезең туып отыр. Қоғам сыны әділ болса, сындарлы жауап беруге даярмыз. Бар нәрсені бұзу оңай, жаңадан салу қиын. Одан да университеттің тәжірибесін басқа оқу орындарында қолданған абзал.
– Істеріңізге сәттілік тілейміз.
Әңгімелескен –
Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»