Премьер-министр Әлихан Смайылов «Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы» қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазақстан қоғамын одан әрі демократияландыру, елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы халықтың хабардар болуын арттыру, атқарушы органдардың халық алдындағы жауапкершілігі мен есептілігін күшейту, халықты мемлекеттік басқару процесіне кеңінен тарту мақсатында Үкімет қаулы қабылдады.
Орталық атқарушы органдар (Қазақстан Республикасының Қорғаныс, Сыртқы істер, Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Әділет министрліктерін қоспағанда):
- Жергілікті атқарушы органдармен келісу бойынша бірінші басшылар үшін тоқсанына бір реттен кем болмайтын кезеңділікпен жыл бойы халықпен тұрақты кездесу өткізіп тұрсын;
- Халықпен кездесу өткізу үшін өңірді таңдаған кезде салалық проблемалар мен жергілікті жерлерде көтерілетін мәселелерді ескерсін;
- Әлеуметтік шиеленіс қаупі болжанса не туындаса, бірінші басшылардың осы өңірдің тұрғындарымен міндетті түрде графиктен тыс кездесулер өткізуін қамтамасыз етсін;
- Тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 10-шы күнінен кешіктірмей, ақпаратқа қол жеткізу саласындағы уәкілетті органға өткізілген кездесулер бойынша жалпыланған ақпарат жіберіп тұрсын.
Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдіктері кездесулер өткізуді ұйымдастыруда орталық атқарушы органдарға ұйымдастырушылық, ақпараттық және техникалық қолдау көрсетсін.
Ақпаратқа қол жеткізу саласындағы уәкілетті орган:
- Жарты жылда бір рет, 15 желтоқсан мен 15 маусымға дейін орталық атқарушы органдармен келісу бойынша халықпен кездесулердің алдағы жартыжылдыққа арналған графигінің жобасын бекіту үшін Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізуді;
- Халықпен кездесулер өткізу тәртібін бекітуді және орталық атқарушы органдардың назарына жеткізуді;
- Жарты жылда бір рет, 15 маусым мен 15 желтоқсанға дейін орталық атқарушы органдар басшыларының кездесу өткізуінің қорытындылары туралы ақпаратты Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратына енгізуді қамтамасыз етсін.