Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Тәжікстанға ресми сапармен барып, осы елдің Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддинмен келіссөз жүргізді.
Сыртқы саяси салалардың басшылары жоғары деңгейдегі орнықты және сенімді саяси диалогтің арқасында Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы қатынастар өзара іс-қимылдың сапалы жаңа деңгейіне шығарылғанын атап өтті.
«Тәжікстан – сенімді стратегиялық серіктесіміз және одақтасымыз. Қазақстанда бауырлас тәжік халқына ерекше жылылықпен қарайды және көпқырлы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған», деді М.Нұртілеу.
Тараптар қазақ-тәжік ынтымақтастығының кең ауқымды мәселелерін талқылады. Сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге ерекше назар аударылды. Перспективалы жобаларды ілгерілету бойынша бірлескен жұмысты жандандыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
М.Нұртілеу сауда, энергетика, тау-кен және уран өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика салаларында өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуда қол жеткізілген прогресті атап өтті.
Қазақстан Тәжікстанның ірі сауда серіктестерінің «үштігіне» кіреді. Кейінгі жылдары екіжақты тауар айналымы миллиард доллардан асқан. М.Нұртілеу Қазақстан экспортты шамамен 190 млн доллар сомаға ұлғайтуға дайын екенін хабарлады. Соның ішінде теміржол локомотивтері мен вагондарын, рельс арқалық өнімдерін, ұнды жеткізуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ кооперациялық байланыстарды дамыту үшін барлық қажетті жағдайларды жасау қарастырылған.
Цифрлық технологиялар ынтымақтастықтың жаңа драйверіне айналды. Өткен жылдың желтоқсан айында Қазақстан «KazAID» агенттігі арқылы тәжік тарапына 2,8 миллион долларға eGov платформасының IT өнімдерін берді. Тараптар осы бағыттағы өзара іс-қимылды одан әрі ілгерілетуге уағдаласты. Жақын арада Қазақстанның озық IT-мектептерінде 100 тәжік маманын оқыту жоспарланып отыр. Өз кезегінде Тәжікстанның Сыртқы істер министрі С.Мухриддин одақтастық қатынастарды тереңдетуге бейілділігін білдіріп, сауда-экономикалық бағыт тәжік-қазақ өзара іс-қимылының маңызды сегменті екенін атап өтті.
Келіссөздер барысында сыртқы саяси салаларының басшылары халықаралық және өңірлік күн тәртібі мәселелері бойынша ортақ мәмілеге келді. Тараптар көпжақты құрылымдар, оның ішінде БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ, ИЫҰ, АҚИҰ, ХАҚҚ және тағы басқа ұйымдар шеңберінде өзара қолдау көрсетуді жалғастырады.
Министрлер өңірлік кооперацияны дамытуға, Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту жөніндегі бірлескен күш-жігерге, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері мен Халықаралық Аралды құтқару қоры аясындағы өзара іс-қимылға егжей-тегжей тоқталды.
Екіжақты күн тәртібінің маңызды бөлігі – мәдени-гуманитарлық сала. Білім, ғылым, мәдениет, медицина және спорт саласындағы өзара іс-қимылды арттыру бойынша ұсыныстар алмасты. Тараптар биыл Тәжікстанда Қазақстанның мәдениет күндерін өткізу жоспарларын белгіледі. Қазақстандық тарап «KazAID» агенттігі жақын арада Орталық Азия елдерінен келген жас дипломаттар үшін білім беру курстарын және медицина қызметкерлері үшін тағылымдамалар ұйымдастыратынын хабарлады.
Министр М.Нұртілеу Душанбеде Тәжікстанның ірі компанияларының басшыларымен жеке кездесу өткізіп, қазақ серіктестерімен, оның ішінде бірлескен кәсіпорындар құру арқылы белсенді өзара іс-қимыл жасасуға шақырды. Сапар аясында Қазақстанның Сыртқы істер министрі Исмоил Сомони ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысып, Тәжікстанның Ұлттық мұражайына барып қайтты.
Ресми сапардың екінші күні Мұрат Нұртілеу бастаған Сыртқы істер министрлігінің делегациясы Қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің монументіне гүл шоқтарын қойды.
Қазақстандық батырларды еске алу іс-шарасына тәжік тарапының өкілдері, оның ішінде Тәжікстанның МҰҚК Шекара әскерлерінің ардагерлері мен зейнеткерлері кеңесінің төрағасы генерал-лейтенант Сафарали Сайфуллоев, сондай-ақ елордалық мэрия басшылығы қатысты.
Қазақстанның Сыртқы саяси саласының басшысы Душанбе қаласының басшылығына монументке ұқыпты қарағаны үшін алғыс айтып, азаматтарымыздың ерліктерін есте сақтауда одан әрі ынтымақтастыққа үміт білдірді.